600 отбасы тұрақты табысын жасырған
600 отбасы тұрақты табысын жасырған
200
оқылды

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып келген Алма­ты­ның 600 отбасы табысын жасырған. Бұл туралы қа­лалық прокуратура Facebook-те тікелей эфир ар­қылы өткізген «Өз құқығыңды біл» акциясы кезінде мә­лімдеді.

Алматы қалалық прокуратура өкілдерінің мәліметінше, биыл 14 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша өтінім беріпті. Оның ішінде 2 500 шаңырақ АӘК алу талабына жатпайтыны анықталса, 600-і табыстарын жасырып келгені әшкере болған. Алматы қаласының әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, «600 көпбалалы отбасы кірістерін жасырғаны анықталды, қазір олар мемлекет бюджетіне ақшаны қайтаруда. Бүгінгі таңда қалада 11 000 отбасы АӘК алып отыр».

Басқарма басшысының орынбасары келесі жылы АӘК алуға енгізілетін жаңа ережелерін түсіндіріп өтті. «Жыл соңына дейін жаңа схемаға сәйкес, барлық көпбалалы отбасыға кірістерді ескере отырып, белгіленген сома беріледі. Әрбір еңбекке қабілетті адам отбасының өзге мүшелері үшін жауап береді. Біздің елімізде тоқсан сайын кедейлік деңгейі анықталып отырады. Қазір ол әр отбасы мүшесіне шаққанда 24 мың теңгені құрайды. Егер оны жалақы көрсеткішіне есептесек аз болады, сол себепті мұндай отбасы заңды түрде көмекке мұқтаж деп есептеледі» дейді Д.Әлкебайұлы.

Заң бойынша елімізде отбасындағы ең кішкентай бала үш жастан асқан кезде анасы жұмысқа шығуға міндетті. Бұл тұрғыда көпбалалы аналар орталығы әйелдерге жеке ісін ашуға немесе тегін мамандық алуға көмектеседі.

– Бұдан былай Алматы прокуратурасы Facebook-тегі парақшасында тікелей эфир ұйымдастырып, әр апта сайын мемлекеттік органдардың мамандарын шақырып, тұрғындарға кеңес беруді қолға алмақ. «Өз құқығыңды біл» акциясы тікелей эфир арқылы кез келген адам қатыса алатын және сарапшыларға сұрақ қоя алатын ашық алаңға айналады, – дейді қалалық прокуратура өкілдері.