Тоқаев университетте 22 адамның оққа ұшуына байланысты көңіл айтты
Тоқаев университетте 22 адамның оққа ұшуына байланысты көңіл айтты
143
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қабыл университетінде жасалған жантүршігерлік лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың жазықсыз қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.
– Осындай қаралы сәтте орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, жақындарынан айырылған отбасылар мен барша Ауғанстан халқына қазақстандықтардың және өз атымнан көңіл айтамын, – делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті қасіретті оқиғада зардап шеккен адамдардың тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Еске сала кетейік, Ауғанстан астанасы Кабулда университетте заң факультетінің студенттеріне қаскөйлер шабуыл жасап,  соның салдарынан 22 адам оққа ұшқан, 27 адам жарақаттанған.  Оқиға дүйсенбіде, 2 қарашада таңертең болған.  Жергілікті БАҚ мәліметінше, қаза тапқандар студенттер мен оқытушылар. ІІМ өкілінің хабарлауынша, 6 сағатқа созылған арнайы операция кезінде шабуыл жасаған 3 адамның көзі жойылды. "Ислам мемлекеті" террористік тобы шабуыл жасағанын мойындады, деп жазады Reuters.