Қаржы жымқырғанның аты аталмады
Қаржы жымқырғанның аты аталмады

Коронавирус кеселімен күреске бөлінген қаржы былғары орындықтарды шайқап қана қоймай, талай адамды істі қылатын түрі бар. Олай дейтініміз, өткен аптаның жұмасында  Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қа­зына қаржысын жымқыру фактісі бо­йынша тергеу бас­талғаны айтылса, ара­ға бір күн салып  еліміздің бұрынғы Ден­саулық сақтау министрі Елжан Бір­тановтың ұсталғаны туралы хабар тара­ды.

Коронавирустың екінші толқынынан  үрей құшағында отырған бұқараның ойын  бұл хабар сан-саққа жүгірткені анық. Себебі қара халық ауруханаларда қажетті құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек жеткілікті деп отырғанда «коронавируспен күреске бөлінген қаржы қолды болды» деген ақпарат кімді де болмасын таңғалдыратыны айқын. Бұл ретте, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу бастады. Олар коронавирус пандемиясымен күреске бөлінген медициналық бұйымдарды жоғары бағамен сатып алған. Мемлекетке 8 миллион 730 мың 560 теңге көлемінде шығын келген», – деді Нұр-Сұлтан қаласында  өткен брифингте. Елордадан осындай хабар жеткен бой­да  жамбылдық  журналистер  шулай түс­ті. Құзырлы мекемелерге сұрақтарын  қа­р­ша боратқан тілшілердің талабы қанағат­тан­дырылып, түс ауа облыстық ANTIKOR ор­талығында баспасөз мәслихаты өтетін болып шешілді. Алайда брифингке келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасының басшысы Жаннұр Тасқұлов  республикада айтылған ақпаратты айна-қатесіз қайталап беріп, тілшілерді таңғалдырды. Басқа ешқандай ақпарат бере алмайтынын алға тартқан департамент тер­геушісі қанша адам күдікке ілініп отырғаны туралы да жақ ашпады. «Ең болмаса қар­жы қай уақытта алынған, құрылғыдан жым­қырылғаны туралы ақпарат берсеңіз» деген журналистердің сұранысын да  өкілетті орган маманы қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша, жауапты мамандар  әдетіне салып, тілшілерді тағы меңіреу күйге түсірді. Алайда ертесіне сенбі күні еліміздің экс-министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны ту­ралы ақпарат тарағанда көпшілік  жаға ұстады. «Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ұрлық ісі бойынша ұсталды. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласының УҰИ-да.  Алдын ала болжам бойынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы цифрландыруға бөлінген  526 миллионға  жуық  қаражат ұрлады деген күдікке ілінді» делінді ақпарда.  Ал Қаржы министрлігі тергеу әрекеттері туралы мәліметтің Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын хабарлады. Алайда Біртанов пен Жамбыл об­лыстық Денсаулық сақтау басқармасының шенділеріне қатысты іс араға бір күн салып қозғалғаны талайды ойға қалдырып отыр. Жалпы, коронавирус індетімен күреске бөлінген қаржыны жымқыру фактісі бойынша  тамыз  айында да қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол кезде  Алматы облысы денсаулық сақтау саласының мамандары құрыққа ілінген. «Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы» ШЖҚ МКК директорына, сондай-ақ оның орынбасарына қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады» деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов. Оның айтуынша, олар коронавирус пандемиясымен күресуге  «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген арнайы жедел жәрдем автомашинасын жөндеу бойынша қызмет көрсеткені үшін жасалған шарт бойынша орындалған жұмыс актісіне қол қою арқылы жалпы сомасы 3 024 930 теңге бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген.  Осы жылдың 23 тамызында МКК директоры мен оның орынбасарына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланғанын, қазір тергеу амалдары жүріп жатқанын мамандар жеткізген. Негізі, шілде айынан  Қаржы министрлігі жанындағы Экономикалық тергеу қызметі   коронавирус инфекциясымен күреске деп бөлінген мемлекет қаржысын жымқыру фактісі бойынша бірнеше іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын айтқан. «Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі  үш қылмыстық іс бойынша тергеу жұмысын бастады. Олар: «Медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ лауазымды тұлғаларының бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қозғалған қыл­мыстық іс; Жекелеген тұлғалардың ірі кө­лемде медициналық бетперделерді заңсыз иемдену фактісі бойынша іс; Медициналық мекемелердің жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруы фактісі бойынша іс. Сонымен қатар  Қауіпсіздік кеңесі мен Президент аппараты бірлескен бастамасы бойынша, құқық қорғау органдары корона­вируспен күреске деп шетелдерден келген гуманитарлық көмектің мақсатты әрі тиімді игерілуін бақылайтын болады» делінген Ақордаға сілтеме жасаған ресми хабарламада. Демек, құзырлы орган өкілдері корона­вирусқа бөлінген қаржыны жіті бақылауына алып, жаза басқандарды жазалауды шілде айы­нан бері мықтап қолға алды десек болатындай. Оған еліміздің бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің өзі  күдікке ілінгені дәлел бола алады. Ал Жамбыл облысында тергеуге  алын­ған шенділердің  саны мен аты-жөні әлі атал­мауда. Десе де, ақиқат бәрібір  су бетіне қалғып шығатыны белгілі. Сондықтан әліптің артын бағайық...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы