Қарағанды облысында 4 қараша күні сағат 00.00-де сыртқы шекараларға кіріп-шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет құрылады. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін propusk.kz порталы арқылы бекеттер арқылы жүріп-тұруға рұқсат алынады.
Елде коронавирус ауруының алдын алу шарасы ретінде келесі бағыттар бойынша санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды. Осылайша,Қызылорда-Павлодар автожолының Молодежный кенті тұсында, Павлодар-Баянауыл-Бұқар жырау-Қарағанды жолының Үміткер кенті маңында, Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолының 271-шақырымы Семей қаласы бағытында Кентөбе кенті төңірегінде бекеттер орнатылатын болды. Осы санитарлық бекет арқылы өтуді қарастыратын сапарды жоспарлағандар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі керек.«Аталмыш бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына, медицина қызметкерлері мен арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне, жүк машиналарына, транзиттік көлікке,Қарағанды облысына жергілікті тіркеумен келетін адамдарға, емделуге келетін адамдарға рұқсатнамасыз жүріп-тұруға рұқсат етіледі. Вахталық жұмыскерлер мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтта қалдыру қажет» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.Естеріңізге сала кетейік, санитарлық бекетте полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Олар жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау барысында термометрия мен сауалнама жүргізіледі.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы