Жоғарғы Сот: жемқорлық, судьяға шабуыл...
Жоғарғы Сот: жемқорлық, судьяға шабуыл...
325
оқылды
– Судьяның қауіпсіздігі әділеттілікті орнатуда аса маңызды. Үкім шығарған судьяны қылмыстық жазасын өтеп біткен соң қылмыскердің өлтіріп кетуі, не болмаса, қандай да бір өміріне қауіп тудыруы сынды оқиғалар жиі кездесе ме? Тәуелсіздік жылдарынан бері республика бойынша осындай қанша оқиға тіркелді? - Жиі кездеседі демесек те, 1990-шы жылдардың аяғында осындай оқиға еріксіз ойға оралады. Кезінде Алматы облысының Ақсу ауданында біздің әріптесіміз А. Зияданов судья болып қызмет атқарған. Болашағынан үлкен үміт күттірген азамат еді. Оның төрелігімен қыз зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралып, қылмыскерлер 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Кейін ол қызмет бабымен Алматы қаласының сотына ауысады. Ауылына отбасылық қуаныштардың біріне барғанда бұрын өзі үкім шығарған азаматты дүкенде кездестіріп қалады. Сол күні әлгі азамат әкесінің үйінде әріптесімізді атып өлтіреді. Ол кезде мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. «Қауіп төнгенін білсе, тиісті шара қолданатын еді ғой» деген ой туындайды. Әріптесімізді атқан адам ұсталды. Шығарылған үкім бойынша кек алу үшін жасалған қылмыс екені ескеріліп әрі бұрын сотталғаны бар әлі азамат ату жазасына кесілді. Сол тұста заң бойынша мұндай аса ауыр қылмыс жасағандарға ату жазасы қарастырылған. Кейін елімізде ату жазасына мораторий жарияланды. Қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңға сәйкес, осындай қылмыстарға ең ауыр жаза ретінде 15 жылдан 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл оқиғадан бөлек елімізде судьяның шығарған үкіміне қатысты кек қайтаруға қатысты істер тіркелген жоқ. 90-шы жылдардың аяғында Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы З. Журбаеваның үйі тоналған. Сол кездегі ол кісімен қатар жұмыс істеген әріптестеріміздің айтуларына қарағанда, оның үйі Алматыдағы ірі сауда базарларының бірінің маңайында орналасқан. Жалғыз тұратынын білген қарақшылар оңтайлы сәтті пайдаланып, ол кісіні ұрып, қол-аяғын байлап, үйіндегі жеке заттарын, мүлкін тонап кеткен. Олар үйін тонаған адамның судья екенін де білмеген. Осыдан үш жыл бұрын осындай тағы бір оқиға орын алды. Ақмола облыстың сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж. Бердіғұлова Алматы қалалық сотына қызмет бабымен ауысқан кезінде үйінің заттарын жинап, көшу мәселесін ойластырады. Сөйтіп, өзі танымайтын, бұрын адам өлтіргені үшін сотталған 33 жастағы азаматты үйіндегі жиһазды жинауға шақырады. Сол кезде араларында түсінбестік туындап, екеуара дау болып, әлгі бейтаныс адам әріптесімізді қылқындырып өлтіреді. Кейін ұсталып, алқа билердің қатысуымен ісі сотта қаралып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әріпов Ерден Рауанұлы жоғарғы сотының судьясы (9)1) – Судьялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай іс-шаралар қолданылуда? - Судьялардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша заң тұрғысынан алғанда нақты ұйымдастыру іс-шаралары қарастырылған. Жоғарғы Сотта және жергілікті соттарда судьялардың қауіпсіздігіне жауапты тиісті бөлімдер бар. Сот приставтарының негізгі жұмыстары қылмыстық, азаматтық я болмаса, әкімшілік істер қаралған кезде сот залындағы тәртіпті сақтауға, әртүрлі заңсыз әрекеттерге жол бермеуге және судьялардың жұмыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Одан тыс сот істерін қараған кезде судьяға нақты бір қауіп төну мүмкін болған жағдайларда арнайы құқық қорғау органдарына жүгініп, тиісті сақтық шаралары қарастырылады. – Кейде судьялар парамен ұсталып жатады. Жемқорлыққа қатысы бар судьялардың соңғы жылдардағы статистикасы қандай? - Парамен ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылу жағдайы, өкінішке қарай біздің жүйеде де болады. Пара алғаны үшін 2015 жылы 1 судья қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 2020 жылдың 9 айдағы көрсеткіш бойынша    8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 3-і сот үкімімен кінәлі деп танылды. Олар бас бостандықтарынан айырылды. Әрине, парамен ұсталып жатқандардікі құптарлық жағдай емес. Судьялардың негізі жұмысы – сот әділдігін жүзеге асыру. Конституцияның 1-бабында көзделгендей, мемлекетіміздің басты құндылығы адамдардың өмірі, денсаулығы олардың заңмен қорғалатын бостандықтары мен құқықтары болып табылса, олардың осы құқықтарын қорғайтын әріптестеріміздің өздері осылай кейде тура жолдан тайып жататыны жанымызға бататыны рас.  «Тау қанша биік болса да, бұлт астында, адам қанша биік болса да, заң астында». Сондықтан қылмыстық құқық бұзушылық болғаннан кейін судья да, басқасы да заңда көзделген тиісті жазасын алулары тиіс. «Бұрынғы әріптестеріміз екен» деп оларға жеңіл жаза тағайындалған жоқ. Жемқорлықпен ұсталып, жаза тағайындалғандардың ішінде судьялық еңбек өтілдері аз әріптестеріміз бар. Оларды білместікпен, жастықпен «ұрынып отыр» деп айтуға болады. Ал бұл қатарда 1-2 жылдың көлемінде зейнеткерлікке шығатын әріптестерміздің барлығы қатты қынжылтады. Олардың өткен өміріндегі қаншама жақсы сәттердің бәрі бір сәтте жоқ болды. Мұндай әріптестерімізді қандай «түленнің түрткенін» түсіндіріп айту қиын. Меніңше, қаншалықты жаза қатаң болса да, адамның ой-өрісі түзелмей нақты нәтиже шығару мүмкін емес. Ішкі жан-дүниенің тазалығынан бастап, ой-өрісі, білімі жоғары болуы керек. Ең бастысы, халқымыздың құқықтық білімін көтеру кезек күттірмейтін мәселе. – Судьяның жалақысын көтеру сот жүйесіндегі парақорлықтың азаюына әкеле ме? Осыған қатысты шетелдік тәжірибені зерттедіңіздер ме? - Әрине, айлықтың көтерілуі – пара алудың азаюына тікелей әсер ететін фактордың бірі. Алдыңғы жылдары аудандық және облыстық сот судьяларының жалақысы едәуір көтерілді. Алатын табыс көлемі судья болсын, басқа маман иесі болсын, ең алдымен өз отбасын асырау үшін жұмсалатын қаражат. Бірақ барлығы бірден болмайды. Кейде өзіміздің алатын табысымызды дамыған елдермен салыстырамыз. «АҚШ-та отырған судья бірнеше есе көп алады» дейміз. Десе де, әркім өз көрпесіне қарап көсілуі керек. Жалпы, қазіргідей жаман індет әлімді құрсаулап қана қоймай, елімізде де таралып жатқан кезеңде судьялардың айлығын көтеруді сөз ету дұрыс емес. Меніңше, қанағат қарын тойғызады. – Қазақстанның сот жүйесінде салыстырмалы түрде ақтау үкімі өте аз шығарылады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? - Өзге де шет елдермен салыстыру, солардың қолданыстағы тәсілін енгізу үдеріске айналып кетті ғой. Бірақ оның өзінде де ескеретін дүние бар. Бірден «сот неге ақтау үкімін көбірек шығармайды» деп мәселені көлденең қоюға болмайды. Қылмыстық істерді тіркелген кезден бастап сотқа дейінгі тергеп-тексеру стадиясы бар. Тергеу біткеннен кейін іс сотқа жіберілу үшін прокурорға түседі. Ол тағылған айыппен келіскен жағдайда істі сотқа жолдайды. Статистикалық мәліметке сәйкес, тек қана ауыр қылмыстар санаты бойынша 2015 жылы 12 адам ақталса, былтыр 189 адам ақталып отыр. Бұл республика бойынша тіркелген көрсеткіш. Осы аралықтағы ақтау үкімін шығару 12 есеге өскен. Ақтау үкімінің көбею себебі 2014 жылы жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдар қабылданып, 2015 жылдан бастап қолданысқа енді. Бұған дейін ескі заңда нақты бір қылмыстық іс бойынша кем-кетік болса, сот оны қайта тергеуге қайтаратын, ал прокурор мұндай істі қайта тергеу кезінде қысқартып тастайтын. Жаңа қылмыстық-процестік заң бойынша қайта тергеу институты мүлдем жойылды. Сотта сотталушының кінәсі толығымен дәлелденбесе, ақтау үкімі шығарылады. Өйткені аталған Кодекстің 19-шы бабының талаптарына сай іс бойынша кез-келген күмәнді мәселелер сотталушының пайдасына шешілуі керек. Бұрын тергеу судьясы деген ұғым мүлде болған жоқ. Жаңадан қабылданған қылмыстық-процестік кодексте тергеу судьясының статусы бекітілді. Тергеу судьясының ең басты міндеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында адамдардың құқығын қорғауға бағытталған. Онда нақты қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауапқа тартылған адам болсын, жәбірленуші болсын, тергеушінің кез-келген әрекетіне (әрекетсіздігіне) қанағаттанбаған жағдайда тергеу судьясына шағым келтіре алады. Біздің көптеген азаматтарымыз осы құқықтарын сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде толық пайдаланбайды. Кейде істі болған адамдар адвокаттың көмегіне жүгінбейтін жағдайлар да болады. Қазір заң кеңесшілерін де, адвокатты да табу қиын емес. Олардың қызметі тегін емес екені де түсінікті. Соны қымбатсынатындар бар. Осы ретте қылмыстық-процестік заң бойынша егер кәсіби заң қорғаушысы қажет болса, оның көмегіне тегін жүгінуге болады.