Мектеп құрылысы дер кезінде  бітпегендіктен  балалар балабақшада  оқып жатыр
Мектеп құрылысы дер кезінде  бітпегендіктен  балалар балабақшада  оқып жатыр
Бүгінде білім беру  саласында бауын тапса, байлауын таппаған мәселелер аз емес. Әсіресе құрылыс саласына келгенде басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, ал нысанды  мерзімінде өткіземіз деген мердігерлер «қуға»  айналып жатады. Бұл жағдай Жамбыл облысының білім саласының да бас ауруына айналып отыр.  Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша,  биылғы жылдың  соңына дейін 7 білім нысаны пайдалануға берілуі керек  екен. Алайда олардың денінің құрылысы жоспарлы мерзімінде аяқталмауда. Ал Қордай ауданындағы  Күнбатыс  және Қалғұтты ауылдарындағы мектептердің құрылысы тіпті биыл  аяқталмауы мүмкін болып тұр. Аталған құрылыс нысандарының мердігерлері «Тараз Құрылыс Инвест», «Строители Века», «Тараз Ирригация», «Шұғыла-2002», «Теберда СтройСервис», «Темир-Строй Сервис и Ко» және  «Талас құрылыс» ЖШС-лары  басшыларының құрғақ уәдемен бәрін қатырамыз деп  жүргендеріне де  біраз уақыт болған.
Сол себепті аймақ басшысы  Бердібек Сапарбаев әкімдікте өткен жиында аталған жосықсыз мердігерлердің басынан сипамады. –Сегіз айдан бері бір мәселені он бірінші мәрте қарап отырмыз. Жиырма бір хаттама толтырылды. Облыс әкімінің басқа жұмысы жоқ деп ойлайсыздар ма? Соңғы кеңес қазан айының оны күні болды. Сонда бірінші қарашаға дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек дегенбіз. Бірақ тапсырмалар толықтай орындалған жоқ. Сенбі күні Тараз қаласын аралап, төрт мектептің де құрылысы баяу жүріп жатқанын көрдім. Сіздерді ешкім  қинаған жоқ. Өз еріктеріңізбен жұмысқа кірістіңіздер. Келісімшартқа отырдыңыздар. Келісімшартта құрылыстың басталуы, аяқталу мерзімі тайға  таңба басқандай  көрсетілген. Құрылыс нысандарында бірнеше мәрте болдым. Бәріңіз уәде бердіңіздер. Алайда уәде орындалмады. Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында оқушылар балабақшада, мәдениет үйінде білім алып жатыр. Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Миллиардтаған ақша бөлгендегі мақсатымыз осы ма еді? Жыл аяқталғанда құрылыс, жол саласын арнайы қорытындылаймыз. Мердігерлердің өз міндетін қалай орындағаны сараланады. «Шұғыла-2002» серіктестігі осы күнге дейін қанша мәрте уәде берді. Серіктестік кешіккен әрбір күніне келісімшарт бойынша айыппұл төлесін. Естеріңізге сақтаңыздар, мемлекет алдындағы міндетіне салғырт қарағандарға кешірім болмайды. Жамбыл облысы емес, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырыласыздар,–деді Бердібек Сапарбаев.
Жалпы бұл облыс әкімінің айтқан сөзінің жұмсартып берілген нұсқасы. Алайда жиында ашуына мінген Бердібек Машбекұлы мердігерлердің артында кім тұрса да, жазасыз қалмайтынын жетер құлаққа жеткізіп тұрып айтты. Енді осыдан нәтиже шықса болғаны...

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы