Елімізде денсаулық саласында жедел жәрдем көліктері мен емдеу мекемелерінің арнаулы көліктерінің жетіспеушілігі жылдар бойына қордаланып келген мәселе еді. Бұл, әсіресе пандемия кезінде анық сезілді. Атырау облысында да бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Үкімет те бұл бағытта нақты қадамға барды. Жуырда аймақ басшысы емдеу мекемелеріне жаңа медициналық көліктердің кілтін табыс етті.
Емдеу мекемелерінің басшыларымен жаңа көліктің тізгінін ұстайтын жүргізушілердің алдында сөз алған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыс тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан басты назарда екеніне тоқталды.«Болуы мүмкін пандемияның екінші толқынына облыс көлемінде жан-жақты дайындық жасадық. Медицина саласын қажетті көліктермен қамтамасыз етуде Үкіметтің үлкен қолдау жасағанын айрықша атап өткім келеді. Мысалы, облысымызға осы айдың басында 22 су жаңа жедел жәрдем көлігі келді. Жыл соңына дейін тағы 18-і әкелінеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет ауданына жылжымалы диагностикалық медициналық зертхана кешені берілді. Биыл облыстық медицина саласының көлік паркі жаңарып, толықты. Бүгін, міне «Каспий құбыр консорциумы» да игі дәстүрді жалғастырды. 12 «Уаз» маркалы жедел жәрдем көлігін демеушілік жасап, алып беріп отыр. Компания өкілдеріне, өңіріміздің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосып жатқан үлестері үшін ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.«Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин өз кезегінде компанияның әлеуметтік жобалары аясында жасалып жатқан жұмысына тоқталды.
«Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның әлеуметтік бағдарламасы негізінде жыл сайын 3 миллион доллар қаражат бөлініп келеді. Бағдарлама негізінде балабақша, мектеп, аурухана, демалыс орындары, спорт алаңдары бой көтеруде. Пандемия жағдайында өңірдегі ахуалды тұрақты ұстап, індеттің алдын алу мақсатында облысқа жедел жәрдем көлігін тапсырып отырмыз. Дәрігерлер жұмысы жедел жүруіне үлкен көмек болады деген сенімдеміз. Жыл аяғына дейін компьютерлік томографияны табыстуды жоспарлап отырмыз», – деді Қ.Қабылдин.Пандемиямен күресте адам денсаулығы үшін жанкештілікпен еңбек етіп жатқан медицина саласы мамандарына облыс әкімі көліктердің кілтін табыс етті. Бүгінде облыстың жеті ауданында да мобильді диагностикалық медициналық кешен бар. Оның әрқайсысында дәрігерлер күніне 150 адам қабылдап, 60-тан астам науқасқа диагноз қоя алады. Сондай-ақ жуырда тағы бір жылжымалы зертхана облыстық обаға қарсы күрес стансасына берілді.