Құсбегілік – құнды өнер
Құсбегілік – құнды өнер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы атшабарда құсбегілер арасындағы бес сайыс жарысы өтті.

Аламанға жеті командадан 25 спортшы қатысып, жүлделі орындарды өзара сарапқа салды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков кіріс­пе сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ұлттық спорт­тың дамуына сүбелі үлес қосып жүр­ген құсбегілерге алғысын білдіріп, жа­рысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң бір­неше күнге созылған аламан басталып та кетті. Мандат комиссиясының жиыны, турнирге қатысушыларды тіркеу, жеребе тарту, төрешілер алқасының отыры­сы секілді ресми рәсімдер аяқталған соң құсбегілер бүркітті қолға шақыру (500 метрден), қыранды еркін ұшыру, қар­­шы­ғаны қолға қондыру секілді са­нат­тар бойынша сынға түсті. Жа­рыс қо­рытындысында бүркітшілер ара­сын­дағы додада біздің облыстың тумасы Серікболсын Жалғасұлының мерейі үстем болып, бірінші орынды иеленді. Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабайға екінші орын бұйырса, облыс намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан үздік үштіктен көрінді. Ителгіні ырқына көндіргендер аламанында Алматы облы­сы­нан келген Медет Шәліпов жеңіс­тің ең биік тұғырынан көрінсе, Түр­кіс­­тан облысының үкілі үміті Дәурен Аршабай екінші, Алматы облысының қатысушысы Нұрболат Ермұхан үшінші орынды ием­­денді. Қаршығаны қолына қон­дыр­ған­дар арасындағы жарыста Түр­кістан облысының құсбегісі Төле­мырза Паң топ жар­са, екінші орын облыс намысын қор­ға­ған Серікболсын Бабажанға, үшінші орын Атырау облысының өкілі Бекнияз Қуанышбаевқа бұйырды. Аударыспақтан өткен бәсекеде облыс атынан бақ сынаған Бақдәулет Бабажан мен Серікболсын Жалғасұлы бірінші және екінші орындарды иеленсе, түркістандық Дәурен Аршабай үздік үштікті қорытындылады. Бірнеше күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы бірінші орын биігінен көрінсе, Түркістан облысының құрама ко­мандасы екінші орынға орнықты. Алматы облысының құрама командасы үшінші орынға жайғасты.

 

Жамбыл облысы