«СҚ-Фармация» қоймасы неге сарқыла береді?
«СҚ-Фармация» қоймасы неге сарқыла береді?

Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны қайта көбейіп, еселеніп жатыр. Жаз ортасында індетті ауыздықтай алмауға дәрі тап­шылығының себеп болғанын жақсы білеміз. Талай сын айтылды, ақыры бар мінді «СҚ-Фармация» мойнына іліп, енді мұндай тапшылық болмайтынына өзімізді сендіргендей едік. Бірақ дерттің екінші толқыны «әне-міне келеді» деп жүргенде дәрі-дәрмек таппай қайта сенделер түріміз бар.

Тағы да дәрі тапшы

Осы жолы да «СҚ-Фармация» қой­масының бос қалған сөресі көп секілді. 26 қазанда «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі және Тауарлар мен көр­сетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­­таменті, «Фармацевтика қызметін қолдау және дамыту қауым­дастығы» филиа­­лының маман­дарымен бірлесіп, «СҚ-Фармация» ЖШС қой­маларын тек­серген. Бар мәселе тек­серіс қоры­тын­дысынан туындап отыр. Мо­ниторинг тобы қоймада дәрі-дәр­мектің 32 түрі барын анықтаған. Бірақ коро­на­вирусқа қарсы күресетін 12 пре­парат қоймада жоқ болып шықты. Одан бөлек, тағы 5 түрлі дәрінің жет­кізілу шарты болмаған. Осыған дейін ін­деттің екінші толқыны бола­тыны жайлы талай айтылды. Алайда «СҚ-Фар­мация» неге әзір болмай шық­ты? Бұл сауалдың жауабын біл­мекке ме­кеменің баспасөз хатшысы Айгерім Жүсіп­бек­қызына хабарласқан едік. Ол қазіргі уақытта дәрілердің шұғыл жет­кізіліп жатқанын айтты.
– 12 тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы күресетін 44 түрлі дәрінің тізімі бар хаттамасы шықты. Қазір 8,2 миллиард теңге тұратын дәрінің 44 түрін сатып алу процесі жүріп жатыр. Бұл бір айда 60 мың науқасты емдеуге көмектеседі. Қазір дәрінің 38 түрі жеткізілді. 20 қарашаға дейін түгел жеткізіп үл­гереміз. Сосын бұл қор 2 айға жетеді. Қой­малардағы дәрі-дәрмек мөлшері үнемі бақылауда, қа­жет­тілікке қарай тау­сылып бара жатқан препаттарды толықтырып оты­ра­мыз, – дейді ол.
Сонымен, қарашаның соңына дейін дәрі жетіспеушілігі толығымен жойыл­мақшы екен. «СҚ-Фармация» мәлі­метіне көз жүгіртсек, жалпы дәрі-дәрмек қоры­ның 35 пайызы – Алматыға, 30 пайызы – Нұр-Сұлтан қаласына, 15 пайызы Ақтөбе қаласына жөнелтілсе, қалған 20 пайызы Шым­кент қаласына жол тартады. Жазда осы ұжымға қатысты дау туғанда шенділердің көбі қойманың түбін қаққандай болды. Сол кезде бәрі дәрі қорының жеткілікті екенін айтып қуантқандай еді. Бірақ кезекті рет ке­зіккен кемшілік даудан басы арылмаған «СҚ-Фармацияның» ескі күнін еске сала беретіндей.

Бір елге бір мекеменің қоймасы жете ме?

Жалпы, «СҚ-Фармация» бүкіл елдің дәрі-дәрмегін иемденіп, монополия орнатып тұрғандай көрінеді. 2017 жылы компания мемлекетке 1,3 млрд теңге айыппұл төлеген болатын. Сол кезде Ұлттық экономика министрлігі ұжымды өзге бақталастарының мүддесін шектейді деп айыптаған. 2009 жылы «Самұрық-Қазына» компаниясының жанынан құрылған «СҚ-Фармация» 4 жылдан кейін Денсаулық сақтау министрінің қол астына өтті. 11 жылдан астам басы дауда өткен компанияның төрағалығы алты рет ауысқан екен. Содан бері компа­нияның аз уақытта біраз «тарихи оқи­ғаларды» жасағанын аңғарамыз. 2017 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа «СҚ-Фармацияның» тө­рағасын ауыстыруды тапсырған болатын. Жаңа басшы ретінде тағайындалған Максим Касаткин жеті ай уақыт қызмет еткеннен кейін 1,8 млрд қаражатты жымқырды деген айыппен істі болған еді. Компания кесапатынан Денсаулық сақтау министрлігінің беделді қыз­мет­кер­лері де зардап шеккен. Соның бірі – Лариса Пак. «10 миллион теңге кө­ле­мін­де пара алды» деген айыппен 2 жыл тер­­­­геуде болып, кейін үйқамаққа жібе­рілді. Көр­сетілген қысымға шы­дамаған Ла­­риса Пак жүрек талмасынан қайтыс болды. Жаз ортасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СҚ-Фармацияны» 2 жыл басқарған Берік Шәріпті орнынан босатуды тапсырған болатын. «Тергеуді бастаңдар» деген бұйрықтан кейін Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз жұмысына кірісіп кеткен. Көпшілік экс-басшы Берік Шәріптің орнына келген Ерхат Есқалиевті де сынға алған. Ша­малауымызға, бұл азаматтың ме­дицинаға түк қатысы жоқ. Дауы енді басылғандай болғанда «СҚ-Фар­ма­цияның» қой­масында дәрі жетіспей жат­қаны ескі жараның бетін тыр­найтындай. Одан бөлек, «СҚ-Фармация» ком­паниясы қызметкерлерінің жалақысы да қызу талқыға түскенін білеміз. 2018 жылы қызметкерлер айлығына 1 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 1,5 млрд теңге қарастырылған. Есепке шаққанда шамамен 150 қызметкер 850 000 теңге жалақы алған. Алайда компания өкілдері бұл айтылғандарды не растамады, не жалған екенін айтпады. Жабулы қазан күйінде қалып отыр. Қорыта айтар болсақ, жамандық ша­қырғанымыз емес, бірақ індеттің екін­ші толқыны бола қалған жағдайда дәрі-дәрмектен тапшылық көрмейміз деп айта аламыз ба? Соңғы 3 күнде дерт жұқ­­­­тырғандар саны қалыпты жағдайдан асып, күніне 400-ден астам адам тір­ке­­луде. Басы осылай басталса, соңы қалай жалғасары беймәлім. Ал «СҚ-Фармация» қоймасы неге сарқыла береді екен?

мадиярМадияр ТӨЛЕУ