Алматыда қымбат бағалы ішіктердің жалған сатушысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Күдікті азаматшаны жедел қызметкерлер “HI-Tech” республикалық іс-шарасы барысында әшкереледі.
– Біздің басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Алатау ауданының ПБ КПБ қызметкерлерімен бірге алаяқтық әрекеттері үшін күдікті азаматшаны ұстады. Тексеру барысында оның қылмыстық ниетпен “Инстаграм” әлеуметтік желісінде онлайн киім дүкені ретінде аккаунт ашып, онда ішіктердің эксклюзивті модельдерін базар бағасынан төмен бағамен сату туралы жарнамаларын орналастырғаны, парақшасын әдемі киімдердің суреттерімен толтырғаны анықталды. Көптеген азаматтар сатушыға сеніп, оның қулығына бой алдырған. Алаяқтың талабы бойынша ішік сатып алғысы келетін адам оның букмекерлік кеңселердегі шотына ақша аударуы керек болатын. Алаяқ әйел ақша есепшотына түскеннен кейін телефонын өшіріп, сим-карталарын ауыстырып, сатып алушыны барлық мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде бұғаттап отырған, – деп хабарлады Алматы қаласының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.Қазіргі таңда күдікті ұсталып, ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.