Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында келер жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауды аймақта сапалы және уақытылы өткізудін дайындық мәселелері қаралды.
Жиында алғы сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау науқанының негізгі кезеңдеріне, сайлау комиссияларының сайлауға дайындық пен оны өткізу жөніндегі өкілеттіктеріне, аумақтық сайлау комиссияларының міндеттеріне жан-жақты тоқталды. – Мен сіздердің назарларыңызды сайлау науқанының негізгі кезеңдеріне аударғым келеді. Дайындық кезеңіне 20 күн, кандидаттарды ұсынуға 25 күн, оларды тіркеуге 31 күн, ал сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына 29 күн беріледі. Тыныштық күні болып 2021 жылы 9 қаңтарда жарияланады, – деді С.Айдапкелов. Өңір бойынша 492 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек олардың 94,9 пайызы интернетпен, 77,2 пайызы бейнекамералармен, 93,5 пайызы пандустармен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Облыс басшысы барлық учаскенің жүз пайыздық дайындығын қамтамасыз ете отырып, аудан әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеуге айрықша назар аудару қажетін ескертті. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтпек. Сондай-ақ тұңғыш рет заңнамалық деңгейде парламенттік оппозиция секілді ұғым енгізіліп, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота белгіленіп отыр. – Мемлекет басшысы өз үндеуінде саяси жаңғырту, көппартиялық жүйені дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қоғамның қатысуын кеңейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Біздің міндетіміз – сайлау заңнамасы нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін тиісті жағдайлар жасау. Жамбылдықтарды азаматтық ұстаным танытуға, сайлауға белсене қатысуға және жоғары патриотизм үлгісін көрсетуге шақырамын. Біз еліміздің баянды болашағы үшін дауыс беруіміз керек, – деп түйіндеді жиынды облыс әкімі.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы