Дін тақырыбындағы үздік материалдар анықталды
Дін тақырыбындағы үздік материалдар анықталды
Алматыда дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты журналистер арасындағы үздік материалдар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бәйгеге 200-ден астам жұмыс келіп түскен. Іс-шараны Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Social Development Center қоғамдық қоры ұйымдастырды. Байқауға Алматы қаласында жұмыс істейтін жергілікті және республикалық БАҚ журналистері, сарапшылар, ғалымдар, тәуелсіз публицистер мен блогерлер қатысты. Ұсынылған жұмыстарда діни заңнама нормаларын түсіндіру, конфессияаралық келісім мен толеранттылық, деструктивті ағымдардың қаупі, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы күрес сияқты өзекті мәселелерді қамтылды. Қазылар алқасы барлық өтінімді қарап, атаулы номинациялар аясында жеті жеңімпазды іріктеп алды: «Мерзімді баспасөздегі қазақ тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясы бойынша – «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Нұрекешев Еркебұлан Бағдатұлы; «Мерзімді баспасөздегі орыс тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала»номинациясы бойынша – «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті орыс бөлімінің редакторы Елдес Дастан Бархиянұлы; «Интернет-ресурстағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясы бойынша – Baq.kz порталының тілшісі Мұсахаев Әділет Жұратханұлы; «Интернет-ресурстағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясы бойынша – Іnformburo.kz мультимедиялық ақпараттық-сараптамалық порталы; «Ең үздік телевизия жанры» номинациясы бойынша – «Алматы» телеарнасының жүргізушісі Әнуарбек Өмір Серікбекұлы; «Ең белсенді блогер» номинациясы бойынша – дінтану бойынша PhD докторанты Берікбаев Елнар Ғалымжанұлы. Жүлделерді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Көшеке Ерғали мен қазылар алқасының өкілі Құрманалиева Айнұр табыстады. Ұйымдастырушылар БАҚ пен блогерлердің дін саласындағы ағартушылық жұмысының мән-маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл – халықтың діни сауатын арттыруға, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің жолын кесуге қосылған қомақты үлес. Social Development Center қоғамдық қорының құрылтайшылары қазылар алқасының мүшелеріне ерекше алғыс білдіріп, естелік сыйлықтармен марапаттады. Ал жүзден жүйрік шыққан авторларға құрмет дипломы мен спорттық велосипед тарту етті.