Коммуналдық төлемге сертификат алды
Коммуналдық төлемге сертификат алды
210
оқылды

Алматы қаласы Әуезов аудандық Nur Otan партиясы филиалында пар­тия­ның «Бақытты отбасы» жобасы ая­сын­да көпбалалы және аз қамтыл­ған отбасыларға, сондай-ақ көмекті қажет ететін айрықша жандарға пә­тер иелері кооперативі алдындағы қа­рызын өтеу үшін сертификаттар тап­сырылды. Олардың қатарында 14 көп­балалы және аз қамтылған от­ба­сы, 28 жалғызбасты ана мен толық емес отбасы, 19 ерекше көмекті қа­жет ететін адамдар бар.

– Ауданымызда жеке қабылдау өтіп тұра­ды. «Асу-Мамыр» пәтер иелері коо­пе­ративі тұрғындары келіп, өтініш жазған бо­латын. Тұрмыстық жағдайлары бойынша олар­дың су, жылу, электр энергиясына қарыз­дары бар. ПИК төрағасымен бірге сол шағымдарды қарастырып, қанша көп­ба­лалы отбасы, қанша тұрмыстық жағдайы тө­мен және мүмкіндігі шектеулі жандар тұр­атынын зерттеп көрдік. Олардың са­ны 61 отбасы болып шықты. Осы от­ба­сылар ПИК-ке 5 миллион 600 мың тең­гедей қарыз екен. «Асу-Мамыр» пәтер ие­лері кооперативі төрағасы Бақтыбай Өтегеновпен ақылдаса отырып, сол қа­рыз­дарды ішінара кешіруге шешім қа­былдадық. Қарыздардың ең төмені 20 мың теңге болса, жоғарысы миллион тең­геден асып жығылады. Сол қарыздар тұр­ғындарға берілген сертификаттар арқылы ке­шірілетін болады. Олар алдағы уақытта жылу, су ақыларын уақытында төлеп тұра­ды деп сенеміз. Қазіргі таңда аудан бойын­ша тұрғындардың жылу, су, электр қуаты бойынша қарызы 300 миллион теңгеден ас­қан. Осы қарыздардан құтылу амалдарын қарастырып жатырмыз. Бүгінгі жасалып жат­қан шара – сол бастаманың бірі. Тұр­ғындардың көңілі көтеріліп, қуанып жатыр, – дейді Әуезов аудандық Nur Otan партиясы филиалының төрағасы, аудан әкімі Сайран Сайфеденов.

Осындай көмек алғандардың бірі – Ай­жан Болатова. Ол бүгінде 4 бала өсі­ріп отыр. Өкінішке қарай, екеуінің мүм­кіндігі шектеулі. 38 шаршы метр пәтерде 8 жан тұрады. Отбасында жұмыс істейтін Айжанның өзі ғана. Ол тұрмыстық жағдайы төмендеп кеткендіктен қарызының көбей­генін айтады. Қазіргі таңда пәтер иелері кооперативіне 250 мың теңге қарыз. Осы қа­рыздың 100 мың теңгесіне кешірім жасал­ды. Ол халықтың жағдайына қарап кө­мек қолын созғаны үшін Nur Otan пар­тиясына айтар алғысы шексіз екенін жет­кізді.

Бағдатхан Көпесова да осы жатақ­ха­на тұрғыны. 5 баланың анасы. Жал­ғыз­басты. Отбасының ПИК алдындағы қары­зы бүгінде 1 миллион теңгеден асып жы­ғылған. Бұл отағасымен ажырасқан 10 жыл көлемінде жиналған қарыз. Алимент ал­майды. Соттың шешімі шыққан, бірақ бұрынғы күйеуі осы уақытқа дейін али­мент төле­мей жүр. Бұл отбасыға 200 мың теңге­нің сертификаты табысталды. Бір қуа­ныш­тысы, Б.Көпесова көпбалалы ана ретінде пәтер кезегі келіп тұрғанын айт­ты.

Айта кетейік, бұл іс-шара әлеуметтік жағ­дайы төмен жандарға арналған. Сон­дықтан тұрмыс жағдайы жақсы, жұмыспен қам­тылған жандар ПИК алдындағы боры­шын дер кезінде төлеуге тиіс екенін тағы бір еске саламыз.