Дәленов жоспары бос қиял емес пе?
Дәленов жоспары бос қиял емес пе?

Қазақстанда алдағы 5 жылда 2,6 миллион жаңа жұмыс орны құрылады. Осы аптадағы Үкімет отырысында еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов осылай мәлімдеді. Сарапшылар жас министрдің бұл сөзін ер­тегіге балайды. Мысалы, оның өзі басқаратын Ұлттық эконо­мика министрлігінің Статистика ко­митеті дерегінше, жұмыс­сыз­дар саны биылғы жыл ортасында 440,9 мың адамды ғана құраған. Сонда 2,6 млн жаңа жұмыс ор­нына тұрғызу үшін министр сонша жұмыссызды қайдан алмақ?

Бұл үшін Ұлттық экономика ми­нистрінің байламының байыбына барып көрелік. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мембағдар­ламасын іске асыру барысы қаралған Үкімет отырысында Руслан Дәленов алдымен қазіргі кезде 41,6 триллион теңге тұратын инвестициялық жо­ба­лар пулы түзілгеніне назар аудартты. Бұл тізімдегі жобалар 2025 жылға дейін толығымен жүзеге асса, осы бесжылдықта 1,3 мил­лион кадрға деген сұраныс тумақ. Әрине, егер жүзеге асса ғана! Әйтпесе, инвес­торлар Үкіметке қандай да бір зауыт-кәсіпорындар ашу, кен орын­дарын игеру туралы ұсыныспен шық­қаны­мен, артынша өздері күткен мем­лекеттік қолдаудың жоқтығын біліп, түсер табыстың аздығын түсініп, орталықтағы және жергілікті лауа­зымды шенеуніктердің әрекетсіз­дігінен не бассыздығынан шошынып, оралмай кететін кезі аз емес.

Егер бәрі жоспарлағандай жақсы болса, жұмыс орындарының ең көп саны туризм, көлік, агроөнеркәсіптік кешен, сауда және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында пайда болмақ.

– Бұл білікті кадрды көптеп дайындауды талап ететін болады. 2019-2025 жылдар аралығында 2,6 миллион жаңа жұмыс орны ашы­лады. Оның жартысы 41,6 триллион теңге тұратын жаңа инвестициялық жо­баны іске асыру есебінен құ­рылады. Барлық 2,6 млн жаңа жұмыс орнының 600 мыңы – жұмыс күшінің таза өсімі есебінен, тағы 2 миллионы – эко­номика сала­сында жұмыс күшінің ағыны есебінен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамтылған халық саны 2018 жылғы 8,7 млн адамнан 2025 жылға қарай 9,3 млн адамға дейін өседі, – дейді Руслан Дәленов.

Енді осы айтылғанды күрделі шенеуніктік тілден қарапайым тілге «тәржімалап көрейік». Шын мәнінде, жаңадан тек 600 мың жұмыс орны ғана ашылады. Мұны «жұмыспен қамтылған халық саны» растайды: бұл көрсеткіш былтырғы 2018 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта небәрі 600 мыңға – 8,7 млн-нан 9,3 млн-ға дейін өседі. Министр мұны «жұмыс күшінің таза өсімі есебінен» деп бүркемелеп ұсынып отыр.

Онда уәде етілген 2,6 миллион жаңа жұмыс орнының екі миллионы қайда? Ол 2 миллион орын жұмысшылардың экономиканың бір саласынан екіншісіне ауысуы есебінен түзіледі. Бұл азаматтар қазір онсыз да жұмыс істеп жүр, жұ­мыссыз емес, бірақ алда жұмыс орында­рын ауыстырады не өздері ашады деп жорамалдануда. Бас экономистің болжа­мынша, қазіргі іс басындағы қазақстан­дықтардың әрбір төртіншісіне тек жұ­мыс орнын ғана емес, тіпті біліктілігін де ауыстыруға тура келуі мүмкін. Өйткені «өндірістер мен еңбек нарығының цифр­ландырылуы және ақпараттық-ком­му­никациялық технологиялардың дамуы кәсіпорындарда жұмыс орнын кемітеді».

– Жалпы, технологиялардың өркен жаюы жұмыс орнының азаюына әке­леді. Сонымен бірге өндіріске қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде жоғары білікті жұ­мыс­керге деген сұраныс артуда. Білік­тілігі төмен жұмыс орындары қысқаруда. Бұл әмбебап дағдыны дамытуды қажет етеді. Қазіргі уақытта фриланс, крауд­вор­кинг және басқа да жұмыспен қамту­дың қа­шық­тықты және толық емес түр­лері өріс­теп жатқаны байқалады. Ха­лықа­ралық са­рап­шылардың бағала­уын­ша, 2020 жыл­дан бастап фрилан­серлер әлемдегі барлық жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайтын болады, – дейді Руслан Дәленов.

Оның тұжырымдауынша, еңбек нарығына демографиялық өзгерістер де әсер етеді. Себебі «қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарғандықтан, еңбек ету жылдары да ұзақ бола түсуде».


«Жаһандық трендтер Қазақстанды да айналып өтпейді. Мұның сыртында еңбек нарығына ЖІӨ-нің жыл сайын 5% және одан да жоғары қарқынмен өсуге көшуі де ықпал етпек» деді министр.

Ол рөлі артып, үлесі ЖІӨ-нің 35%-ына дейін жеткенде шағын және орта бизнесте жаңа жұмыс орындарын ашатынына сенімді.

Қош, сонымен, қазір жұмыс істеп жүрген 2 млн адамға технологиялардың дамуына байланысты дәстүрлі кәсібін өзгертіп, жаңа біліктілікті игеріп, өз сала­сына не өзге секторға қайта орна­ласуға тура келеді екен. Ал 41 триллион теңгеге бағаланған жаңа кәсіпорындарда шын мәнінде жаңадан ашылуға тиіс 600 мың орынға мемлекет кадрды қайдан тартпақ?

Р.Дәленов бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың үлесін 7,5%-ға азайту, оларды агроөнеркәсіптік кешен, отын-энергетикалық кешен және өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпо­рындарға жұмысқа тарту тұспалданып отырғанын білдірді. Жаңа кадрлар 450 мыңдай ресми жұмыссыздар арасынан да ізделеді. Сондай-ақ жұмыс күші қа­тарын жастар толықтырмақ.

Үкіметтің көп жұмыс орнын құра ала­тынына депутаттар да сенбейді. Таяу­да алдағы 3 жылдың бюджеті талқы­ланған Мәжілістің жалпы отырысында депутат А.Нұркина 2011 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасына 800 миллиард теңгеден астам ел қаржысы шығындалғанын алға тартты. 2020-2022 жылы «Еңбек» бағдарламасына тағы 186 миллиард теңге жұмсалмақ. Миллиард­тардың қайда кеткені белгісіз, бірақ республикада жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны айтар­лықтай азаймаған. Еңбек нарығындағы ахуал да жақсарып жатқан жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары 2 миллион адамнан асып кетті. Сондықтан депутаттар тиімділігі шамалы еңбек мембағдарламасын тоқтатып, оның тиімділігіне талдау жүргізуді ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек бағдарламасының тиімділігі еш сын көтермейтіні туралы байламмен келіскенімен, бағдарламадан бас тартуға болмайтынын дәлелдеуге тырысты.

– Бағдарламаның әр құралының тиімділік деңгейі әртүрлі. Мәселен, жеңілдікті микронесиелендіру бағыты шынында жаңа жұмыс орындарын құруда. Кейінгі 3 жылда 31,5 мың шағын кредит берілді, оны алған адамдар бизнеспен айналысады, 26 мың жаңа жұмыс орындарын ашты. 20 миллион теңгедей салық төледі, – деді министр.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұр­лан Нығматулин «Еңбек» – әлеуметтік көмек бағдарламасы еместігін, ол жұмыс іздеушілерді нарықта сұранысқа ие ма­мандықтарға оқытып, олар үшін жұмыс орындарын ашуға тиістігін ескертті.

– Бұл бағдарламада инвестициялық жобадағыдай қағидат қолданылуы керек: салынған әрбір теңге қайтарымын беруі қажет. Ашығын айтсақ, жұмыспен қам­туға бағытталатын бюджет қаражаты жыл сайын артуда, ал нәтижесі жоқ. 2011 жылдан бері 800 миллиард теңге шығын­далған, алайда жұмыссыздар қатары 479 мыңнан небәрі 443 мыңға азайған. Яғни, 36 мың жұмыс орны ғана, – деген Мә­жіліс басшысы бұл са­лада тәртіп орнату керегін нықтады.

Ағымдағы жағдайға талдау көрсет­кеніндей, Қазақстанның еңбек нары­ғында 2008-2018 жылдар аралығында жұмыс күші 8,6%-ға өскен. Осы аралықта жұмыссыздар саны 114 мың адамға, ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 575 мың адамға кеміген.


Үкіметтің көп жұмыс орнын құра ала­тынына депутаттар да сенбейді. Таяу­да алдағы 3 жылдың бюджеті талқы­ланған Мәжі­лістің жалпы отырысында депутат А.Нұркина 2011 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасына 800 миллиард теңгеден астам ел қаржысы шығындалғанын алға тартты. 2020-2022 жылы «Еңбек» бағдар­ламасына тағы 186 миллиард теңге жұмсалмақ.


Осы 10 жылда ресми мәлімет бойын­ша, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайызға – 6,6%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. Бірақ сарапшылар бейресми жұмыссыздық бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Себебі ресми статистика тек жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендерді ғана санайды да, өз бетінше жұмыс іздеген мыңдаған жанды есепке алмайды.

Сонымен бірге мамандар 2008 жыл­дан бері 15 пен 28 жасқа дейінгі жастағы жұмыскерлер саны күрт (10,1%-ға) азай­ғанын тіркеген. Бұл шамамен 233,8 мың адамға кем. Демек, ХХ ғасыр­дың со­ңындағы ауыр кезең, демогра­фиялық құлдырау өз кесірін тигізуде.

2010-2018 жылдар аралығындағы кезеңде жастардың 44%-ы ғана экономи­калық белсенді болған, яғни жұмыс істеген. Қалғаны оқиды.

Сонда Қазақстан бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8%-ды немесе 79,7 мың адамды құрады деп есеп­теледі. Әйтсе де, бұл көрсеткіш алда­ғы жылдары нашарлауы ықтимал. Өйт­кені тәуелсіздік жылдарында демогра­фиялық өрлеу кезінде дүниеге келгендер ЖОО мен мектеп бітіріп, еңбек нарығына лек-легімен құйыла бастамақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің бағалауына сәйкес, 2025 жылға қарай 15-тен 24 жасқа дейінгі жастағы еңбекке қабілетті жастардың саны 446 мың адамға, яғни 2017 жылғы 2 млн 399 мың адамнан 2 млн 845 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Осы жастардың еңбек нарығынан өз орнын табуы үшін осынша жаңа жұмыс орны шынымен құрыла ма?

Жыл сайын еңбек нарығына шыға­тын 15-24 жастағы қазақстандықтар са­ны алда орташа есеппен жыл сайын 3%-ға артып отырмақ. Ал 2025-2030 жыл­дар аралы­ғында бұл қарқын 5%-ға дейін ұлғаяды: 2000 жылдардағы «бэйби-бум» түлектері нарыққа қаптап ден қояды.

Оған дайындалмақ түгіл, жауапты органдар әзірге тұрақты жұмыс таппа­ғандар санын да азайта алмауда: ресми дерек бойынша, өзін-өзі жұмыспен қам­тыған қазақстандықтар саны 2015 жылғы 2,3 млн адамнан (жұмыспен қамтылған халықтың 27%-ы) 2018 жылы 2,1 млн адамға (24,5%) дейін ғана қысқарды. Ал алда міндетті медициналық сақтандыру келе жатыр.