Тамыр ұстау бизнес пе, шын шипа ма?
Тамыр ұстау бизнес пе, шын шипа ма?

Мамандардың айтуынша, дүниежүзінде Шығыс ме­дицинасының қыр-сырын үй­рететін факультеттер мен институттар бар. Жалпы, емдеудің өзегі – ине қою, шөп дәрі мен массаж. Ар­найы орталыққа бара қал­саңыз, тамыр ұстап, диагноз қоюы мүмкін. Ел арасында тамыр ұстап, ине қоюды ха­лықты алдау, ақша жасау деп түсінетіндер де жетерлік. Расымен, тамыр ұстау бизнес пе, әлде емдеу тәсілі ме?

«Алтын ине» емдеу-сауықтыру орталығының директоры Бекзат Бақдәулетқызының айтуынша, елордада 70-80-ге жуық шығыс медицинасымен емдейтін орталық бар. Көпшілігін Қытай асып келген бауырларымыз ашқан. Осындайда бірден жоғары санатты дәрігер Қайрат Айдарханның «Шипалы» емдеу орталығы еске түседі. Өйт­кені Қытайдың әйгілі адамдар сөз­дігіне кірген дәрігер – шығыс медицинасын елордаға әкелген алғашқылардың бірі. Ол бір сұх­батында «ақша үшін азғантай білімін таудай етіп көрсетіп, ли­цензияны сатып алып жатқандар бар. Сондықтан емделуге барғанда абай болған жөн» деген еді.

Тамыр ұстау – тәсіл

Ал тамыр ұстау туралы сөз қоз­ғағанда дәрігерлер пікірі екіге жарылады. Шығыс медицинасы өкілдерінің пікірінше, тамыр ұс­тау – диагноз қоюдың бір түрі. Жүйе бойынша, 28 түрлі тамыр соғысына байланысты әртүрлі ауруды анықтауға болады. Әрі тамыр ұстау тәсілі әр елдің меди­цинасына қарай сипаты өзгереді. Бұл қалай десеңіз, маман пікіріне мән беріңіз. «Тамыр ұстау әр елдің меди­цинасында бар. Кейбірінің ұстау әдісі мен орны бөлек. Мысалы, Қытай медицинасында оң қолдың, кәрі жіліктің тұсындағы артерияны ұстайды. Сол қолдың білезік буын­ның бас жағындағы тамыр соғысы жүректің, одан кейінгісі бауырдың, бүйректің қызметін білдіреді. Ал оң қолдың бірінші білезік буынның жанындағы тамыр өкпе, ортасы асқазан, көкбауыр жұмысын анықтайды. Соңғысы бүйрек пен іш құрылысы мен ішек жолдары жұмысына жауап береді. Диагноз 28 түрлі тамыр соғысына қарай жіктеледі. Әрбір тамыр со­ғысына қарай ауруды анық­таймыз. Мы­салы, тамырдың қатты, жойқын соғуы, қанның ыстығы – қан қы­сымы көтерілгеннің белгісі. Тамыр баяу соқса – әлсіздік. Оған қоса денедегі ылғалдың артқанын, жүк­тілік және тағы басқасын тамыр соғысы ар­қылы анықтайды», – дейді «Ал­тын ине» емдеу-сауық­тыру орта­лы­ғының дирек­торы Бек­зат Бақ­дәулетқызы. Дәрігердің айтуынша, тамыр соғысы арқылы диагноз қою үшін түйсік пен ұзақ жылғы тәжірибеге сүйену керек. Көп оқып, теорияны практикамен жалғағанда ғана тамыр райын жақсы меңгеруге болады. Алайда дәрігер Сымбат Нұр­қожақызы тамыр ұстап, диагноз қоюға қарсы. Өйткені тамыр соғысы мен жүрек соғысының ар­найы клас­сификациясы бар. Оның айтуынша, жүрек қызметін екі фазаға бөліп қарастырады. Систола (жиырылу) және диастола (бо­саңсу). Жүрек циклінің әртүрлі фазасының ұзақтығы жүректің жиырылу жиілігіне байланысты. Сондықтан тамыр ұстап, диагноз қойғанның өзінде арнайы меди­циналық тексерістен өту керек. «Тамыр диагностикасы біздің медицинада да қолданылады. Ол жүрек ырғағын, ритмін анықтауға ғана кө­мектеседі. Яғни, біз дәстүрлі меди­цинада тамыр соғысына қарап ешқандай диагноз қоя алмаймыз. Ал шығыс медицинасына келсек, олар ішкі органдардағы өзгерістерді айтып бере алады. Бірақ мұның арты қате диагноз қоюға әкелуі мүмкін. Мысалы, маған келген науқас алдымен шығыс меди­цинасына жүгінген. Оның мойын омыртқасында омыртқа жарығы болған. Содан басты шыдатпай ауыртады. Бұл – протрузия. Ал науқас мұның қандай ауру екенін білмеген. Орталыққа барса, тамы­рын ұстап, оған «өтің толған, сол үшін басың ауырып жүр» деп айт­қан. Сөйтіп, өтін айдайтын пре­парат берген, 10 күн бойы ем­деген. Қайталап айтам, мен мұндай диаг­ноз қоюға қарсымын. 28 түрлі та­мыр соғысын сезіп тұрса да, қо­сымша тексеріс артық етпейді. «Өтің толған» деді ме, арнайы УДЗ аппаратына түсуге, қан талдамасын жасауға кеңес берсін. Мүмкін ол жерде тас бар шығар. Сондықтан клиникалық симптомдарын тек­серіп көру керек. Көз жеткізген соң ғана емдеуді бастасын», – дейді дәрігер Сымбат Нұрқожақызы.

Алтын ине – 400 түрлі ауруға ем

Шығыс медицинасында тамыр ұстап, диагноз қойған соң шөп дәрімен, алтын инемен емдейді. Инемен емдеу үшін медициналық білім алу міндетті. Ал үйренгіңіз келсе, медициналық білім болуы керек. Мәселен, «Алтын ине» емдеу-сауықтыру орталығының директоры Бекзат Бақдәулетқызы инемен емдеу тәсілін үйрену оңай екенін айтады. Бірақ медицинадан хабарсыз адам өзгенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Инемен емдеу мен тамыр ұстаудың теориясы бір. Қытайдың дәстүрлі медицина университетінде инемен емдеу, нүктелі массаж мамандығы бойынша 6 жыл білім алдым. Инемен емдеу 400 түрлі ауруға ем. Мысалы, кейбір ауру­ларды укол-дәрісіз емдеуге болады. Антибиотиктің зияны тағы бар. Сол тұста алтын ине көмекке ке­леді. Буын, тізе аурулары, прос­тотит, грыжа, тағы басқа ауруларға инемен емдеу таптырмас ем. Жүйке жүйесі ауруларына да шипасы тиеді. Отамен ғана емдеуге келеді деген бірнеше ауруды ине мен шөп дәрінің көмегімен емдеп, жаздым. Мысалы, ортаңғы құлақтың қа­бынуы, мұрын қуысының қа­бынуы дейміз. Мұрын қа­бынуында ірің толып қалады. Мұны операция арқылы кесіп, ішіндегі іріңді алады. Ал инемен және шөп дәрінің көме­гімен қабынуды толығымен жеңуге болады», – дейді дәрігер Бекзат Бақдәулетқызы. Дәрігер айтқандай, кейіп­керіміз Шахмира Исмаилова батыс медицинасынан қайран бол­мағасын, шығыс медицинасына жүгінген. Ол бұрын мүлде иіс сезбеген екен. Арнайы орталыққа барып, тамырын ұстатып, емдеу курсынан өткен. «Инемен емес, шөп дәрі кө­мегімен емделдім. Бұрын мүлде иіс сезбейтінмін. Қаншама дәрігерге қаралып, қомақты қаржыға емделіп көрдім. Нәтиже болған жоқ. Кейін­нен шығыс медицинасы жайлы естідім. Осыдан нәтиже болар деген­дей, емделуге бекіндім. Мойын­дағы тамырымды ұстап, диагноз қойды. Мұрын мен құла­ғымды қатар емдеді. Жақсы кө­мектесті», – дейді Шах­мира Ис­маилова.

Нүкте – дәрі, ине – құрал

Ал Ләззат Бексұлтанқызы алтын инемен емдейтін екі орталықтың көмегіне жүгінгенін, алайда бірі тек ақшасын алып, жүрдім-бардым емдегенін айтады. Өйткені біріншісінде мүлдем нәтиже бермеген. «Іш құрылысым жиі мазалағандықтан, әртүрлі орталықтардың көмегіне жүгінемін. Ел арасында шығыс медицинасы жайлы көп айтқандықтан, алтын ине қойдырғым келді. Сөйтіп, арнайы орталыққа барғанымда, тамырымды ұстап, артынша бүйрек тұсыма ине қоя бастады. Осылай біраз уақыт емдеу курсын жал­ғастырдым. Бірақ нәтиже болмады. Туыстарымның ай­туымен, екінші бір орталықтың көмегіне жүгіндім. Алайда дәрігер маған клиникаға барып, ем қа­былдауым қажетін бірден айтты. Дәрі егіп, система салдырып, то­лық тексеруден өтуді нұсқады», – дейді Ләззат Бек­сұлтанқызы. Бұл турасында дәрігер Бекзат Бақдаулетқызы шығыс меди­цинасының атын жамылып, емдеу курсын жүргізетіндердің көп еке­нін айтады. Сондықтан емделмес бұрын дәрігердің біліктілік дәре­жесін анықтап алған жөн екен. «Дәрігерлік болсын, емшілік болсын бастысы – ар-ождан. Арамызда ақшаны алдыңғы орынға қойып, бір-екі тәсілді үйреніп алып, орталық ашатындар бар. Мәселен, Қытайда жеке орталықтан инемен емдеуді үйренсеңіз, үлкен ауруханаларда қызмет етемін деп армандамағаныңыз жөн. Өйткені мемлекеттік оқу орнын бітірмесеңіз, емханада жұмыс істей алмайсыз. Ал өз басым инемен емдеуді медициналық білімі бар адамға ғана үйретемін. Шығыс медицинасында нүкте рецеппен бара-бар. Яғни, нүкте – дәрі, ине – құрал. Медициналық білімі бар адам ғана құрал мен ем қондыра алады. Жалпы, ине қоюды үйреніп алу оңай. Бірақ жауапкершілігі мен міндеті жоғары», – дейді Бекзат Бақдаулетқызы. Айта кетерлігі, дәрігер батыс пен шығыс медицинасын біте қайнастырған жөн деп отыр. Өйткені батыс медицинасы жедел ауруларды емдеуге бейім екен. Ал шығыс медицинасы созылмалы ауруларға шипа табады. Шөп дәрі, массаж, иненің көмегіне жүгінеді. Әрине, диагнозға байланысты қандай емдеу тәсіліне жүгінетінін әркім өзі біледі. Бірақ маман кеңесін қаперде ұстаған артық етпейтіні белгілі.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ