Марқұм туысыңыздың ағзасын алуға рұқсат бересіз бе?
Марқұм туысыңыздың ағзасын алуға рұқсат бересіз бе?
222
оқылды

Биылғы шілдеден бастап «Ха­лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс қа­былданған. Соған сәйкес, елі­мізде мәйіт донорлығына келісім беру не қарсы болуды әркім көзі тірісінде таңдайтын болды. Бұрын­ғыдан өзгешелігі сол – өлер ал­дын­да марқұм еш таңдау жаса­ма­ған болса, туыстарының рұқсаты сұралатын болды. Миы өлген соң ағзаларын өзгеге беруге қазақ­стан­дықтар қалай қарайды? Дәрі­гер­лер бұл жайлы не дейді?

Осыған дейін мәйіт донорлығы «Ке­лісім презумпциясы» аясында жүзеге асы­рылатын. Яғни, көзі тірі кезде жаз­ба­ша өсиет қалдырып, ағзасын беруге қар­сы екенін айтып кетпеген адамның рұқ­сатын сұрамастан ала беретін. Атап өте­тін жайт сол марқұмның туыс­тары­ның қарсылығы саналмайтын. Бұл заңға қар­сы шыққандар көбейіп, соңы сотқа ұлас­қан жағдай аз емес. 22 жастағы Серік­болсын Көшербайдың миы өлген соң бүйрегі, бауыры мен жүрегін алып, бас­қаға салған. Марқұм ақтөбеліктің туыс­тары бұл жайлы естіген соң дереу сот­қа жүгінеді. «Жақындары келісім бер­ген соң трансплантация жасалыпты» деп қате ақпарат берген облыстық газет, ма­қала авторы және облыстық Ден­сау­лық сақтау басқармасына қатысты ша­ғым түсірілген болатын. Моральдық шы­ғын ретінде миллион теңге сұра­ға­нымен, дәрігерлердің ешқандай заң бұз­­бағанына байланысты ол іс тоқ­та­тылған. Байқасақ, осындай түсініспеушілік пен қарсылықтың осы кезге дейін нүк­те­сі қойылмай келген. Ақ халаттылар «Ке­лісім презумпциясының» шең­берін­де жұмыс істеп жатқандарына сілтесе, туыстары жақынының денесі тілгіленіп, пышаққа түскеніне наразы болатын. Әлбетте, заң бойынша әрбір азамат бұл мә­селеге қатысты таңдауын жасауға ерік­ті еді. Яғни, емханаға барып, келісім не қарсылық білдіретінін айтып, қажет форманы толтырса, құда да, құдағи да тыныш болуы тиіс. Дегенмен мұны құнт­тағандар кемде-кем. Тіпті, бастап­қы кезде мұндай форманың бар екенінен емхананың да, халыққа қызмет көрсету орталықтарының да қызметкерлері бейхабар болып келгені рас. Дәрігерлер сүйенетін құжат осыдан 11 жыл бұрын қабылданған. Бірақ биыл­дан бастап жаңа кодекс дайындалып, өзгеріс мәйіт донорлығына да қатысты бол­ды. Сөйтіп, ендігіде туыстардың ше­­шімі құрметтеліп, ескерілуі тиіс де­лін­ді. Бірақ барлық жағдайда емес. Ай­та­лық, қазақстандық азамат өлерінен бұрын өз еркімен өтініш қалдырып ке­тетін болса, онда туыстардың сөзіне еш­кім қарамайды. Сондықтан жақын-дарға мұндай ауыр шешім қабылдауға жауапкершілік жүктегеннен гөрі  әркім өзі саналы түрде таңдауын жасағаны жөн секілді. Егер өлген соң ағзамды әлдекімге салуға рұқсат беремін десеңіз, өзіңіз тіркелген емханаға барып, келісімді тіркейсіз. Бастысы, ақыл-есіңіз дұрыс, кәмелетке толған болсаңыз – болды. Одан бөлек, еGov арқылы рәсімдеуге де болады. Үйден шық­пастан, ЭЦҚ кілтіңізбен кіріп, өтініш қалдырасыз. Келісетін бол­саңыз, нақты қай мүшені алуға рұқ­сат бересіз немесе қай мүшеге мүл­­дем тиіспеу керек – бәрін көрсете аласыз. Тағы бір айта кетерлігі, көз­қарасыңыз өз­герген жағдайда ше­шімді ауыс­тырып, кері қайтару да қарас­тырылған. Бірнеше рет өз­герткен болсаңыз, соның ішінде ең соңғысы басшы­лыққа алынады. Кімнің қарсы, кім­нің келіскені туралы ақпарат толық құпияда сақ­та­лады. Ондай базаға респуб­ли­калық үш коор­динатор ғана кіре алады. Әрі тек сол адам өлген соң көреді. Ал қарсы болсаңыз, емханаға бар­мастан туыс­тарға бірауыз ес­кертсеңіз жарайды. Яғни, отба­сында бұл маңызды мәселе талқы­ланып, ш­е­шім қабылдауға қатысты талқы болғаны тіпті жақсы. Одан бөлек, әрине ресми түрде қарсылық жазуға еш кедергі жоқ. ағза Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қыз­меттерді үйлестіру республикалық орталығының директоры Әділ Жұ­мағалиев кімдердің донор бола алмайтынын айтып берді. Қанша жерден келісім беріп тұрса да, кей адамдардың ағзасын дәрігерлер алмайды екен. «В, С гепатиті, ВИЧ, онкологиялық аурулар мен деком­пенсация кезеңінде тұрған жүйелік ауруы барлар донор бола алмайды. Сонымен қатар балалардан, туыстары қалмаған және жеке басы анық­талмаған адамдардан да ағза ал­май­мыз», – дейді маман. Ағзаны салу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы қабылдайды. Бәрі дұрыс болса, трансплант-коор­динаторларға жібереді. Сөйтіп, нау­қас күту кезегіне тұрады. Егер қандай да бір жаңалық болса, оған дереу хабарласып, тез арада ота жасалады. «Биыл ағзасын салуға болатын 18 мәйіт болған. Оның 16-сының туыс­тары қарсылық біл­діріп, сол күйі жерленді. Тек екеуі­нен рұқсат алып, соның арқасында 10 адамға транс­плантация жасалды. Бізде қоғамда бұған қатысты әлі де түсініспеушілік бар. Мәселен, Қазақстанда 3 500 адам азға ауыс­тыруға тәуелді болып отыр. Оның ішінде, бауыр, бүйрек, көз, жүрек – бәрі бар. Ойлап қарасақ, дамыған елдерде көпшілігі келіседі. Бізге де сондай түсінік қалыптасса екен дейміз. 3 500 адам науқас қана, оның жанында кемі 4-5 жақыны алаңдап отырады. Сонда 15 мың адам күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ағза табылып қалар деп сарғайып күтіп жүр», – дейді белгілі трансплантолог және хирург Жақ­сылық Досқалиев. Ересектерден бөлек, балалардың ағзасын алу тәжірибесі шетелде бар. Бірақ бұл тақырып бізге әлі тыйым болып көрінеді. 1994 жылы Италияда жеті жасар Николас атты бала атыс кезінде қайтыс болады. Сөйтіп, ата-анасы оның ағзасын мұқтаждарға бе­руге келіседі. Осыдан соң елдегі донорлық қарыштап дамып кетеді. Тіпті, жаңаша бағаланған құнды­лыққа қатысты мұндай әрекетті «Ни­­ко­лас эффектісі» деп те атап кет­кен. Қазақстанда балалар донор­лығына рұқсат жоқ. Өйткені ере­сектердің мәйіт донорлығының өзіне келісім алу – қиямет-қайым. Ал бауыр еті баласының ағзасын ал­ғанды тіпті жауыздық деп санай­тындар бар. «Бүгінде ел бойынша 102 бала транс­­плантацияға мұқтаж. Заңда кәмелетке толмағандар туралы көр­сетілме­­гендіктен, алуға рұқсат жоқ. Екінші жағынан, ересектердің өзіне қарсы болып отырғанда, нәрес­телердің азғасын бермесі анық. Бұған мен­­талитеттің әсері бар. Одан қала берді, медицина саласы қыз­мет­керлеріне деген сенімсіздіктің сал­дарынан осылай болып отыр. Соңғы кезде коронавирустың кризисі де қосылды. Сонымен халық қазір дәрі­герлерге сенбейді», – дейді Дос­қалиев. Елдің түсінігі дегеннен шығады, кейбірі діни ұстанымына байланысты қарсылық танытып жатады. Осы ретте, исламда трансплантацияға қа­тысты қандай үкім барын қарап көрдік. Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағза­ларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады екен. Өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирас­қор­ларына ағза өтемі ретінде мате­риалдық қажеттілігін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса трансплантация жасау рұқсат етіл­мейді. Ал жалпылама алғанда, тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін бірнеше шарт бар. Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жер­леуге рұқсат беретін дә­режеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, ми­дың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажы­рағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина маман­дарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мү­шелері мемлекеттік деңгейде растал­ған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адам­ның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады. Трансплантация жасау, шыны­мен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс. Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені трансплантация жасау адам­ды қорлауға алып бармау керек. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қала­тындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Одан кейін ұрпақ тарату жүйесін басқаға салуға бол­майды. Соңғы шарт: мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде растал­ған, қатаң бақылау аясындағы меке­мелерде жасалуы керек. Әрі ағзаны көшіру ешбір материалдық қайта­рымсыз жүзеге асуы тиіс. Әділ Жұ­мағалиевтің айтуынша, бүгінге дейін бірде-бір діни ұйым қарсы шықпаған. Қайта қолдап, бірігіп жұмыс істеп жатқан көрінеді. Дәрігер-маман­­дар қалың көпшілікті донорлық жайлы жақсы пікірде болуға шақырады. Әлбетте, адам ағзасының саудасы «қара базарға» шығатыны туралы ақпаратты көрген адамның именіп қалатыны заңды. Дегенмен «3 500 адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда, игі іс атқарған қайта жөн емес пе?», – дейді олар.

Жадыра АҚҚАЙЫР