Алматы ауасын ластаған кім?
Алматы ауасын ластаған кім?

Қалада қандай да бір келеңсіз­дік пайда болса, оған Nur Otan партиясы бірінші болып назар аударуға тырысады. Осы жолы да солай. Партияның қалалық фи­лиалы Медеу ауданы тұрғында­ры­ның арызына көңіл бөлді.

Шаһардың тау беткейінде тұрып жатқан тұрғындар біраздан бері көңірсіген күлімсі иіспен тыныстауға мәжбүр болып жүр. Оған кінәлі зауыт та, фабрика да емес, кәдімгі баспахана. Күні кеше партия филиалының басшылығы Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы және Алматы қаласы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірігіп аталған мекемеге бақылау жүргізді. Сөйтіп, жағдаймен мейлінше тереңірек танысты.

Кәсіпорын сыртқа шығарып тастаған зиянды қалдықтар тұрғындардың денсау­лығына қауіп төндіре бастаған. Адамдардың басы, асқазаны ауы­рып, соңғы кезде көздің жасаурауы да жиілеп кеткен. Тұрғын Павел Шутьевтің айтуынша, кәсіпорын жұмы­сының кесірінен әйелі соңғы бірнеше айда 3 рет инсульт алған. Алай­да денсаулығымен әуре болған жалғыз бұл отбасы емес. Тәт­тімбет көшесінде тұра­тын өзге де азаматтар денсаулықтарының на­шарлағанын сезген. Сол себепті, олар үнемі бетперде тағуға мәжбүр. Балаларын да көшеге шы­ғаруды сиреткен. Тұрғындар қалалық әкім­дікке, проку­ра­ту­раға арыз жазған, ме­кеме бас­шыларын сотқа да берген. Осыған байла­ныс­ты 3 сот оты­рысы да өтіп үлгеріпті. Ал­да­ғы бір айда қо­ры­тынды отырыс өтуі тиіс.

Партия басшылығы баспаханаға барға­нымен, оларға да, журналистерге де мекеме аумағына кіру мүмкін болмады. Сот үкіміне дейін мекеме иелері жағдайды баян­дауға, ішке ешкімді кіргізуге құлықты емес.

– Қазір Санитарлық-эпидемиологиялық мемлекеттік департаментімен бірге аталған жағдай бойынша іс сотқа жөнелтілді. Онда мекеме жұмысын тоқтату және тұрғындарға материалдық шығын өндіріп беру атап көр­се­тілген. Партия бұл мәселені толық ше­ші­мін тапқанға дейін бақылауына алады, – дей­ді қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ