Биыл елордамыздың көлік және коммуникация саласына 55,7 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Integrity Astana жекеменшік мекемесі бұл қаржының бір бөлігі тиімсіз және заңбұзушылықпен жұмсалып жатыр деп санайды. Олар бұл пікірге ашық деректерде жарияланған құжаттарды мұқият оқып шыққан соң келгенін, тіпті күдік ұлғая түскенін айтады. Себебі бір көшені жөндеу бағасы 1 шақырымы үшін 58 мың теңге деп белгіленсе, келесі бір қысқа көшені жөндеу құны 1 шақырымы үшін 113 мың теңге деп бағаланған.
ЖОЛ ЖӨНДЕУДІҢ ҚҰНЫ АЛА-ҚҰЛА
Integrity Astana жекеменшік мекемесінің өкілі Рүстем Жансейітовтің айтуынша, қала бюджетінен астананың көлік және коммуникациясына бөлінетін қаржы түрлі басқармалар мен қызмет түрлеріне таратылып беріледі. Мәселен, биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға – 32,5 млрд теңге, автожолдардың жұмысын қамтамасыз етуге – 5,3 млрд теңге, «Жаңа көлік жүйесі» жобасын жүзеге асыру үшін заңды тұлғаның жарғылық капиталын ұлғайтуға – 13,3 млрд теңге, жолаушы тасымалын субсидиялауға 3,9 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, автокөлік жолдары мен жолаушылар тасымалы саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, әкімшінің күрделі шығындары сияқты басқа шығындарға салынған қаржы тағы бар.
– Осы салаға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр, кей тұста қызметтердің қайталануы байқалады, жұмыстың орындалу сапасы бақылаусыз және мониторингсіз жүріп жатыр деген күдігіміз бар. Бізде бюджет қаржысын игеруге ғана басымдық береді де, жұмыс сапасы екінші орынға ысырылып қалады. Жұмыстан кейінгі нәтиже қандай дегенді сараптап жатқандар жоқтың қасы, – дейді Рүстем Жансейітов.
Астанадағы көлік шығындарының басым бөлігі көлік инфрақұрылымын құруға, яғни жол салуға жұмсалады. Бұл жерде, қоғам белсенділерінің пікірінше, салынған жолдар сапасының нашарлығы мен сол жұмыстар құнының айқын болмауына қатысты екі маңызды мәселе бар.
Мысалы, өткен жылы Тұран даңғылының әуежай мен Қорғалжын тасжолына дейінгі аралығына орташа жөндеу жүргізіліп, осы мақсатта 634 млн теңге жұмсалыпты. Алайда қазіргі күні аталған жолдың көп жері тегіс емес, ақаулы тұсы көп көрінеді. Мұндай жағдай аэропортқа апаратын, биыл ғана пайдалануға берілген жаңа жолда да бар екен. Елордадағы ең маңызды деген магистралды жолдарда жағдай осындай болғанда, елеусіз жол телімдеріндегі жағдай қандай деген сұрақ туындайды.
– Жол салу жұмыстарының баға белгілеуіне қатысты да сұрақ бар. Мысалы, №27 жолды салу кезінде асфальт қалыңдығы – 13 см, ені – 30 метр, 8 қатарлы жол, жалпы аумағы 300 758 шаршы метр болатын жолдың орташа құны 1 шақырым үшін 58 809 теңге деп белгіленген. Ал Сығанақ көшесінен №27 көшеге жапсарлас Бейсекова көшесінің тендер бойынша құны 60 869 теңге тұрады, бұл жолдың қалыңдығы – 24 см, ені – 30 метр және 8 қатар жолдан тұрады. Баға белгілеуге қатысты тағы бір мысал келтірсек, Е-22 көшесінің асфальтінің қалыңдығы – 14 см, ені – 15 метр, 4 қатарлы, жалпы аумағы 29 910 шаршы метр болатын жолдың 1 шақырымының бағасы 113 980 теңгені құраған. Яғни, жол құрылысының бағасын белгілеуде осынша ала-құлалық көрініс тауып отыр, – дейді Integrity Astana өкілі.
ЖӨНДЕЛЕТІН ЖОЛДЫ КІМ АНЫҚТАУЫ КЕРЕК?
Биыл астанадағы автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қызметіне 263 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Қызығы сол, «автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қызметі» сияқты шығыстар бабы жоқ. Негізінде ондай бап керек.
Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңа көлік жүйесі» жобасын жүзеге асырумен айналысатын бірнеше заңды тұлға бар. Олардың жарғылық капиталын арттыру үшін биыл бюджеттен 13 млрд және 254 млн теңге бөлінді. Бұл заңды тұлғалар қымбат автобустар сатып алу мен қымбат жерүсті метросын салудан басқа немен айналысатыны еске түспей тұр.
«Жалпы, елордада қала маңы мен астана іргесіндегі елді мекендерден келетін ауқымды көлік пен жолаушы тасқынын игеру өзекті мәселе болып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін жасалып жатқан нақты, елеулі және жылдам әрекет байқалмайды» дейді қоғам белсенділері. Мысалы, Қосшы ауылынан астанаға келетін көлік тасқынын ескерсек, шұғыл түрде Қарқаралы тасжолын кеңейту қажет екенін түсінер едік. Аталған тасжолды, ең болмағанда, 3 қатарын қалаға кіретін, 2 қатарын қаладан шығатын етіп салса, көлік тасқыны бәсеңдер еді дейді.
– Қабанбай батыр даңғылы EXPO көрмесі өткізілген 2017 жылдан кейін қатты бүлінді, бірақ ол жол әлі жөнге келтірілген жоқ. Кешіріңіз, сол жағалауда 3 бірдей өтпелі көше бола тұра, жолды қолдан тарылту ақылға қонбайды. Бұл көлік қозғалысын әдейі қиындату сияқты көрінеді. Қазірдің өзінде жол таңбаларын өзгерту арқылы Қабанбай батыр даңғылында 6 қатарлы жол жасап, Тұран мен Мәңгілік ел көшелеріндегі көлік тасқынын азайтуға болар еді. Алайда неге екені бұлай істелмей жатыр, – дейді Рүстем Жансейітов.
Оның айтуынша, қалаға кіретін жолдардағы кептелісті азайту үшін көлік бөлу жүйесін оңтайландыру – тиімді шығу жүйесін қарастыру, оңға бұрылу тәртібін енгізуді жеделдету, «ақылды бағдаршамдар» орнату қажет. Сондай-ақ Бөгенбай батыр мен Уәлиханов көшелері қиылысатын аумақтағы кептеліс мәселесін шешуді де кезек күттірмей ойластырған жөн.
Қысқа қайырғанда, Integrity Astana мекемесі қаланың көлік жүйесін дамытудың өнімді жұмыс тәсілі ашықтық екеніне сенімді. Яғни, қала тұрғындары қала өміріне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысып, өз ұсыныстарын сауалнамалар, рейтингтер түзу және нұсқаларға таңдау жасау арқылы білдіріп қатысуы керек. Енді оған қала билігі тарапынан қолдау болса – болғаны. Сонымен қатар қоғам белсенділерінің ұсыныстары мен жол жағдайының ғылыми-техникалық сараптамасын біріктірсе, астананың көлік инфрақұрылымын дамытуды стратегиялық жағынан дұрыс бағытқа бұруға мүмкіндік мол. Ең бастысы, бюджет қаржысын бүгінгідей жабық және жасырын жұмсау сияқты ескірген әдістерден бас тарту қажет.
Жалпы, мұндай ұсынысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де жасап келеді. Аталған агенттіктің дерегінше, соңғы бес жылда көлік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 1 трлн теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен бөлінген бұл қаржы өзін ақтамай отыр. Себебі халықаралық рейтингте Қазақстан жол сапасы бойынша 138 елдің ішінен 108-орында тұр. Агенттік мамандары бұған қоғамның барлық саласында белең алған жемқорлық себеп деп санайды. Себебі 2015 жылдан бері жол мәселесіне байланысты жемқорлық бағытында 100-ге тарта сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүргізілген. Ал жол жөндеуші компаниялар болса, жол сапасына жол салу кезінде пайдаланылатын материалдар сапасы тікелей әсер ететінін айтып отыр. Мысалы, битумның сапасы жол сапасына 60-70 пайызға дейін ықпал етеді. Қазіргі күні жол құрылысына отандық битумды пайдалану міндеттелген. Ал отандық өнім мықтылығы жағынан қалыпты көрсеткіштің ең төменгі деңгейінен ғана өтіп тұр екен. Бұл өз кезегінде жол сапасының төмендеуіне әсер етіп, кепілді мерзімге жетпей жолдың ойылып қалуына әкеліп соқтырады дейді.
Демек, жол салуға бөлінген қаржының тиімді игерілуі мен жол сапасының жоғары болуына билік пен халық тікелей мүдделі болмаса, ешқандай нәтижеге жете алмаймыз. Асфальтке құйылған миллиардтар асфальтпен бірге еріп, көзден ғайып бола береді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ