Тіптен біреулер 4 млн теңгесін сол сәтте қалай аударғанымызды сезбедік, бізге гипноз жасауы мүмкін дейді. Қолдарына берген келісімшартты кейін мұқият оқығанда алданғандарын кеш түсінген, – деп хабарлайды КТК.
Гүлнәр Шафудинова әуежайда жүргізілген әлеуметтік сауалнамада өзі туралы мәліметті толтырған. Артынша оған «жолдама ұттың» деп хабарласып, «Империум» агенттігінің кеңсесіне шақырған. Сол жерде қалайша 4 млн теңгемді оңай аударғанымды әлі түсінбеймін дейді.Заңгерлердің айтуынша, қызметі күмәнді агенттікті құзырлы орындар тексеруі тиіс.Гүлнәр Шафудинова: «Ішке кіргенде он шақты жұбымен күйеуі мен әйелдері отырды. Әуеннің дауысы қатты шығып тұрды. Әр жұппен жеке-жеке сөйлесті. Маған сегіз жылда әлемнің сегіз еліне барасыз деді. Соған бар ақшамды қалай бергенімді білмедім. Артынан қайтарғым келді. Бірақ келісімшартта қайтару көзделмеген деп шығарып салды», – дейді.
Алдандық деген алты адам Алматының полиция департаментіне арызын қалдырды. Олардың қатары әлі де толығуы мүмкін.Адвокат Мұрат Амитов: «Ақшаны қайтар деген талаптарына олар біз ақшаны қайтармаймыз деген жауаптары қолдарында бар. Сол себептен біз бұл жерде қылмыстың құрамын көріп отырмыз. Ары қарай құқық қорғау органдары дұрыс саралайды», – дейді.
Нұр-Сұлтан қаласында да «Империум» компаниясының құрбанымыз деген азаматтар шығып жатыр. Белгілісі, бәрі де әуежайда толтырған сауалнамадан кейін агенттікке алдандық дейді.