Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары идеологиялық деңгейде өткізу мақсатында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында кеңес мүшелері мереке шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды дайындау мен өткізудің негізгі мәселелерін талқыға салып, келелі ұсыныстарымен бөлісті.
Отырысты кіріспе сөзімен ашқан кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев егемендіктің арқасында іргесі берік, келешегі кемел мемлекет құрғанымызды айтып, қастерлі, қасиетті тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын лайықты қарсы алу керек екенін ерекше атап өтті. Жиын барысында кеңес мүшелері еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістіктеріне ерекше тоқталды. Мәселен, кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының дәстүрлі діндер басын қосуы адамзат тарихындағы бірінші болған оқиға екенін атап өтіп, ядролық қарудан бас тарту секілді еліміздегі ауқымды жетістіктеріміз бойынша әлемдік деңгейде халықаралық симпозиум өткізсек деген ұсынысын ортаға салды. Кеңес мүшесі Аманжол Оңғарбаев кейінгі ұрпаққа өнеге болар сарқылмайтын қазына ретінде кешегі тәуелсіздік жылдарында Сыр журналистикасында еңбек еткен қайраткерлердің еңбегін елеп, сол кезеңдерде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар жиынтығын топтастырып, 5 томдық кітап шығарсақ деген ойын жеткізді. – Бүгінде аталмыш 5 томдықтың 80-90 пайызы дайын. Мұны Қаламгерлер қауымдастығымен бірлесіп дайындап жатырмыз. Мерейлі мерекеде жарыққа шығарып, оқырманға тарата білсек, тәуелсіздікке тартқан нағыз тартуымыз болар еді, – деді ол. Жиында айтылған барлық ұсыныс жинақталып, хаттамаға енгізілді. Кеңес мүшелері мерейлі жыл еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтып, халықты рухани-мәдени біріктіре түсуі, сабақтастық пен прогрессивті дамуды қамтамасыз етуі тиіс деген ұстаныммен тарқасты.А.ЖАСАНҰЛЫ