Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Абайдың өзбек тіліне аударылған шығармалары мен шығыстың ғұлама шайыры Әлішер Науаидің қазақ тілінде жарық көрген «Хамса» атты кітабының таныстырылымына қатысты.
Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен қатар Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінің Қазақстандағы елшілері, Мәжіліс депутаттары және бірқатар ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мәулен Әшімбаев бұл күннің қазақ және өзбек әдебиеті үшін, сондай-ақ тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін айтты. «Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Қазіргідей сын-қатер заманында біз осындай ортақ құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуіміз керек. Әсіресе, жас буынға жан-жақты насихаттасақ, түркі дүниесінің бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді», – деді Сенат Төрағасы. Сонымен қатар ол Абай мен Науаи мұраларының рухани сабақтастығына назар аударды. «Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аударуды маңызды оқиға деп қабылдаймыз. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар» деген Мәулен Әшімбаев Науаи поэзиясының маңызы мен әлемдік әдебиеттегі орны туралы сөз қозғады.