Парламент қос азаматтыққа жол бермейтін заң жобасын құптады. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Жиында сенаторлар сондай-ақ «Қазақстанның мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік шекара – ұлттық қауіпсіздігіміз бен елдігіміздің кепілі. Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникаларды қолдану арқылы шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады. – Заңда маңызды нормалар қарастырылды. Олар Президентіміздің шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналған. Әлемде түрлі сын-қатердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Ендеше шекараны уақыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арттыруға, шекарамызды берік ете түсуге қызмет етеді, – деді Сенат төрағасы М.Әшімбаев. Парламент Қазақстан және Беларусь үкіметтері арасындағы «Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді» ратификациялады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 2019 жылы 25 қазанда Нұр-Сұлтанда қол қойылған келісім екі елге азаматтар туралы өзара ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге жол ашады. – Біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметі тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Төртіншіден, қос мемлекет азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Бесіншіден, көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады, – деді ол. Беларусь Парламенті келісімді 2020 жылғы 18 мамырда бекітті. Бүгінде еліміз көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Тағы 9 келісім дайындалуда. «Келісімдер арқасында біріншіден, қос азаматтыққа жол берілмейді, екіншіден, ақпарат алмасу жақсарды. Үшіншіден, адамдарды басқа елден қайтару мәселесі шешіледі. Төртіншіден, шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады», – деді министр. 2019 жылы Қазақстанға 6 млн шетелдік келсе, соның 32 мыңға жуығы – Беларусь азаматтары. Оның 76-сы әкімшілік жазаға тартылған. Сонымен қатар жоғарғы палата депутаттары «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Сенат басшысы бұл құжаттың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің байланысын нығайтуға, көліктік инфрақұрылымды дамытуға және тауар айналымын арттыруға септігін тигізетініне екпін түсірді. – Қазақстандық флот ашық теңіздерге шығуы үшін осы келісім мен заңның стратегиялық маңызы бар. Бұл құжат алда Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Қара және Жерорта теңіздеріндегі порттарға дейін тасымалданатын жүк көлемін ұлғайтуға септеседі. Сол арқылы ел экономикасының өркендеуіне ықпал етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.Елдос СЕНБАЙ