Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына 3 тур қалғанда жаңа чемпион анықталды. Премьер-лиганың 17-турында Шымкенттің «Ордабасы» командасын 3:1 есебімен жеңген алматылық «Қайрат» Қазақстан чемпионатының «алтын» жүлдесін жеңіп алды. Сөйтіп, Шпилевскийдің шәкірттері «Астананың» 6 жылдық чемпиондық сериясын бұзды. Соңғы рет «Қайрат» 2004 жылы футболдан ел чемпионы атанған еді. Енді, міне олар 16 жылдан кейін қайта біріншілік жеңімпазы атанды.
Алматының орталық стадионында өткен кездесудің есебін бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав ашты. Бұдан соң «Ордабасы» футболшылары өз айып алаңында Вагнер Лавты шалып жығып, бас қазы ойланбастан 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген қорғаушы Нұрәлі Әліп пеналтиді сәтті орындап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші таймда чемпионаттың үздік шабуылшысы Жоао Пауло көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартқан. Алаң иелері бұл голдан соң қарқынын қайта күшейтті. Ойын соңына қарай «Ордабасы» ойыншысы Ұлар Жақсыбаев абайсызда өз қақпасына гол соғып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша, матч 3:1 есебімен «Қайраттың» пайдасына шешілді. Чемпионатта 17 ойында 44 ұпайды қанжығасына байлаған «Қайрат» мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атанып, алматылық жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.
– Барша қайраттықтар, көптен күткен чемпиондығымыз құтты болсын! Әрдайым «Қайрат» командасына сәттілік тілеймін, жеңісті күндер көп болсын. Алға, «Қайрат»! «Қайрат» менің жүрегімде! – деп ағынан жарылды Бауыржан.Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де биылғы маусымда «Қайраттың» сөзсіз мықты болғанын айтады.
– «Қайрат» осы жылы ел чемпионы болуға әбден лайық болды. Қаншама жыл бойы ішкі біріншілікте күміс жүлдегер атанды. Чемпион болуға бірнеше жыл оларға сәттілік жетіспеген болатын. Биылғы чемпиондығын үздік ойынының арқасында алды. Негізгі бәсекелесі «Астана» маусым басында бапкер ауыстырды. Одан кейін елордалық командаға карантин қатты әсер етті. Еуромаусымын да сәтсіз өткізді. Мұның барлығы клубтың ішкі атмосферасына кесірін тигізді. Бапкер таңдау кезінде клуб басшылығы қатты қателесті. Әсіресе, Пол Эшуортты бас бапкерлікке тағайындағаны көпшілікті таңғалдырды. Оның алдында команданы жаттықтырған Михал Билектің де клубтық деңгейде ешқандай жетістікке жетпегенін ескеруіміз керек. Оның үстіне, клуб сапында көптеген маңызды ойыншы жарақат алып, команда ойыны жүрмей қойды. Ал «Қайрат» керісінше, әр матч сайын ойынын жақсартып, жеңісті жолынан жаңылған жоқ. Соның арқасында ешқандай бәсекесіз чемпион атанды. Алматылық ұжым келесі жылы Чемпиондар лигасында жақсы өнер көрсетуге тырысуы керек. Сол арқылы бұл командаға Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауға тамаша мүмкіндік бар. Сәттілік тілеймін. Сөз соңында клубты чемпиондыққа жетелеуге бар күш-жігері мен қайратын, қомақты қаржысын жұмсаған Қайрат Боранбаевты да тамаша жетістігімен, жарқын жеңісімен құттықтағым келеді, – деді ол.Осы ретте, айта кетейік, «Қайрат» клубы өз тарихында 3-мәрте (1992, 2004, 2020) ел чемпионатында топ жарып отыр. Бір қызығы, Қайрат Боранбаевтың командасы чемпион атану үшін ел чемпионатында 454 ойын (2005 жылдан бері 40 860 минут) өткізген. Бұған дейін олар 5 жыл қатарынан күміс жүлдегер (ел чемпионатындағы рекорд) атанған болатын. Әрі бұл клуб чемпионаттағы ең жас командалардың бірі саналады. Онымен қоса, «Қайрат» клубының бас бапкері Алексей Шпилевский Қазақстан чемпионы атанған ең жас жаттықтырушы (32 жас) ретінде тарихта қалды. Қош, сонымен Қазақстан Премьер лигасында 2020 жылдың чемпионы анықталды. Енді турнирлік кестедегі 2, 3, 4-орындарға талас қыза түседі. Оның үстіне, карантинге байланысты биыл Қазақстан кубогы ойнатылмады. Сондықтан турнирлік кестеде төртінші орын алған команда да Еуропа лигасының іріктеу ойындарына қатысады. Бұл өз кезегінде ішкі біріншіліктегі талас пен тартыстың әлі де қыза түсетінін айғақтайды. Жүлделі орындарды еншілеуге өзге клубтарға қарағанда ұпайы көп «Тобыл», «Астана», «Ордабасы» командаларының мүмкіндігі жоғары. Қазіргі кезде «Астана» (15 ойыннан соң) мен «Ордабасының» (17 ойыннан соң) қоржынында бірдей 27 ұпайдан бар, ал «Тобыл» (16 ойыннан соң) 29 ұпаймен 2-орында келеді. «Ертіс» командасы маусым басында жарыс жолынан шығып қалды. Сол себепті Бірінші лигаға бұл жолы бір команда кетеді. Әзірге қауіпті аймақта ақтаулық «Каспий» мен көкшетаулық «Оқжетпес» командалары тұр. Одан бөлек, «Тараз», «Қызылжар», «Шахтер», «Жетісу», «Қайсар» клубтары да төменгі орынға сырғып, жағдайын қиындатып алмас үшін алдағы ойындарда барын салары сөзсіз. Ал төменгі дивизионда үздік деп танылған «Ақтөбе» мен «Атырау» келер жылы Премьер лигада доп тебуге мүмкіндік алды. Командалар алдағы маусымға дайындықтарын пысықтау үстінде. Ал дәл қазір Алматыда ұзақ жылғы чемпиондықты тойлау басталып кетті. Астана гегемониясына нүкте қойған «Қайрат» командасының 16 жылдан кейінгі жеңісі қазақ футболы жанкүйерлерінің есінде мәңгі сақталары анық.