Nur Otan партиясы қатарынан 243 мыңнан астам адам шығарылды – Павел Казанцев
Nur Otan партиясы қатарынан 243 мыңнан астам адам шығарылды – Павел Казанцев
151
оқылды

Мәжіліс депутаты inbusiness.kz журналисінің «Қазынадан қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінген экс-министр Елжан Біртанов Nur Otan партиясы қатарынан шығарыла ма?» деген сауалына жауап берді.

Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев: «Елжан Біртанов – бұрын немесе қазір министр болса да, Nur Otan партиясының мүшесі. Оны партияға мүшеліктен шығару сот шешімі шыққаннан кейін шешіледі. Сондықтан сот шешімін күтеміз», – деді.

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев сұхбатында партияға мүше азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған жағдайда партия жарғысының талабына сәйкес, жаза қолданылатынын, партия қатарынан шығарылатынын да айтып өтті. Оның айтуынша, бұған дейін де партия жұмысын жандандыру, қоғамдағы жемқорлықты жоюға қатысты жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама іске асып жатыр. Қоғамдағы жемқорлықты жалтақтамай жою үшін  8-800-080-4441 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Келіп түскен барлық өтініштер партиялық бақылау комитетінің жиынында талқыланады. Кез келген мәселе шешімін табады. Қажет болған жағдайда тиісті шара қолданылады.

Мәселен, биыл партия қатарынан 243 мыңнан астам адам шығарылды. 200-ден астам партия мүшесін жауапқа тартты. 35 адам сыбайлас жемқорлық және қылмыстық құқықбұзушылық үшін, 20 адам партияның беделін түсіргені үшін партия қатарынан шығарылды.