Мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың алғаш қолға ұстайтын кітабы – «Әліппе» әрдайым қымбат. «Барша-барша ғылымың «Әліппеден» басталар!» деп оны қадір тұтамыз. Дегенмен білім реформасы аясында Білім және ғылым министрлігі оны жойып, орнына «Сауат ашу» пәнін енгізген еді. Енді халықтың қарсылығы және табанды талап етуі арқасында «Әліппе» ортаға оралды: БҒМ оның оқу бағдарламасын бекітті.
Келесі 2021-2022 оқу жылында 1-сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Осы орайда, тілтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, әдіскерлер мен педагогтер «Әліппе» оқу бағдарламасын әзірлеп шығыпты. Сондай-ақ осы бағытта бұрыннан жинақталған тәжірибе де іске жаратылған: бұрынғы жылдардағы «Әліппе» бағдарламалары мен оқулықтарының авторлары да жұмысқа тартылыпты. Оқу бағдарламасын әзірлеуде алғашқы «Әліппенің» негізін қалаушы, қазақ халқының көрнекті ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізге алынды. Енді келесі жылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары алғашқы 2 тоқсанда «Әліппе», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Ана тілін» оқитын болады. «Әліппе» оқу бағдарламасының басты мақсаты – 1-сынып оқушысын оқу, жазу, ауызша және жазбаша сөйлемдер құрастыруға үйрету. Оқу бағдарламасында әріптер мен дыбыстар реті, буындағы дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі, балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сараптамадан өткен оқулықтар 2021-2022 жаңа оқу жылында оқу процесіне енгізілетін болады. – Жұмыс тобы ғалымдармен бірлесіп 20-дан астам отырыс өткізді. Процестің әр кезеңін министр А.Аймағамбетов жеке өзі қадағалап отырды. Нәтижесінде, «Әліппе» оқу бағдарламасы бекітілді. Оқулықтар дайындалғаннан кейін қосымша сараптама жүргізіледі. Біз апробация жүргізілетін мектептердің тізімін анықтадық. Жалпы, барлық мектептерде жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары «Әліппені» оқитын болады, – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова. Сондай-ақ орыс тілінде білім алатын 1-сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап алғашқы 2 тоқсанда «Букварь», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Обучение грамоте» пәндерін оқитын болады. «Букварь» оқулығын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы да өз жұмысын аяқтап, оқу бағдарламасы бекітілді. Ол оқулық бойынша да сынақ-апробация жүргізіледі.Айхан ШӘРІП