Бюджетті талан-тараж ету бойынша Қазақстандағы ең ірі «бизнес-афера» саналатын LRT үшін бірде бір жауапты тұлға қамауға алынбаған. Ал келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асып кетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов LRT құрылысына қатысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
Қазіргі кезде елорда әкімдігінің төрт жауапты қызметкері күдікке іліккен. Жалпы алғанда, 6 адам күдікті деп танылып отыр. Бірақ ешқайсысының қолына кісен салынбаған.
С.Перов сараптама жұмыстары аяқталып қалғанын жеткізді.
– Келтірілген шығын сомасы бірнеше есеге өсіп шыға келді және бүгінде 1 миллиард теңгеден асты. Бұл іс бойынша 6 адам күдікті деп танылды. Оның 4-еуі – әкімдіктің лауазымды тұлғалары. Қатардағы қызметкерлер емес, басшылық қызметтегі лауазымды адамдар, әкімдіктегі бұрынғы басшылар. Нақтысын айта алмаймын, өйткені тергеу жүргізілуде, – деді антикоррупциялық агенттік өкілі.
Оның дерегінше, LRT жобасына қатысты экономикалық, сондай-ақ құрылыс сараптамалары қатар жүзеге асырылуда. Оның барысында жұмсалған қаржыға нақты қандай жұмыс ауқымы атқарылғаны тексерілуде, мемлекетке келтірілген шығын сомасы есептеліп жатыр.
Барлық сараптаманы бір ай ішінде тамамдау жоспарланып отыр.
Қалалық әкімдік жанынан құрылған «Астана LRT» кәсіпорны басшысының қайда бой тасалағаны сол бұрынғыдай белгісіз. Оған Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған.
– LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан жасырынып үлгерген. Қазір ол іздеуде. Қалған күдіктілермен жұмыс істеп жатырмыз. Ешқайсысы тұтқынға алынған жоқ. Олар тек күдікті деп танылды, бізбен белсенді ынтымақтасуда, тергеу амалдарына қатысуда. Тергеулер, беттестіру (очная ставка) жүргізіліп жатыр, – деді С.Перов.
Оның айтуынша, барлық сараптама аяқталған соң күдіктілердің әрқайсысына айып тағылады.
– Қылмыстық іс ақша ұрлау факті бойынша тергелуде. Оның қорытындысында іс-әрекеттер түпкілікті сараланып, квалификацияланады. Біз 1 ай ішінде күдіктілерге айып тағуды жоспарлап отырмыз, – деп түйді Сергей Перов.
Үйлердің үшінші қабаты деңгейіндегі эстакада – жеке жолымен қозғалатын жеңіл рельсті көлік әу баста EXPO – 2017 көрмесіне орай ел игілігіне тапсырылуға тиіс болатын. Алайда қалалық шағын жоба әлдекімдердің діттеуімен қаржыландыруы жөнінен халықаралық кең ауқым алды да, құрылысы барлық келісімдер мен уағдаластықтар рәсімделгесін, тек 2017 жылы басталды.
Жобаны жүзеге асыруға Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен қарыз тартылды. Одан алынған қаражаттың бір бөлігі банкрот болған «Астана банкінде» қалған. Сондай-ақ жобаны іске асыру барысында миллиардтан көп қаражаттың ұрланғаны мәлім болуда.
Тергеу анықтағанындай, мемлекеттік сараптама бойынша жоба құны 2,6 миллиард долларға тартқан. Алайда «Астана LRT» 4,2 миллиард долларға келісімшарт жасасқан. Оның 3 миллиард доллары мердігерлерге төленген. Қалғаны «бір күндік фирмалар» көмегімен ұрланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны бірнеше рет қатаң сынға ала келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ешкімнің бедел-ажарына қарамай, жоғарғы басшыларына дейін жазалауды қатаң тапсырды.
Сонымен бірге жоба құрылысын ары қарай жалғастыру туралы шешім қабылданған. Бірақ Президент пен халық сынына байланысты шығындары азайтылыпты.
Жеңіл рельсті көліктің алғашқы телімі 2020 жылы іске қосылады деп мәлімделді. Жалпы алғанда, LRT елорданың жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалын қаланың халықаралық әуежайымен байланыстыруға тиіс.