Ауаны ластағандар айыппұлмен құтылмайды
Ауаны ластағандар айыппұлмен құтылмайды
137
оқылды

Жергілікті өзін-өзі басқару елдің билік жүйесіндегі толыққанды әрі күшті буынға айналуы тиіс. Павлодар облысында жұмыс сапарымен болған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева осындай мәлімдеме жасады.

Оның жұмыс сапары Пав­лодар облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кез­десуден басталды. Жүздесуде Пар­ламент Сенаты мен ай­мақ­тағы заң шығару органдарының өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жергілікті мәсли­хат депутаттары Сенат басшы­сына аймақты дамытудың өзекті мәселелері туралы баяндады. Амбулаторлық көмек көрсету тарифтерін арттыру, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігі, оқу­шы­ларды ыстық тамақпен қамта­ма­сыз етуге қатысты әңгіме өрбіді.

Жергілікті қалаулылар сон­дай-ақ өңірдегі экологиялық мәселелерді де қозғады. Оларды әсіресе өнеркәсіптік өндіріс орындарының атмосфераны ластауы ерекше алаңдатып отыр.

Сенат төрағасы табиғатты қорғау қызметін қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Ол бүгінде экологиялық көп зиян келтіретін кәсіпорындар аз айыппұл тө­леумен құтылып келе жатқанын, дегенмен бұл жағдайды өзгерту керектігін атап өтті. Экология үшін жиналған қаражатты бөлу ісінде де назар аударатын мәсе­лелер бар.

– Бұл айыппұлдар қайда ке­тіп жатыр, олар қайда жинақ­талады, кімнің қарамағына тү­седі? Біз оны Үкіметпен ба­йып­ты түрде талқылауымыз керек. Негізі былай болуы керек: об­лыста орналасқан кәсіпо­рын­дардың миссияларынан жи­налатын қаржының едәуір бөлігі облыстың өзінде қалып, табиғат қорғау шараларына жіберілуі тиіс! – деді Дариға Нұрсұл­тан­қызы.

Д.Назарбаева С.Торайғыров атындағы ғылыми әмбебап кі­тапханасында облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүше­лерімен кездесті. Билік пен ха­лық арасындағы диалогта жұрт­шылық өкілдерінің рөлі, сондай-ақ қоғамдық кеңестер жұмысы­ның тетіктерін жетілдіру – тал­қылауға өзек болды.

Сенат басшысы «Павлодар» арнайы экономикалық айма­ғында орын тепкен байытылған алюминий өндіру зауытын да аралады.

Дариға Назарбаеваға АЭА жұмысы паш етіліп, инвес­тор­ларға арналған жағдайлар туралы айтылды. Сенат төрағасы байы­тылған алюминий шығаратын және оның жеңіл балқымасынан автомобиль дискілерін жасайтын Giessenhaus зауытының жұмы­сымен танысты. Зауыт 2017 жы­лы іске қосылған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5 400 тон­на өнімді құрайды.

 

Елдос СЕНБАЙ