«Nur Оtаn» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы, кеңес мүшелері, Jеbe, «Қағандық» қоғамдық бірлестіктері және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселесі қаралды.
– Павлодар облысында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында бірқатар іc-шара өткізілді. «Рухани кемп» – жастар лагері, онда жастар қазақи тұрмысқа еніп, олар үшін ежелгі қазақ қолөнерінен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды, сондай-ақ қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрі зерттелді. 7-17 маусым аралығында жастардың белсенді өкілдерінің қатысуымен облыстың және республиканың киелі жерлеріне – «Рухани тур» экспедициясы ұйымдастырылды, – деді Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Дәурен Әбдірахманов. Сонымен қатар Дәурен Серікұлы отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптеуге, қолдауға бағытталған «Аруназ» қыздар клубының жұмысы жөнінде баяндады. Аталған клуб жас қыз-келіншектермен бірлесе жұмыс істеп, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді үйренем, отбасылық қатынастардың психологиясын танығым келеді деген азаматшалармен ынтымақтастық қарым-қатынаста екенін жеткізді. Сондай-ақ ол сөз арасында «Супер келін» атты байқау да ұйымдастырылғанын айтты. Онда ұлттық тағамдар мен отбасылық дәстүрлер бойынша 13 келін сайысқа түсті. Жалпы, облыс бойынша ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында 3 мыңнан астам жасты қамтитын 30-дан астам шара өткен. Аталған бағытта жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.А.ЖАСАН