Экологтар жер қызуының күрт көтерілуіне сиырлар мен күріш алқаптарын кінәлайды. Ең көп метан газын солар бөлетін көрінеді. Болашақта экологтар қазақтың ет және палау жеуімен белсенді күресе бастауы мүмкін. Айтпақшы, осы күрестің алғашқы белгілері жаңа Экологиялық кодексте көрініс таппақ. Құжатты Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдады.
Сиырдай салмақты сарапшы болса...
Жаһандық жылыну және парник газының артуы адамзаттың түбіне жетеді.
Жалпы, парник газының ұлғаюына адам мен ауыл шаруашылығының үлесі әртүрлі ғылыми дерек көзінде әртүрлі бағаланады. Мысалы, АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің есептеуінше, көміртегі қостотығының (CO2) шығарындысындағы агросектордың үлесі 5,8% ғана. Еуропалық ғалымдар «барлық ауыл шаруашылығы саласының үлесі – 51%-ға дейін жетеді» дейді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Әлемдік ресурстар институтымен (WRI) бірлесіп, зерттей келе, бұл көрсеткіштің 14-18% аралығында екенін анықтаған. Көліктердің шығарындысының үлесі бәрібір аз – 13,5%.
Осы даулы пікірлерге құлақ қойған түрі ме, еліміздің Экология министрлігі әр үйдің қорасындағы малын тізімдеп, бақылауға алуға, егер саны 100-ден асса, алым салуға ұйғарыпты. Бұл – жаңа Экологиялық кодекс жобасының ең бір даулы тұсы.
Құжатта ІІІ санат нысандарына 100 басқа дейінгі сиыры, жылқысы, қой-ешкісі, шошқасы, тауығы бар шаруашылықтар, зообақтар жатқызылып отыр. Олар қоршаған ортаға зиянды ықпалын декларациялауы тиіс. Олай жасамаса, әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынады. Декларацияға шығарынды, ластаушы заттар пен қалдықтардың түрі және көлемі секілді мәліметтер жазылуы керек. Әрине, «100-ге дейінгі» деген межеге 1 сиыр не тауығы бар отбасылар да кіретіні мәлім. Бұған қарсы болған депутаттар бірер малы бар ауылдықтарды декларациямен қинамауды талап етті. Әйтпесе, айыппұл төлемеу үшін жұрт қолындағы бар малын сойып тастауы мүмкін. Онда ауыл шаруашылығы құрдымға құлдилайды.
– Қарағанды облысының Ұлытау ауданы тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оны декларациялау үшін ол облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар басқармасына баруы керек. Яғни, 5 емес-ау, жалғыз тауығын декларациялау үшін ол 700 шақырымға сапар шегуі қажет. Әлбетте, бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін түсініп алу керек. Осы заң жобасын оқыған кезде ойлайсың: бұл норманы жазған адам ауылда болды ма? Шіркін, осы норманы жазған маманды екі-үш айға ауылда тұруға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиыр айырмашылығын түсінер еді, – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Жаңа кодекс нендей жаңалық әкелмек?
Экологиялық кодекстің өмірге жолдама алар күні алыс емес: Парламент жыл соңына дейін қабылдап тастамақ ниетте. Жобаны талқылау депутаттар, сарапшылар және бизнес қауымдастық арасында қызу пікірталас, айтыс-тартыс тудырды. Ел Президентінің өзі биылғы Жолдауында кодекс жайына жеке тоқталды. Жаңалығы жетерлік.
Біріншіден, барлық «мусоровоз» қозғалысы қатаң бақылауға алынады.
–Заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген, – деді министр М.Мырзағалиев. Қазақстанды қоқыс басып барады: оны тасушылар кез келген жерге аудара салады. Министрлік 2019 және 2020 жылдары «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен бірге 3 мегаполис, 14 облыс орталығы және 6 қала – Сарыағаш, Жетісай, Балқаш, Жезқазған, Семей және Лисаковск айналасындағы заңсыз қоқыс орындарын ғарыштан жер серігімен іздепті. Нәтижесінде, екі жылда қоқыс тау болып үйіліп қалған 7 632 заңсыз полигонды тапты. Содан өңір әкімдіктерімен бірлесе оларды жою жөнінде кестеге қол қойған. Әзірге, 5 228 үйінді ғана жойылды.
Екіншіден, кодексте жаңадан жиналатын қалдықтарды азайтуға бағытталған нормалар бар. «Қалалар қалдықтарды ең алдымен қайта пайдалануы, өңдеуі, кәдеге жаратуы қажет. Тек содан кейін полигонға апарып, көмуге рұқсат етіледі», – деді Экология министрі.
Мысалы, елордада қоқыстың көбін құрылыс компаниялары шығарады. Олар тұрғын үй кешенін салудан қалған құрылыс материалдарын тегіс полигонға тастайды. Оның арасындағы сынбаған кірпіш-шлакобетондарды, бүтін ағаш дайындамаларын, шамалы ақауы ғана бар есіктерді және басқасын жеке бөліп алса, халыққа тегін таратса, одан қаншама жаңа үйді тұрғызуға болар еді.
Үшіншіден, кодекс «озық қолжетімді технологияларды» (ОҚТ, орысша нұсқасы – наилучшие доступные технологий) енгізу арқасында еліміздегі экологиялых ахуалды жақсартуды қарастырады.
– Қазақстанда мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды ОҚТ-ға ауыстыру жоспарланған. Айта кетейік, дәл осы елу кәсіпорынға жалпы ластанудың 80%-ы тиесілі! – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Төртіншіден, қоршаған ортаға, ауаға шығарынды шығарғаны немесе экологияны бүлдіргені үшін компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар төлейтін миллиардтаған төлемдер бұдан былай толығымен табиғат қорғау іс-шараларына бағытталуы тиіс. Қолданыстағы заңнамада эмиссия үшін түскен төлемді мақсатты жеріне жұмсау міндеттелмеген. Салдарынан, жергілікті әкімдіктер осы қаражаттың тек 45%-ын ғана табиғат қорғауға бөліпті. Кодекс қабылданған соң оны экологияға келген зардаптарды жойып, қоршаған ортаны қалпына келтіруге 100% бағыттау талабы енгізіледі.
– Жыл сайын бюджеттерге шамамен 110 миллиард теңге осындай қаражат түседі. Осы ақшаның нысаналы бағыты болмағандықтан, әкімдер онымен бюджеттің кіріс бөлігін толықтырады немесе оны жергілікті өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсап жібереді. Екі ортада ластанған және қалпына келтіру шаралары жүргізілмеген табиғат зардап шегеді, – дейді Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов.
Инвесторға қанша мың тонна у төгуге рұқсат?
Жаңа Экологиялық кодекстің тағы бір жаңалығы сол ол барлық кәсіпорындарды 4 санатқа бөлмек. І санатқа көп ластайтын ірі кәсіпорындар енеді, оларға қатысты «қоршаған ортаға әсерін бағалау» (ҚОӘБ) жүргізіледі. Бұлардың қолданыстағы тізбесі қайта қаралады және тек экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылады. ҚОӘБ-тің барлық төрт кезеңіне қоғам өкілдері қатыстырылады.
ІІ санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, әлгіндей бағалауды жүргізу қажет не қажет емесі анықталады.
ІІІ санаттағы нысандарға тек декларация тапсырып тұрса, жеткілікті. Бұл қатарға мал шаруашылығы, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қоршаған ортаны елеусіз ластайтын өзге де кәсіпорындар кірмек.
IV санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады: бұлар – автожуу, автокөлік жөндеу орындары, мейрамхана-тойхана, қоғамдық тамақтану орындары, қуаттылығы аз қазандықтар, микробизнес өкілдері және басқасы.
Алайда декларациямен-ақ құтылатын ІІІ санатқа минералды тыңайтқыштар өндіретін, пластиктен бұйым жасайтын химиялық сипаттағы кәсіпорындар да қосылып кетіпті. Егер оларда апат болса, өрт туындаса, қоршаған ортаға үлкен залал келмек.
Депутаттар аталған санатта құс фабрикаларының да жүргеніне таңданды: «Олардың қасынан өте қалсаңыз, машинаның терезесін 15 шақырым ұзағанша аша алмайсыз: күлімсі иісі қолқаны қабады». Сондықтан Мәжіліс министрлікпен бірге отырып, екінші оқылымға дейін Экологиялық кодексті қайта пысықтап, жетілдіруі тиіс.
«Атамекен Эко» ұйымының төрағасы, министрліктің эко-амбассадоры Арман Хайруллин баба мирас етіп қалдырған қазақ жерін кейінгі ұрпаққа әлдеқайда ластанған күйде қалдыратынымызға қынжылады.
– Кейінгі жылдары қоғамдық тыңдаулар формальді, ештеңе шешпейтін, қауқарсыз құралға айналды. Мысалы, былтырғы 20 желтоқсанда Мақат ауданында жылына 1 миллиард текше метр өнімділіктегі газ дайындау зауыты құрылысына қатысты «қоғамдық тыңдау» өтті. Залда жергілікті әкімдік пен мүдделі тарап қызметкерлерінен бөгде ешкім болмаған. Бірде-бір қоғам белсендісі, экологиялық белсенді бармаған. Мұны бізге жергілікті тұрғындар айтты. Себебі хабарлама «Мақат» газетінде басылды. Сөйтіп, Мақат ауданының және Атырау қаласының тұрғындары өз өміріне әсер етер маңызды жобаны талқылаудан тыс қалды. Енді қолдарын кеш сермеп, тыңдауды «өтпеді» деп тануды сұрап жатыр. Өйткені зауыттың барлық шығарындылары – жыл сайын 250 тонна улы қоспа жел қозғалысы бағытымен облыс орталығына қарай жөңкіледі, – дейді ол.
Сарапшы осы жобамен таныса келе, жаға ұстағанын айтады: «Ауаға және топыраққа күкіртті сутек, азот диоксиді, бензол қоспалары және басқа да улы заттар молынан сіңбек».
«Жаңа Экологиялық кодекс жобасында біз осы олқылықтың орнын толтырып, ҚОӘБ қарсаңында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді ұсындық. Қоғамдық тыңдауға «кеңесші» мәртебесі берілуі, оның шешімі тіпті жобадан бас тартуға да әсер етуі керек. Бүгінде Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға эмиссия жасаудың тым үлкен лимиттерін ұсынуда. Содан олар еркінсіп, халық денсаулығына мұрын шүйіре қарайды. Олардың озық технологияларды енгізуге деген ынтасы шамалы, – дейді Арман Хайруллин.
Оның мәліметінше, ТШО биылғы І жартыжылдықта қоршаған ортаны 28,073 мың тонна зиянды затпен ластаған. Мұнай алпауытына Экология министрлігі жыл бойы удың 120,537 мың тоннасын тастауға рұқсат еткен! Қашаған, Қаламқас, Қайраң, Ақтоты секілді бес кен орнын игеруші NCOC-қа 108,348 мың тонна лимит берілген, компания әзірге оның 11,6 пайызын пайдаланыпты. Атырау МӨЗ-і жартыжылдықта айналасына 6,025 мың тонна улы зат лақтырды. Оған Үкімет бір жыл ішінде 20,123 мың тонна затпен улауға мүмкіндік ұсыныпты. Эко-белсенді барлық ірі кәсіпорындарда жағдай осындай дейді.
Басқа сөздің бәрі артық...
Айхан ШӘРІП