Жолдау туралы білмейтін тұрғындар әлі де бар – Бердібек Сапарбаев
Жолдау туралы білмейтін тұрғындар әлі де бар – Бердібек Сапарбаев
159
оқылды

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жергілікті жерлердегі жағдайдан хабардар адамдар мемлекеттің саясатын қарапайым, жалпақ тілмен түсіндіруі тиіс. Бұл мақсатта ақпараттық-насихаттау топтары құрылған.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов үгіт-насихат топтарының атқарған жұмыстары туралы баяндады. Ауыл тұрғындарына Жолдаудың негізгі ережелерін 11 облыстық және 75 аудандық топ мүшелері түсіндірді. Олар 27 000 тұрғынды қамтыған 700-ден астам кездесу өткізді. Дауыл Бейсенқұлов тұрғындардың жоғары белсенділігін атап өтті. Олар іс-шараларға ықыласпен қатысып, ой-пікірін ортаға салған. Кездесулерде кейбір әлеуметтік сипаттағы мәселелер де талқыланған. Бердібек Сапарбаев түскен ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізуді, олардың қисынды шешімін шығарып, соңына дейін жеткізуді тапсырды.

«Ақпараттық-насихат топтарының міндеті – тұрғындарға Жолдауды түсіндіру, мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат беру, сұрақтарға жауап қайтару. Дегенмен, жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы күткен нәтижеге қол жетпегенін көрсетіп отыр. Аудандарда Жолдау туралы білмейтін тұрғындар әлі де бар. Кейбіреулері оның мәні мен мазмұнынан, тіпті ондағы басым бағыттардан бейхабар», – деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев Байзақ, Меркі, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарындағы түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі туралы бірқатар ескертулер жасады.