Күз – аурудың қозып, жүйке жүйесі сыр беріп, эмоцианалды күйзеліске түсетін кез. Соңғысын, күйзеліс жайын көп қозғағанымызбен, жүйке жүйесі аурулары мен оны емдеу жолдары туралы жиі айтпаймыз. Жалпы, психикалық ауруды емдеуге бола ма? Оның қанша түрі бар? Балалар мен жасөспірімдердің неден сақтанғаны жөн?
Елімізде психикалық денсаулық «қазаны» жабулы күйде тұрады. Арасында араластырып тұрғанмен, дәмін көруге жүрексінетіндер көп. Әрі ауруханалармен байланысу жағы да бөлек әңгіме. Психикалық емдеу орталығы дәрігерлерінен жөн сұрау үшін жергілікті басқару мекемелерінен рұқсат алу керегі тағы бар. Әрине, мұндай жүйені шетелдіктер де құп көреді. Бірақ «мына ауруханамен қосыңызшы», «осы дәрігерге сұрағым бар еді» дегенге қабылдау бөлімі біздегідей мұрын шүйірмейтіні анық. Қош, елордадағы қалалық психикалық денсаулық орталығы дәрігерлерімен сұхбаттасудың сәті түсті. Жалпы, психикалық денсаулық орталығында 2 бөлімше бар. Өйткені 2017 жылдан бастап елімізде наркологиялық және психиатриялық диспансерлерді біріктірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл бюджетке де, кешенді емдеуге де тиімді. Сонымен, елордадағы аталған орталық бөлімшесінің бірінде ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен емделеді. Екіншісінде психикалық аурулардың себебін анықтап, емдеудің жолын іздейді.Күйзеліс түбі психикалық ауруға апарады
Қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Ольга Комарова сұхбаттарының бірінде осындай қиын сәтте психикалық денсаулықты сақтау және оған күтіммен қарау кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқан-ды. Мысалы, 2019 жылы орталықта ересектер арасындағы ауыр психикалық және мінез-құлық бұзылу туралы 306 жағдай тіркелген. Ал 2020 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 192-ні көрсетіп тұр. Пандемия кезінде неліктен статистика төмендеген дерсіз. Өйткені қалалық емханалардан орталықтың бөлімшелерін ашу жағдайды біраз жеңілдеткен екен. Әрі емделушілер поликлиникаларға қысылмай барып, қажетті ем-домын алады. Орталықтың психотерапевті Алмагүл Таукенқызының айтуынша, бұрын психикалық орталыққа барудан ұялатындар жергілікті емханаларға емін-еркін барып жүр. Ал психикалық ауруды асқындырып алмас үшін ертерек қимылдап, психологтың қабылдауына бару керек. Ауру сатысын неғұрлым ертерек анықтаса, соғұрлым нәтиже береді.«Психикалық аурулар сатылай бөлінісіне қарай емделеді. Біріншіден, жас ерекшелігіне мән беру керек. Мысалы, балалардың тілі шықпауы, мінез-құлқының өзгеруі, тұйықталуы, шошынып қалуы және тағы басқаларына психологиялық тұрғыда қараймыз. Өсе келе, жасөспірім шағында ортасына бейімделе алмай, қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптаса алмауы мүмкін. Соның ішінде отбасылық мәселе, күйзеліске түсу, депрессия мен неврозға ұшырау сияқты әртүрлі диагноз бар. Айта кетерлігі, жасөспірімдер күйзеліске түскенде уақытында ем қабылдап, психологтің кеңесіне жүгінбесе, ауру сатылап асқынып, психикалық ауруға айналады» дейді орталықтың клиникалық психологі Розамгүл Ақжол.Иә, психикалық аурулар екі топқа жіктелетіні мәлім. Тұқым қуалайтын түрлеріне олигофрения, шизофрения, эпилепсия, маникальді-депрессивті психоз және тағы басқалары жатады. Ал жүре пайда болатын психикалық аурулардың себепшісі – адам мен орта. Одан күйзеліс пен стресс пайда болады. Егер уақытында дәрігерге қаралмаса, мұның соңы психогенияға әкелуі мүмкін. Яғни, психологиялық жарақат салдарынан қоғамнан оқшаулануыңыз мүмкін.
«Жақында ғана қабылдауыма бір әйел келді. Ол жақынының коронавирустан қайтыс болғанын көрген. Содан мен де инфекция жұқтырып, өліп қалуым мүмкін деп ойлаған. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған. Ой жегідей жеп, тіршілік тоқтап қалғандай күй кешкен. Науқастың үрейін, қорқынышын жеңуге болады. Біз оны ертеңнен бастап емдеу бөліміне жатқызамыз. Түнде ұйықтататын дәрі береміз. Тыныштандырамыз. Осылайша, емдеу түрі жалғасады. Күндіз арнайы препараттар қабылдайды. Дәрігердің талабын орындаса, қалыпқа келеді», – дейді псиотерапевт Алмагүл Таукенқызы.Психотерапевтің айтуынша, психологиялық аурудың неврозды түрінде антидепресанттар тағайындап, түрлі емдеу шарасы қолданылады. Жалпы емдеу түріне байланысты 1,5-2 жылға созылуы мүмкін. Ауруды ерте сатысынан емдеп, кейін қайталанбауын қадағалау керек. Ал аурудың асқынған түрін ауруханада 2 ай көлемінде емдейді. Науқасты есепке салып, мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек береді. Егер ол 1 жылдың ішінде қалыпқа келсе, есептен шығарып тастайды. Әрине, бұдан бұрын науқас оңалту бөлімінде ем-шара қабылдауы тиіс. Оған қоса психотерапевт халықтың психикалық ауруханада науқастарды ешқандай байлап ұстау, қинау болмайтынын түсінгенін қалайды. Науқастар мұнда өз еркімен және туған-туыстарының арыз жазуымен түседі.
Мойындау да ерлік
Психиатрлар бала бойынан қандай да бір ауытқуды байқаса, бірден дәрігер кеңесіне жүгінуді ұсынады. Бұл – қандай да бір аурудың алдын алудың алғышарты. Өйткені Розамгүл Ақжол айтқан баланың тілінің шықпауы, мінез-құлқының өзгеруі ата-анаға қағылған дабыл болуы мүмкін. Ал дабылды ести тұра мән бермей немесе саналы түрде қалыпқа келеді деп ойлау – балаға қауіпті. Себебі психикалық ауытқулар мен ауру түрлерін ерте сатысынан анықтау – ем-шара қолданудың негізі. Одан кейінгі сатыларын емдеу толық тексеруден өткеннен кейін ғана белгілі болады.Психотерапевтің айтуынша, психологиялық аурудың неврозды түрінде антидепресанттар тағайындап, түрлі емдеу шарасы қолданылады. Жалпы емдеу түріне байланысты 1,5-2 жылға созылуы мүмкін. Ауруды ерте сатысынан емдеп, кейін қайталанбауын қадағалау керек. Ал аурудың асқынған түрін ауруханада 2 ай көлемінде емдейді.
Жоғарыда қалалық психикалық денсаулық орталығында наркология бөлімі барын жаздық. Дәрігер-нарколог Тоқтар Төлеуханұлының айтуынша, есірткі мен ішімдікке тәуелділік психикамен тікелей байланысты. Мәселен, күніне наркология бөліміне 16-17 адам түседі екен. Жылына 2 500 мыңдай адам емделіп шығады. Ал емделу жағына келсек, ауруханада жатпай-ақ, амбулаториялық ем қабылдауға жағдай жасалған. Әрине, мұндай ем қабылдау сіздің психологиялық иммунитетіңізге тікелей байланысты.«Наркология бөлімінде емдеу курсы екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі, амбулаторлық ем қабылдау. Яғни, күндізгі стационарда емделе аласыз. Екіншісі, стационарлық ем деп аталады. Айта кетерлігі, мұндай емделу тәсіліне адамдар өз еркімен немесе сот шешімімен келеді. Жалпы, стационарлық ем 45 күнге созылады. Бұл бөлімде көбінесе ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдар емделеді. Бойларында психоздың белгілері болуы мүмкін. Сондықтан ем-шараны жағдайға байланысты белгілейміз. Мысалы, 3-4 күн интенсивті терапия бөлімінде жатса, одан кейін 3 апта көлемінде медикаментозды коррекциялық бөлімге болады. Ары қарай самантикалық бұзылыстар жойылған соң, психиотерапия бөліміне ауысады. Психотерапевтер науқасты қабылдап, емдеу курсын жүргізеді. Одан кейін күш оңалту орталығына түседі», – дейді дәрігер-нарколог Тоқтар Төлеуханұлы.
Жүйке жүйесін сақтаудың шарты қандай?
Шетелдік психиатрлар жүйке жүйесін сақтап, психикалық ауруға шалдықпаудың жолы әлеуметтік желіні қолдануды шектеу деп отыр. Мәселен, қазір танымал адамдардың дені Instagram-ға тіркелген десек те, арасында желіге мүлдем кірмейтіндер бар. Мысалы, Скарлетт Йохонсон мен Анджелина Джоли аталған әлеуметтік желіге тіркелгеннен гөрі уақытты пайдалы өткізгенді жөн көретінін айтқан. Әсіресе, Скарлетт Йохонсон сурет астына жазылған түрлі пікірге бола жүйкесін ауыртқысы келмейтінін атап өткен. Өйткені әлемде желіде жазылған жаман пікірлерге бола өзіне-өзі қол жұмсағандар бар. Екіншіден, дәрігерлер күнделікті режимді сақтауды ұсынады. Түні бойы ұйықтамау, таңға жуық көз ілу жүйке жүйесіне салмақ түсірудің алғышарты екен. Миға психоэмоционалды жүктеме түсіру де зиян. Оған қоса жұмыс пен демалыстың ара-жігін ажыратпай, күні-түні жұмыс істеу де психикаға әсер етеді. Қызығы, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүрген адамның да психикалық ауруға шалдығуы мүмкін. Өйткені миға салмақ түсіріп, өзін жегідей жеп, күнде «неге бұлай?» деп сұрақ қойған сайын «құрт» жүйке жүйесін жей бермек.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ