Асқар Мамин ШЫҰ кездесуінде қандай бастама көтерді?

Асқар Мамин ШЫҰ кездесуінде қандай бастама көтерді?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ШЫҰ аясында экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бастамалар топтамасын ұсынды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Асқар Мамин Ташкент қаласына сапары аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкіметтер басшылары кеңесінің (ҮБК) 18-ші отырысына қатысып, онда Ұйымға қатысушы елдердің сауда-экономикалық, цифрлық, көлік және басқа да салалардағы нақты ынтымақтастығын нығайту бойынша бірқатар бастамалар көтерді.

Шағын құрамдағы кездесу барысында А.Мамин ШЫҰ Банкін және ШЫҰ дамыту қорын құру бойынша жұмыстарды жандандыруды, Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара есептесулерінде ұлттық валюта үлесін арттыру жөніндегі «Жол картасын» бірлесіп әзірлеуді, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы министрлері мен орталық банктерінің басшыларының кездесулерін қайта жаңғыртуды ұсынды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы тараптардың көлік-логистикалық бағыттағы нәтижелі жұмыстарын атап өтті. А.Мамин бақылаушы мемлекеттердің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол саласындағы өзара іс-қимылы тетіктеріне қатысуын кеңейтуді, жүктерді автомобильмен тасымалдау үшін рұқсат бланктерін берудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жеделдетуді және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен Автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасын бекітуді ұсынды.


ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасын іс жүзіне асыру жұмыстарына кәсіпкерлердің ұлттық палаталарын тарту қажеттігі туралы мәлімдеді, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының халықаралық қаржы мекемелерімен байланыстарында ілгерілету үшін ШЫҰ инвестициялық жобаларының Бірыңғай тізімін әзірлеудің маңыздылығын айтты.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста Қазақстан Үкіметінің басшысы ШЫҰ, ЕАЭО, АСЕАН және ЕО арасындағы көпжақты диалог форматында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігін баса айтты. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа мен Азиядағы ірі аймақтық бірлестіктермен және жобалармен серіктестік қарым-қатынастар орнату бойынша «Үш диалог» туралы бастамасы ерекше назар аударуға тұрарлық»,– деді А.Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді АХҚО алаңын жаңа қаржы өнімдері мен технологияларын тестілеу үшін пайдалануға шақырды.

«Бүгінде Қытай, Ресей және Өзбекстан қаржы технологиялары компаниялары осындай мүмкіндікті пайдаланып үлгерді»,– деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.

А.Мамин Цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кеңесті құру бастамасын көтерді.

«Бұл кеңес 5G, «Ақылды қалалар», ауқымды деректер, блокчейн, цифрлық активтер тәрізді жаңа технологиялық элементтерді біздің елдерімізде енгізу бойынша өзара тиімді серіктестікті дамыту, сондай-ақ дата-орталықтарды салу және орналастыру, деректер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу алаңына айналар еді»,– деді А.Мамин.

Үкімет басшысы ШЫҰ елдерін Қазақстанда құрылған «Жасыл» технологияларды дамыту және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын тұрақты даму стратегиясын дамыту және озық тәжірибелерді алмасу үшін пайдалануға шақырды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының рөлі мен әлеуеті әлі түгесілген жоқ. Бұл Ұйымның болашағы зор» деп санайды»,– деді А.Мамин.

ШЫҰ ҮБК шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарының қорытындылары бойынша 14 құжат қабылданды, оның ішінде бірлескен коммюнике, Көпжақты сауда-экономикалық ынтымастастық бағдарламасының жаңа редакциясы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігі саласындағы теміржолда әкімшілендірудегі Өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, ШЫҰ Экономикалық сараптау орталықтары консорциумының регламенті, ШЫҰ Қалаларының экологиялық қолайлылығын дамыту бағдарламасы және т.б. бар.