Әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие, сапалы білім беру – заман талабы. Осы орайда, инклюзивті білім беру мәселесі әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Бүгінде «Nur Otan» партияcының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осы жұмыстарды жүйеге келтіру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Қазіргі кезде партия жанында арнайы Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Партияның аймақтық және аумақтық филиалдарында да арнайы топтар құрылған. Қызылорда қалалық партия филиалына қарасты арнайы топ өкілдері кезекті рет мектеп жасындағы үйден білім алатын, мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізіп қайтты. Жасыратыны жоқ, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалардың арнайы мамандар жоқ мектептерде білім алып, бағдарламаны игеру сапасы төмен болатыны ақиқат. Мұның салдары үйден білім алатын оқушылар санының көбеюіне де әкеліп отыр. Сондай-ақ 2015 жылға дейін үйден білім алатын балалардың басым бөлігі жүрек, бүйрек, бауыр, лейкемия секілді сомматикалық сырқаттармен ауыратын болса, бүгінгі күні психикалық дамуы тежелген, көру, есту, сөйлеу қабілеті бұзылған балалар да үйден білім алуда. Мониторинг жұмыстарының негізгі мақсаты – үйден білім алатын балалардың кедергісіз білім алуын қадағалау, қажетті техникамен қамтамасыз етілуін бағамдау болғандықтан, негізгі міндет толықтай орындалды. Топ мүшелері олардың ата-аналарының ұсынысын тыңдап, инклюзивті білім беру жүйесіне қатысты кеңес берді.Ә.ЖАСАН