Астаналық дәрігерлер тірі баланы «өлі туды» деп құжат берген
Астаналық дәрігерлер тірі баланы «өлі туды» деп құжат берген
158
оқылды
Астаналық дәрігерлер жаңа туған сәбиді ата-анасымен үйіне жіберіп, ал құжатқа «өлі туды» деп жазып берген. №2 көпбейінді аурухананың ақ халаттылары қателікке қалай бой алдырды? Бұл аздай, науқастың кесір тілігі асқынып кетіп, қайта ауруханаға түскен, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. 25 жастағы келіншектің айы-күні толып, 21 қазанда қыз баланы кесір тілігі арқылы дүниеге әкеледі. Ана мен бала 5 күннен соң перзентханадан шығыпты. Бірақ дәрігерлер құжатты «бала өлі туылды» деп толтырып берген.
«Жоқ, балам өлі туған жоқ, қызым үйде, күйеуім қарап жатыр» десем, «Сіздің ауруханадан шығу туралы қағазыңызда бала өлу туған деп тұр дейді», - деп күйінеді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Темірлан ЫРЫСКЕЛДІҰЛЫ.
Бірақ мұнымен іс бітпепті. Күйеуінің айтуынша, үйге шығысымен әйелінің жарасы іріңдеген. Тіпті, дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, есінен танып қалғанын айтты.
«Перзентханадан шыққан кезде қатты ауырып тұрды. Күнде іріңдеп тұрғандықтан, күнде жараға ем-дом жасап тұрдық. Өз жұмысына немқұрайлы қарайтын дәрігерлер тиісті жазасын алуы керек. Себебі, жазасын алмайтын болса, бұл жағдай тағы қайталанатыны анық. Тіпті, кей ана баласынан айырылып қалуы да мүмкін ғой», - дейді Темірлан ЫРЫСКЕЛДІҰЛЫ.
Жаңа туған сәбиге «Томирис» деп есім берген. Ол ана сүтімен емес, дәріханадағы қоспамен тамақтануда. Қазір нәрестеге нағашы әжесі қарап отыр. Оның айтуынша, қызының жарасы іріңдей бастаған соң дәрігерлер барған. Бірақ олар уақытылы көмек көрсетпей, бір-біріне сілтеп жіберген.
«Басқа хирургияға барсын деп айтқан. Біз үйде болмаған соң баласын көтеріп, ол өзі жүрген. Жолдасы жұмыста болған. Шындығында, соның бәріне перзентханадағы гинеколог дәрігерлер  өздері жауап беруі керек емес пе? Яғни, қызымның жарасы жазылмай жатып шығарып жіберген. Қызым ота жасалған жерден ірің мен су ағып тұр дейді», - деді нәрестенің әжесі Айсұлу ИСАБЕКОВА.
Ал дәрігерлер «бізден ағаттық кеткен жоқ» деп ақталды. Дегенмен, құжатта жіберілген қателікті мойындап, ата-анасынан кешірім сұрапты.
«Техникалық ақау бойынша кеткен «бала өлі туды» деген жазудағы қателікті біз мойнымызбен көтереміз. Дәрігер баланың отбасынан, әкесінен кешірім сұрады. Оған тәртіптік жаза - сөзгіс жарияланды. Ол кісі 6 ай бойы ешқандай сыйақы ала алмайды. Тек өз айлығын ғана алады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық №2 көпбейінді аурухана директорының босану жөніндегі орынбасары Ербол ӘУБӘКІРОВ.
Дей тұрғанмен, қазір жас ананың денсаулығына төнген қауіп сейілген. Ақ халаттылар ішкі ағзаларына ешқандай зиян келмеген деп отыр. Жас ана ем-домын әлі жалғастыруда.