Сервистік модель: полиция жазалаушы ма, жәрдемші ме?
Сервистік модель:  полиция жазалаушы ма, жәрдемші ме?
347
оқылды

Елімізде ішкі істер саласын реформалау, соның ішінде полицияны сервистік модельге көшіру туралы көп айтылып жүр. Бірақ оны қалай жүзеге асыру керегінің түпкілікті картинасы әлі түбегейлі айқындала қоймаған секілді. Бүгінгі таңда бұл үрдістердің жүріп жатқаны аян. Бірақ халық күткен ауқымда және қарқында жүзеге асып жатқан жоқ. Таяуда Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген жиынына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ішкі істер саласын тездетіп реформалауды тапсырып, ұсыныстар беруге 1 желтоқсанға дейін мерзім белгілеген болатын.

Реформа күткен екі жыл

Ішкі істер саласын реформалау мәселесі Тәуелсіздік алғаннан-ақ күн тәртібіне шықты деп айтуға болады. Өйткені Балтық елдері сол кездің өзінде-ақ еуропалық стан­дартқа ойыса бастаған. Біздің де бұл модельге түбі келетініміз анық еді. Түбегейлі болмаса да, арасында ішінара өзгеріс­терге қадам жасаған кездеріміз де болды. Қылмыстық атқару жүйесін Әділет министрлігіне беру (кейін кері қайтарылды), әс­кери міндетті қызмет санын бір­тіндеп азайту, милиция атауын полиция етіп ауыстыру, әмбебап полиция, одан соң, жергі­лікті по­лиция қызметін құру, сотқа дейінгі тергеу тізілімін енгізу және тағы басқа бастамалардың бір себебі инвестициялық тартым­дылыққа көлеңке түсіретін «полициялық мем­лекет» деген атауға ілікпеу бо­латын. Бұл бағыттағы шын қозғалыс осыдан екі жыл бұрын басталды. Ішкі істер министрлігін жаңғырту мен оңтайландыру шындап қолға алынды. 2018 жылы қараша айында осы мақсатта арнайы жиын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ве­домствоның құрылымы мен штатын қайта қарап, ішкі істер органдарына тән емес қызметтерді алып тастауды тапсырды. Одан да өзге көптеген тың идеясын ортаға салып, тапсырма берді. Соның бірі полиция санын азайту туралы болды. «Ішкі істер министрлігінің штаты 10%-ға қысқартылады, яки, қыз­меткерлерінің саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471 адамнан 424 адамға дейін азаяды деген сөз. Бұл орташа еуропалық деңгеймен сәйкес», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Содан бергі екі жылда мұндағы өзгерістердің сылбыр жүргені бай­қалады. Есте қалғаны, нысанды киім үлгісіне өзгерту ұсынылғаны, ту­ристік полицияның құрылғаны, фронт кеңселердің ашылғаны, ве­­дом­стволық оқу орындары азайты­лып, бакалавр дәрежесінің алынып тас­талғаны, штат саны қысқарып, жалақының өскені және баспана үшін өтемақы алушы қыз­мет­кер­лердің қатарының артқаны. Осы сынды тағы да басқа қаншама ша­ралар атқарылып жатса да, Ішкі істер министрлігі ведомствоны жаң­­­ғыртудың түбегейлі шешімін тап­­паған сыңайлы. Ал батыл қадамдарға барған шетелдік үлгілерді сөз етер болсақ, көзді жұмып реформа жасаған елдер бүгінде оның жемісін ғана көріп отырған жоқ. Жақсы-жаманын екшеп, дамудың сапалық жаңа деңгейіне бет алған. Солардың бірі Эстония құқық қорғау органдарын трансфор­ма­циялауға 1990 жылы-ақ көшкен екен. Осы жылы милициядан поли­цияға ауысқан кезде олар әлі Кеңес Ода­ғының құрамында болатын. Өз­герістер үшін олар финнің «әс­ке­рилендірілмеген полиция» мо­дельін таңдап алған. Яки, ішкі істер орган­дары бұрынғы мемлекетті қорғаушы күштік құрылымнан азаматтарға қызмет көрсететін ұйымға айналған. Бұрын әр аудан мен қалада бөлімше болатын болса, енді бүкіл ел бойын­ша мұндай төрт-ақ префектура қал­ды­рылған. Бұл орталық­танды­рылған бұрынғы жүйеге қарағанда корруп­циялық тәуекелді азайтты. 2005 жылы Эстонияда «Электронды по­лиция» (E-Police) бағдарламасы іске қо­сылды. Осылайша, поли­ция­ның қыз­мет көрсетудегі жеделдігі арта түсті. Бұл рефор­малардың нәти­жесінде кісі өлтіру көрсеткіші 1994 жылғы 365 деректен 2010 жылы 80 дерек болып қысқарды. Ал ха­лықтың полицияға деген сенімі 15%-дан 84%-ға жетті. Посткеңестік кеңістікте үлгі ре­тінде қарастыруға болатын тағы бір ел – Грузия. 2004 жылы басталған реформа кезінде мұнда екі жылда 85 мың полиция қызметкерінің 75 мыңы жұмыстан шығарылып, жеке құрамы жаңаланған. Ішкі істер министрлігінің негізгі құрылымдық бөлімшесі болып патрульдік қызмет пен криминалдық полиция ғана қалдырылған. Нәти­жесінде, 2010 жылы тұлғаға қатысты ауыр қыл­мыстар 100 мың тұрғынға шаққанда 23,1 коэффицентке жеткен.

«Қазақстандық тұжырымдама» қандай болуы тиіс?

Қыркүйек айында ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков: «Бүгінгі таңда «полицияның сервистік моделі» мынадай болуы керек деген нақты түсінік жоқ. Сол себептен де бұл модельдің қазақстандық тұжы­рым­дамасын жасап шығаратын уа­қыт келді деп ойлаймын. Өйткені түрлі шетелдік институционалды модель­дерді қолмен енгізгенмен, егер ол мәдени, тарихи, экономикалық, инс­титуционалдық, нормативтік, саяси, әлеуметтік және демо­гра­фиялық жағдайларға бейім болмаса, жемісін бермейді», – деген болатын. Осы ретте Ішкі істер министрлігі үлкен ізденіс үстінде деуге болады. Президенттің кешегі бір айға берген тапсырмасы осы «қазақстандық тұжырымдаманы» табуды тездете түсері анық. Полиция жұмысына берілетін ең бірінші баға – халық сенімі болса, бұл критерийдің ре­­­форма ашық жүріп жатқан екі жылда арта қоймағаны байқалады. ІІМ-нің өзі еріктілерді тарту арқылы жүр­гізген сауалнама қорытын­ды­сында рес­понденттердің тек 33,8%-ы ғана полицияға сенетінін айт­қан. Ал 43,5%-ы өздерін қауіпсіз сезіне­тіндерін жеткізіпті. Бұл алдағы өз­герістер үшін басшылыққа алатын бастапқы цифрлар болуы тиіс. Министрлік өз тарапынан «Қа­дам тастам жердегі полиция» қа­ғидатын қарастыруда. Мұнда учас­келік инспекторлардың қызметіне ба­сымдық берілмек. Одан бөлек, елді мекендердегі қылмыс қаупі жоғары аймақтарда тәулік бойы жұмыс істейтін модульдік полиция бекеттері орнатылмақ. Қазір мұн­дағы пилоттық жобалар Еуропа қауіпсіздік ынты­мақтастық ұйы­мының (ОБСЕ) қол­дауымен Қа­рағанды облысы Қазыбек би ауданында жүзеге асуда. Қарас­ты­рылып отырған нұсқаның тағы бірі – шериф моделі. АҚШ, Ұлы­британия және Канадада кең таралған бұл қызмет түрін зерделеуге Қазақ­стандағы АҚШ елшілігі әзір екен­ін білдіріпті.

Сенім сыйластықтан басталады

Бұл мәселе тек ішкі істер органдарының ғана проб­лемасы емес. Ол былайғы жұрт­шылықты да алаңдатып отыр. Ал сенімнің сый­ластықтан басталатыны белгілі. Ендеше, мұндағы ең қа­рапайым қағида полиция қыз­­меткерінің мә­дениетінен басталуы тиіс. Болмаса, көп жағдайда олар бірінші кез­дескеннен-ақ дөрекі сөйлеуге дайын тұрады. Сол арқылы азаматтарды өзіне бағынышты етуге ұмтылады. Бұл дұрыс емес. «Соңғы он жылда ішкі істер органдары ескерту беру, кешірім жа­сау дегенді қойды. Міндетті түрде айыппұл жазып береді. Айып­пұл­дардың сомасы да күннен-күнге ша­рықтап барады. Тек қана жазалау позициясымен мәселе шешіліп кетті деп ойламаймын. Халықтың поли­цияға сенімінің аз болуы да осында. Рецидивист бұзақы мен заңға ба­ғынышты азаматты бір санатта қа­растырады. Бұл дұрыс емес. Ескерту беру практикасын қайтару керек», – дейді Қызылорда облысы Қазалы ауылының тұрғыны Нұрлыбек Бауыр­жанұлы. Ауыл тұрғынының айтып отыр­ған сөзінің жаны бар. По­лицияның азаматтардың санатына қарап, әділ болғаны дұрыс. Халыққа жазалау доктринасымен қарауға болмайды. Мұның соңы олардың сенімі тұрмақ, наразылығын ту­дырып, қазіргі ахуалды одан сайын ушықтыра түсуі мүмкін. Ел мақ­тайтын АҚШ-тың өзінде қара нәсілділердің құқына орай басталған бас көтеру бірінші кезекте поли­цияның зұлымдығына қарсы ба­ғытталып отыр. Ендеше, поли­цияға тек жазалаушы ғана емес, кешірімшіл болуға да таңдау берген жөн. Ал сервистік модельдің қайнар бас­тауында полиция қызметкерінің мә­дениеті жатуы тиіс.

Нұрлан ҚОСАЙ