Қақтығыс болған Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» ашылды
Қақтығыс болған Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» ашылды
129
оқылды

Жалпы Қордай қақтығысынан кейін аталған елді мекенде дін мен тіл мәселесі басты назарға алынғаны белгілі. Бұған дейін өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету мақсатында арнайы оқыту курстары жанданса, енді күні кеше Сортөбе ауылынан «Имамдар үйі» орталығы ашылды.

Мұнда облыс имамдары бас қосып, түрлі тақырыптарды талқылайтын болады. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету дәрістері де осында ұйымдастырылады. «Имамдар үйінде» оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы қарастырылған. Бұдан бөлек асхана, жуыну бөлмелерімен қатар меймандарға арналған жатақхана да бар. Қордай ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаевтың айтуынша, «Имамдар үйі» жамағаттың күшімен тұрғызылған екен. – Бүгінде діннің атын жамылып, өзінің жымысқы ойын жүзеге асырушылар баршылық. Ондайлар қалың қауым арасынан кезігіп жатқанын да көз көруде. Оған қоса Қордай қақтығысы біз үшін үлкен сабақ болды. Сол себепті тұрғындар болып осы «Имамдар үйін» салдық. Әрине барлық шаралар тек осы жерде өтпейді. Мешіттерде де уағыз айтыла береді. Алайда бұл үй барлық имамдардың бас қосар орталығына айналады,–дейді ауданның бас имамы. «Имамдар үйіндегі» оңалту бөлмесі отбасылық қиын жағдайға түскендермен тілдесіп, оларға қолдау көрсетумен айналысады. Сондай-ақ өзін жалғыз сезініп, тағдыр тәлкегінен жабығып жүрген жандар да мұнда келіп мамандардан кеңес алуына мүмкіндік жасалған. Осылайша өңірде бұрын соңды болмаған «Имамдар үйі» енді тұрғындарды имандылыққа үндеп, түрлі түйткілдердің түйінін тарқататын орталыққа айналмақ. Бұл әрине Қордай халқы үшін ауадай қажет.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы