Зейнеттегі офицер қоғамда орнын таба ма?
Зейнеттегі офицер қоғамда орнын таба ма?
199
оқылды

Әскери қызметі аяқталып, запасқа не отставкаға шыққан офицерлер бейбіт өмірде өз орнын іздеуге мәжбүр. Саналы ғұмырын Қарулы күштерге арнаған азаматтар мемлекеттен ерекше қамқорлық күтуге құқылы. Өйткені әскерден кейін ортаға тастай батып, судай сіңу қиын. Жаңа жұмыс табудан бастап қалыптасқан дағдыларды қайта қарауға дейін ұзақ уақыт қажет.

Әскерилерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау – мемлекеттің негізгі бір қағидасы. Қазақстанда офицерлер мен олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық кө­мек көрсетіледі. Тәуір зейнетақы тағайын­далған. Әуе, теміржол, су, автомобиль көлігі қызметтеріне жеңілдік жасалған. Басқа да қолдау шаралары баршылық. Өйткені олар өмірлерінің ең жарқын ке­зеңдерін ел қорғауға арнаған азаматтар. Күн-түн демей қызмет еткен адамдар. Бірақ запастағы немесе отставкадағы әс­керилер дегенде тіліміз тұтқырланып қа­лады. Өйткені олардың азаматтық қоғамға бейімделуінде түрлі қиыншылықтар да, өзіндік ерекшеліктер де болады. Армия офицерлері түрлі факторға қа­рай 40-45 жастан соң запасқа шығады. Кей­де денсаулығы жарамайды, кейде жасы келеді. Бұрынғы майорлар, под­пол­ковниктер, білдей бір бөлімшелерді басқарған полковниктер азаматтық салаға өткен соң да қоғамнан тыс қала алмайтыны белгілі. Сондықтан олар азаматтық салаға бейімделуі керек. Өйткені 45-47 жас дегеніңіз  – «ер жасының табалдырығы». Олай болса, запастағы немесе зейнеттегі әскерилердің  қызметін әрі қарай да  пай­да­лану мүмкіндігі бар деген сөз.  Алай­да біздің қоғамда  олардың өз орнын то­лық табуына кепілдік жоқ. Әрине,  ме­м­ле­кет  түрлі қамқорлықты жасайтыны рас.  Мәселен, бұрын аға офицерлер қа­та­рында болған азаматтардың  зейнет­ақылары да тәуір. Шамамен 200-300 мың теңге аралығында зейнетақы алады. Зей­нетақы мөлшері оның мәртебесіне, лауазымына, шеніне байланысты. Әрі экс-әскерилердің зейнетақысы азаматтық сала мамандарынан әлдеқайда мол. Мәселен, 2020 жылдың қазан айында еліміздегі ор­таша зейнетақы мөлшері  94 913 теңге болса,  осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2017 жылы  зей­нетке шыққан әскерилердің  орташа зей­нетақысы шамамен 110 мың теңге ша­масында еді. Әрі сол кезде  зейнетке шық­қан әскерилер саны 15 мың деп көр­сетілген  болатын. Бүгінде олардың нақты саны қанша екені айтылмайды. Ал зейнетақыларының көлемі өскені анық. Өйткені 3 жыл ішінде еліміздегі базалық зейнетақының да біршама өскені бар. Алайда экс-әскерилердің бәрінің бірдей шекесі шылқып, аузынан ақ май ағып отырғаны шамалы. Біреулер өтемақысы мен зейнетақысын азырқанады, әлі де көбейе түскенін қалайды. Сонымен, экс-әскерилердің бас ауруы не? 1-2 жыл бұрын ғана ірі әскери құрылымдарды басқарған азаматтар қазір не істеп жүр? Олар азаматтық салада қандай мәселемен бетпе-бет келеді? Сауал көп. Толыққанды жауап та жоқ. Өйткені  запастағы әскерилердің әлеуметтік-пси­хологиялық ахуалын зерделейтін  зерттеуді көзіміз шалмады. Болғанның  өзінде әс­керилер оны құпия ұстай ма, қайдам, әй­теуір олар жайлы айтылмайды. Былай қа­расаңыз, зейнетақысы тәп-тәуір. Нанға да, жағып жейтін майға да жетеді. Алайда әлі тұғырдан таймаған, күш-қуаты тұла бо­йында тулаған 40-45 жастағы адамдарды қо­ғам онша қабылдамайтын сияқты. Шынында да, кешегі шекара майоры, немесе арнайы қыз­мет подполковнигі қайда барады? Бәл­кім, олар күзет фирмаларын құрып, соны басқарып, мектептерде бастапқы әс­кери даярлық пәнінен сабақ беретін де шығар. Түрлі салалардан орын табуға тырысатыны анық. Алайда олардың аза­маттық қоғамға бейімделуіне бірқатар ке­дергілер бар. Мәселен, қазіргі заманда жақ­сы қызметке орналасу – қиямет-қайым ша­руа. Компаниялардың көбі сауатты, са­бырлы, шет тілдерін меңгерген, бірнеше жыл­дық тәжірибесі бар, 35 жасқа дейінгі маман іздейді. Ал 25-ке толмаған не 40-45 жастан асқан кадрларда мүмкіндік аз. Бұл санатқа студенттер, жақында ғана ЖОО бітірген түлектер, бұрынғы әскерилер мен полиция қызметкерлері кіреді. Қазір Қарулы күштердің жеке құрамының 70-73 пайызын құрайтын келісімшарт  әскерилерінің де зейнетақы, қоғамнан орын табуы тәрізді  мәселелері туындауы мүмкін. Бірақ ол  болашақтың «әңгімесі». Жалпы, әскерилер бұйрықты бұлжыт­пай орындауға үйренген. Көбі жауынгердің Ар-намыс кодексін қатаң ұстанады. Сон­дықтан  кәсіби дағды негізінде қа­лыптасқан мінез кейде азаматтық са­лаға сіңісе алмауына себеп болатыны бар.  Ондай адамдардың, мәселен пә­тер өткізетін риэлторға, болмаса сату жө­ніндегі менеджерге айналуы неғайбіл. Жыл­дар бойы тұрақты жүйеде жұмыс істе­ген экс-офицерлердің қысқа күнде қы­рық құбылатын жаһандық өзгерістерге ілесуі де оңай емес. Мундирдің абыройын сақ­таймын деп бизнестен ат-тонын ала қа­шқандарды да талай естідік. Күзетші, жүр­гізуші, алғашқы әскери дайындық мұ­ғалімі, кинолог, қоян-қолтық төбелестен жат­тықтырушы – запастағы әскерилер иге­ретін кәсіптердің ұзын-ырғасы ша­мамен осындай. Запастағы подполковник, әскери журналист Алтай Сиырбаевтың пікірінше, бұрынғы офицерлердің әлеуетін толық пайдаланған жөн. – Олар шаруашылыққа мықты. Қара­пайым сержанттар мен прапорщиктер күзетші ғана емес, электрик, сантехник, тіпті инженер бола алады. Мейлі, зейнет­ақысы 200 мың теңге болсын, оны есептемеу керек. Олар мемлекетке пайдасын тигізеді. Ал тәжірибелі майор, подполковник, полковниктерден ПИК (КСК) төрағасы, мектеп, колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасарлары шығар еді. Баяғыда Ауғанстаннан қайтқан жауын­герлер жер-жерде аула клубтарын құра­тын. Осы идеяны жаңғырту керек. Ардагер­лердің біразы бокс, каратэ, самбо, дзюдо, жекпе-жек өнерін жетік меңгерген. Ба­ла­лар мен жасөспірімдерді спортқа бау­луға болар еді. Бірнеше спортшыны та­нимын. Зейнетақысын жеп, үйінде бос жатыр. Бос жатқан адамның іші пы­сады. Кейбірі араққа салынады. Үлкен ұлт­тық компанияларда кеңесші болып отыр­ған генералдарды да білемін. Әрине, олар­дың тамыр-танысы, тәжірибесі, ин­теллектісі бар. Генералдар ондай орынға лайық. Полковниктер күзет агенттіктерін, қауіпсіздік қызметтерін басқарып жүр. Ма­йор, капитан сияқты ұсақ офицерлер амал­сыз күзетші болады, – дейді Алтай Сиырбаев. Әскери салада 21 жыл қызмет атқарған Мұхарбек Махамбеттің сөзінше, бұрынғы әскерилердің өз иерархиясы бар. – Қатардағы офицерлер болмаса, 100-200 адамдық ірі құрылымдарды басқарған полковниктер күзетші болмайды. Олар кабинетте отырып, күзет фирмаларын басқарады немесе өздері сондай компания ашып алады, – дейді зейнеткер. Негізі, не ішем, не кием деп уайым­дамай, ақшаның жайын күйттемей, қыз­метін ғана ойлауға тиіс мемлекет адамы­ның жұмыстан өзге нәрсеге басы қатпауы керек. Сонысына қарай Үкімет оған жағдай жасауға міндетті. Амал қанша, Қазақстанда «Әскери қызмет және әске­рилердің мәртебесі туралы» заңға сай не баспанаға, не өтемақыға қол жеткізе ал­май, сергелдеңге түскен экс-офицерлер көп. Бір жылдары үйсіз қалған запастағы әскерилер «СВ БОМЖ» қозғалысын құрған. Олардың жетекшісі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабековтің Қор­ғаныс министрлігіне наразылық белгісі ретінде құрылыс алаңында тұрған кранға шығып алғаны да есімізде. Осы орайда, Мұхарбек Махамбет «Әс­кери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заңда азаматтардың мүддесіне қайшы шикі жерлер барын алға тартады. – 2016-2017 жылдардан бастап зейнет­ке шыққан әріптестеріме ауыр тиді. Неге десеңіз, қызмет еткеніне күнтізбелік 20 жыл толғандар  өтемақысын алды. Менің алты балам бар. Құдайға шүкір, заң бойынша ақшамды берді, таңдаған пәтерімді сатып алдым. Қорғаныс ми­нистрлігіне ешқандай ренішім жоқ. Ал біреулер ала алмады. Оның себебі әртүрлі. Кейбірінің 20 жылға 1-2 күні жетпей, 1-2 күн үшін жылдар бойы соттасқан, – дейді экс-офицер. Аты-жөнін атамауды өтінген тағы бір подполковник зейнетақыдан мүлдем қағылғанын айтып ашынады. – Өзім ұмытылған санатқа жатамын. 2012 жылы 16 ақпанда «Әскери қыз­мет және әскерилердің мәртебесі ту­ра­лы» заң шықты. Ол заң бойынша пол­ковниктен шені төмендер 47 жастан соң зейнетке шығуы керек. 2013 жылы запасқа жіберілдім. Мен секілді жұмы­сымен шарасыз қоштасқандар көп. Енді қараңыз, олардың жартысы зейнетақы алады, жартысы алмайды. Неге? Се­бебі біз сияқтылар Қарулы күштерде үзі­ліс­сіз қызмет етпегенбіз. Біраз жыл бас­қа салада істеп, әскерге барғанбыз. Бая­ғыда ондайлардың еңбек өтілін қосып есеп­тейтін. Жаңа заң бойынша қоспайтын болды, – дейді экс-офицер. Дәл осы мәселені көтерген запастағы бір топ әскери қызметші Президентке хат жазып, былтыр мамыр айында баспасөз жиынын ұйымдастырған. Оған Қорғаныс министрінің сол кездегі орынбасары Талғат Жанжүменов үзілді-кесілді қарсылық біл­дірген. «Бұл – бұрынғы әскерилердің жеке­леген санатына қатысты мәселе. Қол­даныстағы заң кәсіби әскерилерге ғана арналған. Біреулер армияда 11 жыл қызмет етеді де, пәтер сұрайды. Әскерге дейін зо­отехник, заңгер болғандар, әр жерде жұмыс істегендер үй бермедіңдер деп рен­жиді» деген еді шенеунік. Әр ел Отан игілігіне қызмет қыл­ған­дарға қамқор болуы керек. Әйтпесе, «еңбегі адал, еті арам» деп азаматтарын тағ­дыр талқысына тастай салатын мемлекетті ешкім қорғамайтыны анық. Шетел үлгісімен бұрынғы әскерилерді бейбіт өмірге бейімдейтін арнайы мемле­кеттік бағдарлама құру идеясы да көңілге қонады.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ