«Ғұмыры қысқа» қылмыстық істер
«Ғұмыры қысқа» қылмыстық істер
177
оқылды

29 қазан күні қылмыс құрамының аз болуына байла­нысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқта­тылды. Осылайша, қаржы полициясының тұтқындауына Бас прокуратура тосқауыл қойды.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың өзі «Ман­зоровқа тағар ешбір айыбымыз жоқ» деп ағынан жарылыпты. Сөйтіп, айыптан ада болған ше­неунік 30 қазан күні жұмысына кірісіп кеткен. Еске салсақ, Ман­зоров қыркүйектің соңында қыз­меттік өкілеттілігін пайдалана отыра аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген күдікпен тұтқын­ға алынған болатын. 30 қыркүйекте ол денсаулығына байланысты де­малыс алып, кейінірек ақысыз еңбек демалысына шығу туралы өтініш жазған. Тұтқындалған соң алдымен тергеу изоляторына отыр­ған. Сосын бұлтартпау ша­расы үй қамауына ауыстырылған.

Әкім орынбасарының шатақ іске басы шатылғаны туралы Жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Сенат отырысында ха­барлаған еді. Кейінірек күдіктінің Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша айыпталғаны анықтал­ды. Осылайша, кеше ғана аса ірі кө­лемдегі алаяқ атануға шақ тұрған шенеунік қайта бостандыққа шық­ты. Әлеуметтік желіде Бас про­ку­ра­тураның мәлімдемесіне сен­ген­дер мен сенбегендер әдеттегідей екі­ге жарылған. Сенбейін десең, рес­­ми мәлімдеп тұр. Сенейін де­сең, уәж тым қарабайыр. Терең емес. Былай қарасаң, Конститу­ция – ортақ, заң – бірдей. Бірақ билік құрылымы ешкімге еш­нәрсе түсін­діріп, талдап жатпайтын өзінің жа­бық әлемінде өмір сүруін әрі қарай жалғастыруда. Бұл кез­десіп отырған бірінші жағдай емес...

Қазақстан заң органдары әре­кетінің өзара үйлеспеуі біртіндеп аксиомаға айналып бара жатыр. Балғасын тарсылдатқан судья қай уақытта да әділетті болуға тиіс еді. Ал біз миллион доллар алған шен­дінің өзін оңай босата саламыз. Ол үшін «Ни оқиғасын» еске түсірсек, жетіп жатыр. 2017 жылы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лықаралық орталығының бұ­рынғы басшысы Василий Ни миллион доллар пара алу үстінде ұсталған. Ол осының өтемі ретінде әлдебір компанияға шекара ма­ңын­да қонақүй кешенін салуға рұқсат бермек болған. Алайда істі қараған Алматы қалалық қыл­мыс­тық істер бойынша мамандан­дырыл­ған ауданаралық соты Ниге абақтының «қара көжесін» қимай қалды.

– Ниге қатысты іс негізінде аяқ­талмаған қылмыс болып сана­л­ады. Ол өз кінәсін мойындады және өкінетінін айтты. Ешқандай зиян жоқ. ҚР ҚК-нің 65-бабы бойынша – егер ол өз қылмысы үшін өкінетін болса және ешқандай залал келтірмесе, сондай-ақ істі ашуға көмектессе, онда ол боса­ты­лады. Заңда солай көрсетіл­ген, – дейді қалалық соттың төрағасы Ақжан Ештай.

«Күштінің арты диірмен тарт­қаны» бір бұл емес. 2013 жылы қазан айында «Каспий» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­ция­сының бұрынғы басшысы Асқар Нұрға­лиевке қатысты қылмыстық іс шорт кесілді. Тергеу деректері бо­йынша, 2010-2011 жылдары «Авиа­компанияИнвестАвиа» АҚ алты әуекемесін, құрылғылар және қосымша бөліктер сатып алу туралы заңсыз шешім қабылдап, мемлекет қазынасына 1 миллиард 826 мың теңге залал келтірген. Соған қарамастан қылмыстық іс тоқтатылды. Маңғыстау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Берік Әбілов «Барлық материалдық шығын өтелді. 2 миллиард теңге «Каспийге» қайтарылды. Іс өткен айда жабылды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Нұрғалиевтің өзі кәсіпкер. Қылмыстық іс тиесілі бап бойынша тараптардың өзара бітімге келуі арқылы істі жабуға болады.

Органның ерекшелігі сол, «заң­ды» қалағанынша құбылтып пайдалануға шебер. 2015 жылы Қа­рағандыда сол кездегі Экономи­калық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Шабақбаевтың қызы Меруерт Шабақбаева өз көлігімен жол апатына ұшырап, оқыс оқиғадан Диас Әжіғалиев және Евгений Тоқмақов есімді екі азамат көз жұмған еді. Ақырында Қарағанды облыстық ІІД «жол апатына кінәлі Диас Әжіғалиевтің көз жұмуына байланысты қылмыстық іс тоқта­тылды» деген пәтуаға келді. Қа­рағанды облыстық және қалалық прокуратурасы да бұл процес­суал­ды шешімге бірауыздан келіскен. Алайда қайтыс болғандардың туыстары «көлікті Диас Әжіғалиев тізгіндеген, ал Шабақбаева жолау­шы жағында отырған» деген тұжы­рымға сенбейтіндерін айтқан. Оқи­ға орнынан түсірілген бей­не­таспаға қатысты ІІД қызметкері «Мен бұл туралы айтпаймын. Тер­геу құпиясы» деп қысқа қайырған.

Осыдан 6 жыл бұрын Қара­ғанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Сәдуақасовқа қатысты да тура осын­дай жағдай қайталанған. Аймақтың бас дәрігері бюджеттің 19,5 миллион теңгесін жымқырды деп айыпталып, оған қарсы қыл­мыстық іс қозғалған. Алайда көп уақыт өтпей Қарағанды облысы бо­йынша қаржы полициясы депар­таменті Сәдуа­қасовтан айыпты алып тастаған. «Аталған қылмыс­тық іс Қылмыс­тық процессуалдық кодексінің 37-бабы негізінде қыл­мыс құрамы­ның аздығына байла­нысты тоқ­татылды. Қазір процес­суалдық ше­шімнің заңдық тұрғыда дұ­рыстығын тек­серу үшін мате­риал­дар облыс­тық прокуратураға жібе­рілді» деген еді департаменттің баспасөз хат­шысы Гүлжан Сү­лейменова.

Шын мәнінде, қазына қаржы­сы инсулин алу үшін әлдебір ком­панияға берілген. Бірақ белгілі бол­­­ғандай аталған фирма еш­қан­дай қызмет көрсетпеген. Қаржы поли­циясы сол уақытта «дәл мұн­дай қитұрқылық облыстық ден­саулық сақтау басқармасының төраға­сын­сыз шешілуі мүмкін емес» деген еді. Сөйте тұра жеме-жемге келгенде «қылмыс құрамы жетпей қалады».

Кеден саласының майын шай­қап, несібесін сарқып ішкен тағы бір шенді де бірер жыл бұрын аса ірі айыптаудан сытылып кеткен. Қаржы министрлігі Кедендік ба­қылау комитеті төрағасының бұ­рынғы орынбасары Александр Кочубейге де қызметтік өкілет­ті­лігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Ол «нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес» мем­лекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекетіне құрылғылар сатып алу бойынша қызметтік өкілет­тілігін пайдаланып, 589 миллион 590 мың теңге залал келтірген. Кочубей ісі бойынша сот процесі 2013 жылдың маусымында баста­лып, тамыз айында қосымша зерт­теу жүргізген. Алайда елордадағы Алматы аудандық №2 соты Ко­чу­бейді қылмыстық жауапкер­шілік­тен босатып жіберген.

«Қылмыстық кодекстің 68-ба­бы 1-бөлімі негізінде (жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату) Кочу­бейге қатысты қылмыстық іс тоқ­татылды. Кеден бекетіндегі барлық құрылғы жұмыс істеп тұр, мем­ле­кетке пайдасы зор» депті оның адвокаты Владимир Царенко.

Тізе берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің жазға­ны­мыз – соның етжеңділері ғана. Көпке ортақ деп айтылатын заң­ның кей шенділерге іш тартатыны, қоғам дамуын тежеп жатқан секілді көрінеді кейде.