Бүгінде Үкіметке өкпелі ағайынның арыз-шағымы азаймай тұр. Тіпті Президентке ашық хат жолдауды да жұртшылық әдетке айналдырып алды. Әрине «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша бұл дұрыс-ақ. Алайда аудан немесе қала шеңберінде шешілетін мәселені Мемлекет басшысына жеткізу орынды ма? Міне, осы түйткілге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық жиында баса көңіл аударды.
Жалпы ағымдағы жылдың 9 айында облыстың жергілікті атқарушы органдарына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 31 357 өтініш келіп түсіпті. Өтініштердің 7566-ы қанағаттандырылған, 1801-і қанағаттандырудан бас тартылған, 21 809-не түсініктемелер берілген, 181-ін қарау тоқтатылған. Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардың 1655 өтініші бақылауға алынып, орындалған. Қалған «бақылауда емес» 1209 өтінішке тиісті жауаптар берілген. Десе де, халықтың бір мәселемен қайталап қайырылуы азаймай тұр. Мәселен Шу ауданының тұрғыны Е.Каршигабеков «Ақжол-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне тексеру жүргізу бойынша 10 рет, Жуалы ауданының тұрғыны К.Таджибаев ағаштарды кесу бойынша 23 рет шағым түсірген. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар тарапынан жоғары тұрған мемлекеттік органға оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне бірненше рет шағымданған. Шу ауданының тұрғыны У.Масақова 2 рет, Тараз қаласының тұрғыны О.Громик 2 рет арызын жолдаған. Бердібек Машбекұлы жалпы бұл дұрыс үрдіс емес екенін, алайда шағымданған адамдарды «арызқой» атамау қажеттігін баса айтты. – ҚР Президентіне Үндеу жариялау, Президент Әкімшілігіне шағымдану соңғы кездері дәстүрге айналды. Неге? Бәлкім түрлі арыз-шағыммен қайырылған тұрғындарды «арызқой» деп айыптарсыздар. Естеріңізге жақсылап сақтап алыңыздар, тұрғындарды кінәлауға болмайды. Егер көтерген мәселесі аудандық немесе қалалық деңгейде уақытында шешілсе Үндеу жариялап, Президент Әкімшілігіне шағымдана ма? Әрине жоқ. Кінә өзімізде. Халықпен кері байланыс жоқ. Қандай жағдай болмасын тұрғындардың талап-тілегіне дер кезінде назар аударып, жауап беруіміз керек. Халықтың алғысын алуға жұмыс жасамасаңыздар ешқашан жақсы атқа ие болмайсыздар,–деді Б. Сапарбаев. Негізі облыс әкімі бұл мәселені кейінгі кездері жиі көтеруде. Олай дейтініміз аймақтың тоғыз айдағы табысын қорытындылаған жиында Бердібек Машбекұлы бұқараның Президентке жиі Үндеу жолдауы әкімдердің кінәсі деген еді. – Қазір халық ауылдық, аудандық деңгейде шешімін таппаған мәселелерін облыс әкіміне, тіпті Президентке жолдап жатыр. Шындап келгенде сол мәселені жергілікті жерде де шешуге болады. Сондықтан аудан әкімдері бұқананың әлеуметтік желілердегі өтініш-тілегіне құлақ асып, жағдайды ушықтырмауы керек. Халықтың көңіл-күйі – бұл аудан әкімдерінің жұмысына байланысты, – деді аймақ басшысы. Әрине тұрғындардың көкейіндегі мәселесіне әкімдер көңіл бөліп, жергілікті жерде шешіп беріп жатса, ешкім Президентке Үндеу жолдамайтыны белгілі. Алайда жұртшылықтың жергілікті әкімдерге деген сенімі жоғалып бара жатқандай. Сондай-ақ тек Мемлекет басшысына Үндеу жолдаса ғана мәселе бақылауға алынады деген түсінік қалыптасқан. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтып отырғаны дұрыс. Бірақ одан сабақ шығарып, халқына жақын болар әкім бар ма?Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы