Сиыр санаған Экология министрлігі
Сиыр санаған Экология министрлігі
134
оқылды

Эко­логтар жер қызуының күрт көтерілуіне сиырлар мен кү­ріш алқаптарын кінәлайды. Ең көп метан газын солар бө­летін көрінеді. Болашақта эко­­логтар қазақтың ет және палау жеуімен белсенді кү­ресе бастауы мүмкін. Айт­пақшы, осы күрестің алғашқы белгілері жаңа Экологиялық кодексте көрініс таппақ. Құ­жатты Мәжіліс бірінші оқы­лымда қабылдады.

Сиырдай салмақты сарапшы болса...

Жаһандық жылыну және парник газының артуы адамзаттың түбіне жетеді. Жалпы, парник газының ұл­ғаюына адам мен ауыл шаруа­шы­лығының үлесі әртүрлі ғылыми дерек көзінде әртүрлі бағаланады. Мысалы, АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің есеп­теуінше, көміртегі қостотығының (CO2) шығарындысындағы агро­сектордың үлесі 5,8% ғана. Еуро­палық ғалымдар «барлық ауыл шаруашылығы саласының үлесі – 51%-ға дейін жетеді» дейді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Әлемдік ресурстар институтымен (WRI) бірлесіп, зерт­тей келе, бұл көрсеткіштің 14-18% аралығында екенін анықтаған. Кө­ліктердің шығарындысының үлесі бәрібір аз – 13,5%. Осы даулы пікірлерге құлақ қойған түрі ме, еліміздің Экология министрлігі әр үйдің қорасындағы малын тізімдеп, бақылауға алуға, егер саны 100-ден асса, алым салуға ұйғарыпты. Бұл – жаңа Экологиялық кодекс жобасының ең бір даулы тұсы. Құжатта ІІІ санат нысандарына 100 басқа дейінгі сиыры, жылқысы, қой-ешкісі, шошқасы, тауығы бар шаруашылықтар, зообақтар жат­қызылып отыр. Олар қоршаған ор­­таға зиянды ықпалын дек­лара­ция­лауы тиіс. Олай жасамаса, әкім­шілік жазаға тартылып, айыппұл салы­нады. Декларацияға шыға­рынды, ластаушы заттар пен қал­дықтардың түрі және көлемі секілді мәліметтер жазылуы керек. Әрине, «100-ге дейінгі» деген межеге 1 сиыр не тауығы бар отбасылар да кіретіні мәлім. Бұған қарсы болған депу­таттар бірер малы бар ауыл­дықтарды декларациямен қина­мауды талап етті. Әйтпесе, айыппұл төлемеу үшін жұрт қолындағы бар малын сойып тастауы мүмкін. Онда ауыл шаруа­­шылығы құрдымға құлди­лайды. – Қарағанды облысының Ұлытау ауданы тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оны декларациялау үшін ол облыстық әкімдіктің табиғи ре­сурстар басқармасына баруы керек. Яғни, 5 емес-ау, жалғыз тауы­ғын декларациялау үшін ол 700 ша­­қырымға сапар шегуі қажет. Әлбетте, бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін түсініп алу керек. Осы заң жобасын оқыған кезде ойлайсың: бұл нор­маны жазған адам ауылда болды ма? Шіркін, осы норманы жазған ма­манды екі-үш айға ауылда тұруға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиыр айырмашылығын түсінер еді, – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығ­матулин.

Жаңа кодекс нендей жаңалық әкелмек?

Экологиялық кодекстің өмірге жолдама алар күні алыс емес: Пар­ламент жыл соңына дейін қабылдап тастамақ ниетте. Жобаны талқылау депутаттар, сарапшылар және биз­нес қауымдастық арасында қызу пікірталас, айтыс-тартыс тудырды. Ел Президентінің өзі биылғы Жол­дауында кодекс жайына жеке тоқ­талды. Жаңалығы жетерлік. Біріншіден, барлық «мусоровоз» қозғалысы қатаң бақылауға алы­нады. –Заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шы­ғаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көз­делген, – деді министр М.Мыр­заға­лиев. Қазақстанды қоқыс басып барады: оны тасушылар кез келген жерге аудара салады. Министрлік 2019 және 2020 жылдары «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компа­ния­сымен бірге 3 мегаполис, 14 об­лыс орталығы және 6 қала – Са­рыағаш, Жетісай, Балқаш, Жез­қазған, Семей және Лисаковск айналасындағы заңсыз қоқыс орын­дарын ғарыштан жер серігімен іздепті. Нәтижесінде, екі жылда қоқыс тау болып үйіліп қалған 7 632 заңсыз полигонды тапты. Содан өңір әкімдіктерімен бір­лесе оларды жою жөнінде кестеге қол қойған. Әзірге, 5 228 үйінді ғана жойылды. Екіншіден, кодексте жаңадан жиналатын қалдықтарды азайтуға бағытталған нормалар бар. «Қалалар қалдықтарды ең алдымен қайта пай­далануы, өңдеуі, кәдеге жаратуы қажет. Тек содан кейін полигонға апарып, көмуге рұқсат етіледі», – деді Экология министрі. Мысалы, елордада қоқыстың көбін құрылыс компаниялары шығарады. Олар тұрғын үй кешенін салудан қалған құрылыс мате­риалдарын тегіс полигонға тастайды. Оның арасындағы сынбаған кірпіш-шлакобетондарды, бүтін ағаш дайын­дамаларын, шамалы ақауы ғана бар есіктерді және басқасын жеке бөліп алса, халыққа тегін та­ратса, одан қаншама жаңа үйді тұрғызуға болар еді. сиыр Үшіншіден, кодекс «озық қол­­жетімді технологияларды» (ОҚТ, орысша нұсқасы – наилучшие доступные технологий) енгізу ар­­қасында еліміздегі экологиялых ахуалды жақсартуды қарастырады. – Қазақстанда мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды ОҚТ-ға ауыстыру жоспарланған. Айта кетейік, дәл осы елу кәсіпорынға жалпы ластанудың 80%-ы тиесілі! – деді Мағзұм Мырзағалиев. Төртіншіден, қоршаған ортаға, ауаға шығарынды шығарғаны немесе экологияны бүлдіргені үшін ком­паниялар, жер қойнауын пайда­лану­шылар төлейтін миллиардтаған төлемдер бұдан былай толығымен табиғат қорғау іс-шараларына бағытталуы тиіс. Қолданыстағы заң­намада эмиссия үшін түскен төлемді мақсатты жеріне жұмсау міндет­телмеген. Салдарынан, жер­гілікті әкімдіктер осы қаражаттың тек 45%-ын ғана табиғат қорғауға бөліпті. Кодекс қабылданған соң оны эко­логияға келген зардаптарды жойып, қоршаған ортаны қалпына келтіруге 100% бағыттау талабы енгізіледі. – Жыл сайын бюджеттерге ша­мамен 110 миллиард теңге осын­дай қаражат түседі. Осы ақ­шаның ны­саналы бағыты болма­ғандықтан, әкімдер онымен бюджеттің кіріс бөлігін толықтырады немесе оны жергілікті өткір әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге жұмсап жібереді. Екі ортада ластанған және қалпына келтіру шаралары жүргізілмеген табиғат зардап шегеді, – дейді Мә­жілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мү­шесі Шавхат Өтемісов. Инвесторға қанша мың тонна у төгуге рұқсат? Жаңа Экологиялық кодекстің тағы бір жаңалығы сол ол барлық кәсіпорындарды 4 санатқа бөлмек. І санатқа көп ластайтын ірі кәсіп­орындар енеді, оларға қатысты «қор­шаған ортаға әсерін бағалау» (ҚОӘБ) жүргізіледі. Бұлардың қол­даныстағы тізбесі қайта қаралады және тек экологиялық қауіпті ны­сандарға баса назар аударылады. ҚОӘБ-тің барлық төрт кезеңіне қоғам өкілдері қатыстырылады. ІІ санаттағы объектілер скри­нингтен өтеді. Яғни, әлгіндей ба­ғалауды жүргізу қажет не қажет емесі анықталады. ІІІ санаттағы нысандарға тек декларация тапсырып тұрса, жет­кілікті. Бұл қатарға мал шаруа­шылығы, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қоршаған ортаны елеусіз ластайтын өзге де кәсіпорындар кірмек. IV санаттағы объектілер рет­теуден толық босатылады: бұлар – автожуу, автокөлік жөндеу орын­дары, мейрамхана-тойхана, қо­ғамдық тамақтану орындары, қуат­тылығы аз қазандықтар, микро­бизнес өкілдері және басқасы. Алайда декларациямен-ақ құты­латын ІІІ санатқа минералды тыңайтқыштар өндіретін, плас­тик­тен бұйым жасайтын химиялық сипаттағы кәсіпорындар да қосылып кетіпті. Егер оларда апат болса, өрт туындаса, қоршаған ортаға үлкен залал келмек. Депутаттар аталған санатта құс фабрикаларының да жүргеніне таң­данды: «Олардың қасынан өте қалсаңыз, машинаның терезесін 15 шақырым ұзағанша аша алмайсыз: күлімсі иісі қолқаны қабады». Сондықтан Мәжіліс министрлікпен бірге отырып, екінші оқылымға дейін Экологиялық кодексті қайта пысықтап, жетілдіруі тиіс. «Атамекен Эко» ұйымының төрағасы, министрліктің эко-ам­бассадоры Арман Хайруллин баба мирас етіп қалдырған қазақ жерін кейінгі ұрпаққа әлдеқайда ластанған күйде қалдыратынымызға қын­жы­лады. – Кейінгі жылдары қоғамдық тыңдаулар формальді, ештеңе шеш­пейтін, қауқарсыз құралға айналды. Мысалы, былтырғы 20 желтоқсанда Мақат ауданында жылына 1 миллиард текше метр өнімділіктегі газ дайындау зауыты құрылысына қатысты «қоғамдық тыңдау» өтті. Залда жергілікті әкімдік пен мүдделі тарап қызметкерлерінен бөгде ешкім болмаған. Бірде-бір қоғам белсендісі, экологиялық белсенді бармаған. Мұны бізге жергілікті тұрғындар айтты. Себебі хабарлама «Мақат» газетінде басылды. Сөйтіп, Мақат ауданының және Атырау қаласының тұрғындары өз өміріне әсер етер маңызды жобаны талқылаудан тыс қалды. Енді қолдарын кеш сермеп, тыңдауды «өтпеді» деп тануды сұрап жатыр. Өйткені зауыттың барлық шығарындылары – жыл сайын 250 тонна улы қоспа жел қозғалысы бағытымен облыс орталығына қарай жөңкіледі, – дейді ол. Сарапшы осы жобамен таныса келе, жаға ұстағанын айтады: «Ауаға және топыраққа күкіртті сутек, азот диоксиді, бензол қоспалары және басқа да улы заттар молынан сің­бек». «Жаңа Экологиялық кодекс жобасында біз осы олқылықтың орнын толтырып, ҚОӘБ қар­саңында кең ауқымды ақ­параттық жұмыс жүргізуді ұсындық. Қо­­ғамдық тың­­дауға «кеңесші» мәр­тебесі берілуі, оның шешімі тіпті жобадан бас тартуға да әсер етуі керек. Бүгінде Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға эмиссия жа­саудың тым үлкен ли­миттерін ұсы­нуда. Содан олар еркінсіп, халық денсаулығына мұрын шүйіре қа­райды. Олардың озық техно­ло­гияларды енгізуге деген ынтасы шамалы, – дейді Арман Хайруллин. Оның мәліметінше, ТШО биыл­­ғы І жартыжылдықта қоршаған ортаны 28,073 мың тонна зиянды затпен ластаған. Мұнай алпауытына Экология министрлігі жыл бойы удың 120,537 мың тоннасын тас­тауға рұқсат еткен! Қашаған, Қа­ламқас, Қайраң, Ақтоты секілді бес кен орнын игеруші NCOC-қа 108,348 мың тонна лимит берілген, ком­пания әзірге оның 11,6 пайызын пайдаланыпты. Атырау МӨЗ-і жар­ты­жылдықта айналасына 6,025 мың тонна улы зат лақтырды. Оған Үкі­мет бір жыл ішінде 20,123 мың тонна затпен улауға мүмкіндік ұсыныпты. Эко-белсенді барлық ірі кә­сіпорындарда жағдай осындай дейді. Басқа сөздің бәрі артық...

АйханАйхан ШӘРІП