Жайылымға жарымай келеді
Жайылымға жарымай келеді
123
оқылды

Павлодар облысында жайылымнан таршылық көріп отырған елді мекендер бар. Соның ішінде Павлодар ауданының бірнеше ауылын атауға болады. Онда ата кәсіппен айналысамын деген халыққа жер жетпей жатыр. Жерге бай қазақтың жайылымға жарымай келе жатқаны қалай? Осындайда «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайтыны» рас па дерсіз. Бұлай демеске шара жоқ...

Павлодар ауданына қарасты Заря ауылдық округіне арнайы ат басын бұрдық. Ондағы жайылымға зар, өрісі тар болған елдімекен тұрғындарымен жүздесіп, базынасын тыңдадық. Заря ауылдық округінің батысында – орман шаруашылығы. Қалған аумақтарын жеке кәсіпкерлердің жерлері алып жатыр. Яғни, Заря, Бірлік, Жертұмсұқ сияқты бірнеше елді мекен суармалы алқаптардың қоршауында қалған. – Кәсіпкерлік дамып, суармалы алқаптардың көлемі ұлғайып келеді. Есесіне жайылымдық жерлер қысқаруда. Малымды басқа ауылға жібердім. Ірі қараны әр басы үшін айына 1 800 теңгеден төлеп, сондағы бақташыларға баққызып жатырмыз. Бір үйде 10 сиыр болса ай сайын шамамен 20 мың теңгесінен қағылады. Қойды ауыл тұрғындары кезекпен бағып жүрген едік. Жайылым қысқарып қалғаннан кейін оны да басқа ауылдағы туыстарымның қойларына қосып жібердім. Бала-шағамыз, немерелеріміз бар. Оларды өсіріп-жетілдіру керек. Ауылда басқа кәсіп жоқ. Осы иелігіміздегі  азын-аулақ малмен күн көріп келеміз, – дейді Жертұмсұқ ауылының тұрғыны Орал Жолжақсы. Бірлік ауылында да дәл осындай мәселе. Жыл сайын көктемде ауыл болып бақташы таппай қиналамыз дейді жергілікті жұртшылық. – Ешкім мал баққысы келмейді. Ақысы жақсы. Бірақ еңбегі – бейнет. Мал бағу деген аты ғана. Ауылдан бірнеше шақырым жерде ұлтарақтай ғана жайылымдық жер қалды. Жан-жағын суармалы алқаптар алып жатыр. Сол жерде сиырларды егістікке түсіп кетпес үшін дамыл таппай арлы-берлі айдап жүреді. Ондай жұмысқа қай бақташы шыдайды? – дейді Бірлік ауылының тұрғыны Раушан Тілеубердіқызы. Ауыл азаматтары мал басы жыл санап қысқарып келе жатқанын айтады. Себебі кәсіптің бұл түрімен айналысу тиімсіз болып барады. – Ауыл тұрғындары дұрыс мал бағу дегенді ұмытқалы қашан. Малдарды серуенге шығарғандай боламыз. Бір табын мал қырға бір ізбен шығып, бір ізбен қайтып келеді. Жан-жақтағы егістік алқаптарына түсіп кетпес үшін айдай жөнелеміз. Бір жерде асықпай жайылмаған соң мал күй жинай алмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Бірлік ауылында 150 шамасында ірі қара болатын. Қазір тұрғындардың қорасында ары кеткенде 60-70 бас мал қалды. Себебі мұнда мал шаруашылығымен айналысу тиімсіз, – дейді ауыл бақташысы Ахат Әлдібеков. Жайылымның аздығы аудан басшылығы үшін жаңалық емес. Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев жергілікті тұрғындарға шама келгенше көмектесіп жатқанын айтты.

– Ауыл тұрғындары дұрыс мал бағу дегенді ұмытқалы қашан. Малдарды серуенге шығарғандай боламыз. Бір табын мал қырға бір ізбен шығып, бір ізбен қайтып келеді. Жан-жақтағы егістік алқаптарына түсіп кетпес үшін айдай жөнелеміз.

– Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі Павлодар ауданында ертеден бар. Өңірімізде суармалы жерлер көп. Соның да өз әсері тиіп отыр. Тұрғындар мал басын көбейтуде. Ал жайылымдық жерлер сол қалпында қалды. Сондықтан мәселе туындауы заңдылық. Онымен қоса, ауылдықтар малдарын ауыл айналасында ғана баққысы келеді. Ірі қараның басын қосып, біраз шалғайлау болса да жайлауға жіберуді ұсындық. Бірақ тұрғындар оған көнбеуде. Қолымыздан келгенше көмектесіп келеміз, – дейді Жанат Рашитұлы. Жалпы, Павлодар ауданы бойынша қазіргі кезде 40 мың бас ірі қара бар. Ал Заря ауылдық округінің тұрғындары 3 500 ірі қара, 4 мың қой, 2 мыңға жуық жылқы ұстайды. Талап бойынша бір сиырға кемінде 5-7 гектар көлемінде жайылымдық жер қажет. Аталған ауылдық округте бар-жоғы 850 гектардай ғана жайылымдық алқап бар көрінеді. Павлодар аудандық мәслихатының депутаты Бақытбек Баткеевтің айтуынша, бұл – қажетті көлемнен 5-6 есе төмен көрсеткіш. – Өкінішке қарай, жайылым мәселесі тек Заряға қатысты емес. ауданымыздың Кеңес, Ямышев, Мичурин ауылдарында да осындай проблема бар. Оның шешімін табуға болады. Атап айтсақ, қазір аудан көлемінде 5 мың гектардай жер жарамсыз болып қалды. Біраз жер бөлігінің бетін көң-қоқыс жауып кеткен. Қалған бөлігінде дұрыс шөп шықпайды. Ол жерлер тақыр десе де болады. Сол жерлерді қайта өңдеп, көп жылдық шөп егу қажет. Бұдан бөлек, Заря ауылдық округінен бірнеше шақырым жерде орналасқан  азын-аулақ жайылымдық жерге мал өте алмайды. Жолдарын суармалы алқаптар жауып тастаған. Сол жайылымға табынды айдап апара алатындай мүмкіндік жасалуы тиіс. Көп жерлерді кәсіпкерлер алып қойған. Бірақ оны игермей келеді. Малдары да жоқ. Ол учаскелерді ауыл тұрғындарына беру керек, – дейді Б.Баткеев. Жыл санап өңірдегі  жеке шаруашылықтар суармалы алқаптардың көлемін арттырып келеді. Сәйкесінше, мал өрісі тарылып жатыр. «Ауыл шаруашылығын дамыту жөн-ақ. Тек тұрғындардың да мүддесі ұмытылмаса игі еді», – дейді Зарядағы ағайын. Онымен қоса, бір кездері жекенің меншігіне өтіп кеткен, бірақ дұрыс игерілмей жатқан жерлер бар кө­ріне­ді. Сол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың игілігіне берілсе деген тілектері бар.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы