«Nur Otan» партияcының Қызылорда облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында жиын өтті. Онда өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек ұжымдарында жұмыспен қамтылуының 2,4 пайыздық көрсеткішінің сақталуы мен оларды жұмыспен қамту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жалпы, өңірде 34 мекеме, кәсіпорындарда 79 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің қаулысымен квота белгіленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен келген тізімге сәйкес, облыс бойынша 595 мекеменің тізімі нақтыланып, жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтар анықталуда. Қызылорда облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, бүгінде жұмыспен қамту органына жұмыс сұрап 814 мүмкіндігі шектеулі азамат хабарласып, белгіленген квотаға сәйкес 44,2 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар жыл басынан бері 29 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 365 жұмыс беруші 2 187 бос жұмыс ұсынған. Барлық жәрмеңкеге қатысушылардың арасында 96 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілген. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғандары да бар. – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты «Бастау – Бизнес» жобасы аясында 55 мүмкіндігі шектеулі азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, олардың 37-сі мемлекеттік грант негізінде мал шаруашылығы, шаштараз, жиһаз жасау, балық шаруашылығы, тігін және кондитерлік өнім шығаратын цехтар ашты, – дейді Жанар Дәулетбаева. Жалпы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға сәйкес, өңірде мүгедектігі бар азаматтардың профилактикасынан бастап әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәселесіне дейін қамтылған 10 бөлімнен тұратын арнайы «Жол картасы» қабылданған. Өңірде «Жол картасының» орындалуы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілмек.А.ЖАСАН