Түркістан қаласында коронавирустың таралуын шектеу бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Міне, осы және өзге де сұрақтарға Түркістан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков тікелей эфирде жауап берді. Бұл онлайн жүздесу Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының ресми парақшалары арқылы көрсетілді.
Бас дәрігердің айтуынша, бүгінде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында корноавирус індетін жұқтырған науқас жоқ. Дегенмен сақтық шараларын сақтамаса болмайды. Еуропа елдері мен көршілес Ресейде пандемия қайта бас көтерді. Осы деректерге тоқталған Жанболат Ділдәбеков пандемияның алғашқы толқынында өзі басқаратын ауруханада 325 қызметкер үздіксіз қызмет еткенін атап өтті. – Пандемия кезінде 250 орындық станционарда 849 науқас карантинге жатқызылған. 320 орындық провизорлық станционарда барлығы 1384 науқас емделіп шықты. Пневмомиядан 60 науқас қайтыс болды. Кейбір зерттеушілер коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам айтуда. Болмауы да мүмкін. Дегенмен біз дайындықты мейлінше күшейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда ауруханада 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры сақталды. Ол қорды тек пандемия күшейген кезде ғана қолданамыз. Ауруханада оттегі тарату көздері, жасанды өкпе желдеткіштері мен оттегі балондары жеткілікті, – деді бас дәрігер. Онлайн кездесу барысында Жанболат Ділдәбеков тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бұл ауруды таратпаудың жолы сақтық талаптарын сақтау екенін айтты.