Халықтың тұрмысын көтеру – басты міндет
Халықтың  тұрмысын көтеру – басты міндет
158
оқылды

Мемлекет басшысы Үкімет алдына халық өмірінің деңгейі мен сапасын арттыру, табысы аз азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау, аймақтарды кешенді түрде дамытуға бағытталған басым міндеттер қойған. Соның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдаудың маңызы аталған. Көпбалалы, табысы аз отбасылар ерекше қамқорлыққа алынды. Осының бәрі – елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізуде.

Мәселен, жұмыс сапары бары­сында Премьер-министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына Талсуат ауылдық округіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында болып, он­дағы заманауи технологиялары­мен танысты. Мұнда мұқтаждар­ға медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек және тұр­мыстық қызметтер көрсетеді. Жалпы аумағы 17,6 гектарды алып жатқан орталық 2012 жылы пай­далануға берілген. Оның екі қа­батты ғимараты 5 блоктан тұрады. Олардың әрқайсысында асхана, емдеу кабинеті және демалыс бөл­мелері бар. Орталық толығымен заманауи кабинеттермен жабдық­талған. Емделушілер биованна, сенсорлық кабинеттерде де ем алып, тігін шеберханасы, ағаш бұйымдарын дайындау шебер­ханасы мен кітапхана жұмысымен таныса алады.

Сонымен бірге орталық 1 және 2-топтағы мүгедектерге сапалы арнайы әлеуметтік көмек көрсе­туге қажетті барлық заманауи құрал жабдықпен жабдықталған. Соның арқасында соңғы 6 жылда 57 арбадағы мүмкіндігі шектеулі жан аяғынан тұрып, 284 адамның қол-аяқ қозғалысы жақсара түс­кен. Ал 170 адам тұрмыстық өзіне-өзі қызмет көрсетуге бейімделсе, 110-ы мүгедектік топтағы көрсет­кіші төмендеп, жұмысқа орналас­тырылған. Және 66 адам өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған.

«Сіздер қиын жағдайға душар болған адамдарға, көмек пен қолдауды қажет ететін жандарға қызмет етіп, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара тү­суіне атсалысып жүрсіздер. Елге деген ақ пейіл мен шынайы ма­хаббат үшін алғыс білдіремін» деген Бердібек Сапарбаев әлеу­меттік қызметкерлер күніне ар­налған мерекелік іс-шараға қа­тысып, келесі жылдан бастап әлеу­меттік қызметкерлердің жа­ла­қысы орта есеппен 30%-ға артатынын жеткізді. Оған қоса, облыстың үздік әлеуметтік қыз­меткерлеріне Премьер-министр­дің орынбасары мен Облыс әкі­мінің алғысхаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгілері және естелік сыйлықтар табысталған.

– Мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық көлемде орындап отыр. Әлеу­мет­тік салаға республикалық бюд­жеттің 45%-ы бағытталды. Мем­лекет басшысы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ерекше көңіл бөледі, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы өсуде, жүздеген ны­сан – мектептер, ауруханалар, әлеуметтік тұрғын үйлер салы­нып, жолдар жөнделуде. Биылғы жылдың 9 айының өзінде АӘК төлеуге 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деді Б.Са­парбаев.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, көпбалалы отбасыларды қолдау республикалық бюджет қара­жатынан мемлекеттік жәрдема­қыны енгізу есебінен қамтама­сыз етіледі. Аталған мемлекеттік жәр­демақы жанұяның табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасыға төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала­лардың санына байланысты сараланып, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі. Ал АӘК аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отба­сыларға да төленетін болады.

Сонымен қатар министр АӘК алатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екенін атады. Оларды жұмысқа орна­ластыру үшін өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарла­масының барлық тетігі пайда­ланатын болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсы­нылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады.

Кейін Премьер-министр Шиелі ауданындағы желтоқсанда пайдалануға берілетін жаңа ау­дандық аурухананың жұмысымен танысты. Артынан құрылысы былтыр біткен Шиелі Гежуба цемент зауытын көрді. Заманауи технологияларымен жабдықтал­ған зауыт жылына 1 млн тонна өнім шығаруға қуатты екен. Ау­дандағы мекемемен танысу бары­сында тұрғындар Премьер-ми­нистрмен әңгімелесе алды. Жер­гілікті тұрғындарды зейнеткерлік және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мұқтаж отбасыларға әлеу­меттік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және басқа да мәселелер талқыланды.

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы