«Астана LRT»: прокурор айыпты 5 сағат оқыды
«Астана LRT»: прокурор айыпты 5 сағат оқыды

Нұр-Сұлтан қаласында «Астана LRT» құрылысына қатысты бюджет қаржысын жымқыру бойынша сот отырысы жалғасуда. Әрине, еліміз үшін «ғасыр жобасы» аталған орасан құрылыстың бұлайша тұралап қалғаны өкінішті. Болмаса, жеңіл рельсті көлік құрамдары белгіленген бағдар бойынша зыр-зыр қатынап, аша бағаналар қаланың мақтан тұтар атрибутына айналар еді. Өйткені жобасы 8 жыл бұрын сызылып, құрылысы 5 жыл бұрын басталған бұл инфрақұрылым биыл жазда пайдалануға берілуі тиіс болатын. Амал жоқ, әзірге жол бойындағы жаңаша тасымалға тамсанып емес, сот залынан жемқорлыққа қынжылып хабар таратуға мәжбүрміз.

Бес сағат – бес миллиард

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай­ға байланысты сот отырысы онлайн өту­де. 20 қазанда басталған соттың бірін­ші отырысы 29 қазанға белгіленген болатын. Оны судья Қажымұқан Меке­мтас жүргізіп, айыпталушылар сотқа қа­шықтан қатысуда. Бүгінге дейін үш отырыс өтіп, бірінші күні айыпталушылар таныс­тырылып, процессуалдық прокурор Жангелді Есебаев айыптау актін 5 са­ғат оқыса, одан кейінгі отырыстарда куә­лар жауап бере бастады. Бұған дейін бұл іске 11 адамның қатысы бар деп айтыл­ғанымен, қазір 9 адамның аты ата­лып отыр. Олардың екеуі – Астана қала­сы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан ше­т­ел­де қашып жүргендіктен, оларға халық­а­ралық іздеу жарияланған болса, сотта жауап беріп жатқан жетеудің біреуі ғана өз кінәсін толық мойындап отыр. Ол – Astana Innovations АҚ-ның бұрынғы бас­қарма төрағасы Талғат Әшім. Ал  қалалық мәслихаттың бұ­рын­ғы хатшысы және депутаты Жанат Нұр­пейісов кінәсін мойындаған жоқ. Үш адам тағылып отырған айыптармен келіс­пейтінін білдірді. Олар – қала­лық Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлері Улугбек Ачилов пен Дәурен Әбдіхамитов. Ал осы серіктестіктің басқа бұрынғы қыз­мет­керлері Тимур Қасабаев пен Дулат Мусенов өздеріне тағылған айыпты іші­нара ғана мойындап, прокурор қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырды деген тұста келіспейтінін жеткізді. Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 262-бабы «Ұйымдасқан топ құру және басшылық жасау» және 189-бабы «Бө­теннің сеніп тапсырылған мүлкін ием­деніп кету және талан-таражға салу» бо­йынша айыпталып отыр. Айыптау актінен белгілі болғандай, мұндағы бар былықтың басында тұрған қашып жүрген екеу. Қанат Сұлтанбеков өзінің пайдакүнемдік ойын жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрған. Оған Талған Ардан мен Рашид Аманжоловты тартқан. Осылайша, олар жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының құрылысына кететін шығынды 24 мил­лиард теңгеге артық көрсетіп, бюджет ақ­шасын жымқырып, бюджетке 5 833 300 827 теңге залал келтірген. Прокурордың 5 миллиард теңгені жымқырудың әртүрлі схемасын түсіндіретін айыптау актісін оқуға 5 сағат жұмсағанына қарағанда, сот про­цесі таяу уақытта аяқтала қоймасы анық.

 Сотта белгілі болғандай...

Прокурордың айтуынша, «Астана LRT» жобасының түпкі идеясы қаланың бар­лық қоғамдық көліктерінің басын қо­сатын негізгі тұғырнамалық көлік жү­йесі болуы тиіс еді. Оның жолаушылар та­сымалының әуе және теміржол саласын жал­ғап, автобус бағдарларының торабында аял­дамалар жасауы осыны айқындайды. Же­ңіл рельсті көлік жобасын Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асыру қаншалықты мүм­кін екенін түсіну үшін Германиядан, Канададан, Оңтүстік Кореядан компания­лар тартылып, бірнеше техникалық-эко­номикалық негіздемелері жасап шы­ғарылған. Осылайша, 2011 жылы 26 сә­уірде 100% мемлекеттің қатысуымен «Астана LRT» компаниясы құрылса, 2012 жылы Үкіметтің шешімімен осы ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңі басталады. «Құрылыс басталар шақта Қанат Сұлтанбеков бюджет қаржысын жымқыру мақсатымен жоспар жасап, онысын сәтті жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрады. Топ мүшелері бір-бірімен етене таныс болмаған, бірақ келесі адамның құзыреті неге жететінін білген, соған сәйкес әрекет етіп отырған. Оларды біріктірген бір нәрсе – қаржысы көп жобадан ақша жеу. Өзара сөз байласа отырып, жоғарыда көрсетілген тұлғалар айналымнан  заңсыз ақша шығару және қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша қылмыстық схема құрған. Яғни, сметалық құжат жасау, техникалық бақылау, мем­лекеттік сатып алу сынды жұмыстар кей­бір жерде артығымен бағаланып отыр­ған. Мәселен, нысанның құрылысын салуда нақты орындалмаған жұмыстардың бағасын қасақана көтеріп көрсеткен», – дейді процессуалдық прокурор Жангелді Есебаев. Ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі, әрі ұйымдас­тыру­шыларының бірі Талғат Ардан 2012 жылдың соңында бұл іске досы Дәурен Әбдіхамитовты тартады. Сұлтан­беков қылмыстық топ мүшелеріне әрқай­сысының қызмет лауазымына, әлеуметтік жағдайына, іскерлік қарымына қарай жасайтын әрекетін бөліп беріп отырған. Топ мүшелері жасақталып болған соң Тал­ғат Ардан мемлекеттік сатып алу ке­зінде жалған бәсекелестік туғызып, тен­дерді өздеріне қарасты мердігерлерге ұт­қызып берген. Одан соң мердігерлер түр­лі себептермен мемлекеттік сатып алу бағасын өсіріп көрсетіп, қосымша келісімшарт жасаған. Рашид Аманжолов мемлекеттік органның басшысы ретінде алдын ала кедергілерді анықтап, қылмысты жасауға жағдай туғызған. Сол үшін тиісті құжат әзірлеп, қол қойып отырған. Сол құжаттардың негізінде бюджеттен ақша бөлінген. Кейіннен ол өзінің қол қою құқығын Қанат Сұлтанбековпен бөліседі. Астана LRT 2014 жылдың соңында Қанат Сұлтан­беков қызметінен кеткен кезде де қыл­мыстық топтың әрекеті тоқтамай Талғат Арданның басқаруымен 2016 жылға дейін жалғасады. 2017 жылы шілде айында Арданның өкілеттілігі тоқтатылады. Сол кезде ғана қылмыстық топ тарап кетеді. Сақалды құрылысқа айналған жоба­ның иесі бүгінде атауын өзгертіп үлгерді. «Астана LRT» қазір CTS деп аталады. Оның басқарушы директоры Айтқазы Артықбаев сотқа куә ретінде қатысуда.

 Алғашқы куәлар – алғашқы детальдар

Сотта бірінші болып жауап берген куә Айна Ержанова компанияға жұмысқа 2012 жылдың көктемінде келіпті. Ол айыпталушылардың ақша жымқыруда қандай рөл атқарғанын айтып берді. Оның айтуынша, LRT жобасының қарқынды даму кезеңі 2011 жылы басталған. Осы кезде «Астана LRT» компаниясына 10 миллиард теңге көлемінде Жарғылық капиталы берілген. Бұл ақша ЖШС-нің екінші деңгейлі банктердің біріндегі есептік шотына түседі. Ол кезде бюджеттен бөлінген ақшаны банкке салуға рұқсат бар болатын. «2011 жылы мұнда сырттай істедім. Нақты жұмысқа келген кезім жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭО), қаржылық-экономикалық негіз­демесі (ФЭО) жасалып, жұмыс қарқын алған кез еді. Осы екі құжаттың негізінде мемлекеттік сатып алу, консультанттар тарту, жобалық-сметалық құжаттамалар (ПСД) жасау бойынша конкурстар өткізіле бастады. Бірде Талғат Ардан кезекті бір жиыннан оралған соң «француздық және қазақстандық компаниялардан тұратын консорциум» құратын ойы бар екенін айтты. Ал оған дейін осы айтып отырған француздық Systra және «Нұр Трейд» компаниясымен консультация беру бойынша келісімшарт жасалды. Шетелдік инженерлік-консалтингтік компанияны Алан Годри басқаратын. Ал қазақстандықты Әділет деген жігіт еді. Фамилиясын ұмытып тұрмын», – дейді ол. Консорциум құрудағы мақсат – фран­цуз компаниясын мемлекеттік сатып алуға қатыстыру болыпты. Өйткені ол уақытта оған Қазақстанның резиденттері қатыса алған. Ал қазір айыпталушылар қатарында отырған Улугбек Ачилов «Нұр-Трейдтің» қаржылық директоры болған. Осындай консорциум жобалау бойынша да құрылған. Мұнда испаниялық Tipsa компаниясы мен қазақстандық «Энджи Пром» компаниясы біріктірілген. Одан бөлек, Талғат Ардан кон­курстардың көпке жария болмай өтке­нін көздеген екен. «Талғат Ардан бұл жобаға өресі жетпей­тін консультанттар мен жобалаушылардың келгенін қаламады. Сол себептен ол түрлі жолдарын іздеп, компаниядан тыс та ақыл-кеңес алып жүрді. Бірде ол «арнайы тәртіппен мемлекеттік сатып алуды өт­кізуге бола ма? Біліңдер!» деп маған және заңгер Анастасия Алиеваға тапсырма бер­ді. Біз болатынын, мұндай тәсілдің электронды форматқа өтпегенін және өте тар аяда ғана қағаз жүзінде жүргізілетінін айттық», – дейді Айна Ержанова. Одан соң компания осы арнайы тәсілмен мемлекеттік сатып алу өткізуге рұқсат алып, қазір айыпталушылар қата­рында отырған Рашид Аманжолов басқаратын қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сайтында ғана хабарландыру жарияланады. Оған қатысуға ұмтылған корейдің бе, қытайдың ба компаниясы құжаттары қате деп кейін қайтарылып, конкурстан Systra командасы ұтып шыққан. Келесі куә Айтқазы Артықбаев испа­ния­лық компаниямен болған былықтарды айтып берді. Техникалық-экономикалық негіздемелер болған соң (ТЭО) жобалық-сметалық құжаттамалар (ПСД) жасауда да Қазақстаннан мұндай үлкен жоба жасауда тәжірибесі бар компания табылмай, тағы да шетелден іздеген. «Осылайша, бізді кураторымыз Сұл­тан­беков мырза (қала әкімінің бұ­рынғы орынбасары) Испанияның компания­сымен таныстырды. Жобаны да солар жа­сай­тын болды. Жұмыстың 30%-ын бол­ғаннан кейін олар ақша төлеуді сұрады. Біз төрағаға (Талғат Ардан) кіріп, «жұмыс ау­қымы толық орындалған жоқ, біз оны тек сарапшы компанияның қатысуымен ғана қабылдап алуымыз керек» екенін айт­тық. Оған ол бірден қарсы болды. «Жоқ, болмайды! Біз бұл компанияға BRT-ның да (Bus rapid transit – жүрдек автобус көлігі) жобалау құжаттарын жасатамыз. Олар қазір 2 миллиард 800 миллион тең­генің жұмысын жасады. Қазір-ақ қабылдап алатын болыңдар» деп айтты. Одан мен өз басым бірден бас тарттым. Олардың жұмыс ауқымының 30%-ын орындағанына сенбейтінімді айттым», – дейді ол. Сол кезде Талғат Ардан бүкіл техни­калық бөлімді жинап алып, барлығы 20 адам, «құжаттарын жылдам тексеріп, жұ­мысты тездетіп қабылдаңдар» деп ұрысқан. Бұл әкімдіктің талабы, жоба әкімшіліктің тапсырмасы деген секілді мағынада сөздер айтқан. «Осыдан кейін барып барлық қызмет­кер қабылдау құжаттарына қол қоя бастады. Тек содан соң ғана мен қабылдадым. Оның өзінде де қызметкерлерде жұмыстың то­лық орындалғаны туралы сенім болған жоқ. Ал менің сарапшы компания жалдау туралы ұсынысымды ол қабылдамады. «Онда мен сендерге не үшін ақша төлеп отырмын? Сырттан көмекке жүгінетін бол­сақ, сендердің қажеттерің қанша?» деп айтты», – дейді Айтқазы Артықбаев. P.S. Әрине, мұнымен сот әлі аяқталған жоқ. Дегенмен алғашқы отырыстан-ақ мемлекет қаржысын жымқырғандардың қандай амал-айла жасағанын байқадық. Біз алдағы уақытта да осы сот процесі жайлы жазатын боламыз.

Нұрлан ҚОСАЙ