Отандық телесериал индустриясы қарқын алып келеді. Режиссерлер кем дегенде жылына бір телесериалдың тұсауын кеседі. Түсірілетін сериалдар да, фильмдердің де саны артқан. Арасында көрермен тарапынан сынға ұшырайтындары да жоқ емес. Неге?
«Тар заман», «Саған сенемін», «Кейкі мерген», «Қанатсыз құстар», «Айнымас Айғаным», «Жаным менің», «Тағы да сүй», «Қарлығаш ұя салғанда», «Келінжан-1», «Келінжан-2», «Отыңды өшірме», «Соңғы үміт», «Аға», «Құстар қайтқанда», «Көзайым», «Жаңа қоныс» және тағы басқа сериалдар «Қазақстан» ұлттық арнасында, «Хабар» және т.б. отандық арналарда жиі көрсетіліп келеді. Отандық өнім демекші, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі телеарналарда шетелдік сериалдар мен ойын-сауық бағдарламалары 30 пайызға қысқаратынын хабарлаған еді. Есесіне, бұл отандық сериалдардың кеңеюіне мүмкіндік береді. Санның көбейгені де көңіл қуантады. Сан көбейсе, сапаның да жақсарары белгілі. Соңғы жылдары бірнеше сериал қатарынан түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. Көпшілік тарапынан кейбірі сынға да ұшырап жатады. Кей көрермен сериал көруге құлықты емес. Алайда бір жылдары қазақ экранын үнді, кәріс, түрік сериалдары жаулағаны да жасырын емес. «Қаптаған сериалдардың қатарында қазақ өнімі неге жоқ?» деп байбалам салғандар да болды. «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» белгілі. Қазір көрерменнің де көзқарасы қалыптасқан. Ұнай ма – көреді, ұнамай ма – телеэкранға телміргісі келмейді. Егер көрермен экранға жіпсіз байланып отырса, сериалдың көңілден шыққаны. Әрине, қазақ сериалдары кемшіліксіз деп тағы айта алмас едік. Біріншіден, көпшілік актерлердің ойнына сын айтады. «Қазақ актерлері эмоциясыз ойнайды. Дубляжы әлсіз. Қазақ сериалын көре алмайтынымыз – сондықтан. Мәселен, ұлттық арна соңғы кездері «Айнымас Айғаным» сериалын көрсетіп жатыр. Актрисаның да, актерлердің де ойнында эмоция жоқ. Көрерменін қызықтырмайды. Жасандылық басым. Бір-екі сериясын көрген соң ары қарай жетелей алмады. Есесіне, түрік сериалдары өздеріне жіпсіз байлап қояды. Эмоциясын анық көрсетеді. Тіпті, кейіпкермен бірге өмір сүресің», – дейді Анар Ержанқызы.«Келінжан» неге көңілден шықты?
Соңғы кездері көпшілік ұнатқан сериалдың бірі – «Келінжан». Бұл сериал «Хабар» арнасының өнімі. Продюсері – Гүлнұр Мамасарипова. «Келінжанның» көрерменді баурауы – қаржылық жағдайға байланысты ма? Біз бұл сауалды продюсерге қойған едік. «Бір сериалға қанша қаражат кететіні – коммерциялық құпия. Халықаралық нарықпен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, әрине біздің сериалға жұмсайтын қаржымыз өте аз. Біріншіден, әр серияға бөлінетін қаражат та аз. Оның өзінде шетелдік сериалдар сияқты 60-100 серия емес, ары кеткенде 20-25 серия түсіріледі. Сериалдар түсіріле бастағанына 10 жылдай уақыт болды. Осы 10 жыл ішінде қаншалықты инфляция болғанын бәріміз де білеміз. Доллар бағамы да шарықтап кетті. Өкінішке қарай, сериалға белгіленген тариф сол 10 жыл бұрынғы күйінде тұр. Өзгерген жоқ. Адамдар кез келген жағдайға бейімделеді. Нарықта одан артық ешкім төлемейтін болғасын ұсынған ақшаға келіседі. Егер біз шетелден не болмаса Ресейден актер шақыратын болсақ, онда біздің қаржымыз оны көтере алмайды. Отандық актерлер бар дүниені қанағат тұтып үйренген», – дейді. Әрине, барлық актер аз сомаға келісе бермейді. Арасында гонорары жоғары актерлер де баршылық. Ондай жағдайда продюсер не істейді? Оның қаржысы көтере ме? «Әр продюсердің өз әдісі болады. Мысалы, мен қымбат актерді өз сериалыма шақырғым келсе, өзге шығындарды азайтуға тырысамын. Кейде маған әріптестерім: «Сіз жаман үйретесіз. Шындап келгенде, ол ақша жетпейді ғой» деп айтады. Олар мүмкін менің қосымша инвесторым бар деп ойлайтын шығар. Бөлінетін қаржы барлығына бірдей. Біреуге көп, біреуге аз бермейді. Мәселен, мен қаржыны қалай есептеймін? Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды немесе Ләйлә Бекназар-Ханинганы басты рөлге шақырғым келеді делік. Ол актерлердің қаламақысын төлеу үшін түсіру уақытын тиімді пайдалануға тырысамын. Уақыт ұзарған сайын шығын да молаяды. Алдын ала дайындық жұмыстарын реттеп, түсіруге тас-түйін дайын отырамын. Әр продюсер шығынын осылай оптимизациялап үйренуі қажет. Сонда қалаған актеріңді ойнатуға мүмкіндік туады», – дейді продюсер.Сериал көп, сапасы қандай?
Көкейде осы сауал тұратыны анық. Біріншіден, құлаққа жағымды, құнарлы тіл жоқ. Сценарийді кәсіби драматургтер жаза бермейді. Керісінше, сериал авторлары «өзі би, өзі қожа». Демек, сапалы сценарий жаздыртуға құлқы жоқ. Көше тілін телеөнімге енгізуге жаны құмар. Екіншіден, бір жылдары Ресейдің халық әртісі Нонна Мордюкова сериал көрмейтінін айтқан еді. Әртіс «сериал тілінің жұтап кеткеніне қарны ашатынын» жеткізген. Мордюкованың сөзінің жаны бар. Қазақ сериалдары да осы күйді кешіп отыр. Тіл неге жұтаң деген сауалға жауап іздеп көрдік. Оның басты себебі сценарийдің орысша жазылып, қазақшаға аударылатыны. Екі адамның бір-бірімен диалогтері шынайы әсер ете бермейтіні – сондықтан. Эмоция жоқ, жасандылық басым. Шынайы актерлік ойын әлсіз. Көбі сериалды қосымша табыс көзі санайтын секілді. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Журналист Сәкен Сыбанбай қазақ сериалының ең үлкен кемшілігі ретінде «Қай телехикаяны қарасаңыз да, сол баяғы таптаурын тәсіл, таныс штамп, жасанды интонация, нанымсыз әрекет… Көрерменді өз кейіпкерімен бірге баурап әкету өте сирек. Телеэкранның бер жағындағы адам актермен бірге күліп, бірге жылап, кейіпкер тағдырының бүкіл тауқыметін бірге кешкендей болуы керек қой» деп жазып еді. Кейіпкерінің өміріне алаңдап, бірге күліп, бірге жылайтын сериалдар некен-саяқ. Сол себепті де көрермен үнді мен түріктің, кәрістің сериалына телміріп кетеді.Теленарықты әлі де шетелдік өнімдер жаулап келеді
Қазақ сериалын зерттеп жүрген мамандар тапшы. Әсіресе, киносыншылар қатары сирек. Көпшілігі фильмдерді зерттеп-зерделеуі мүмкін. Отандық сериалдарды жіті бақылап жүргендері некен-саяқ. Сондай киносыншының бірі – Әділхан Шорабек. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты. «Қазіргі сериалдардың ең басты кемшілігі қандай?» деген сауалымызға сыншы: – Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, телесериал жанры кинематографияның, театрдың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылығын өзіне жинап, телевизияның дамуына тың серпін, соны леп берген өнер туындысы деп айтуға болады. Егемендік алып, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін өзге салалар сияқты қазақстандық теленарықта да жаңа бағдарламалар мен контенттер пайда болды. Соның ішінде сериалдар да бар. Жыл өткен сайын отандық мазмұндағы телесериал үлесі біртіндеп артып келеді. Әрине, бұл – көңіл қуантарлық жайт. Десе де, бұл тарапта «әттеген-айлар» да жетіп артылады. Мәселен, бүгінде бәсекеге қабілетті өзіндік бет-бейнесі бар, жаңа жанрдағы телесериалдың өндірілмеуі және көбіне шетелдік өнімдерге бейімдеу басымдығы байқалады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, отандық сериалдар сапасының көрермен көңілінен шықпауының үдесінен болар, шетелдік, оның ішінде түрік, үнді және ресейлік өнімдердің теленарықты жаулауына жол берді. Бұған басты бірнеше себепті атап өткім келеді. Олардың қатарында сюжет желісінің жұтаңдығы, сценарийдің бір-біріне ұқсастығы, жанрлық ерекшеліктердің аздығы, арнайы білімнің жеткіліксіздігі, актерлік құрамның кәсіби деңгейінің төмендігі, тіл тазалығының сақталмауы сияқты жайттар бар. – Көңілден шыққан сериал бар ма? – Сериал – қазақстандық телевизия саласындағы ең жас жанр. Әрине, бастапқыда бірқатар мәселелердің туындайтыны жасырын емес. Десе де, бүгінде отандық мамандар сериалдардың сапасынан гөрі санына мән беретіні айқын аңғарылады. Бір бұл ғана емес. Сериал идеологиялық құралдың рөлін де атқаруы тиіс. Сондай-ақ ол қаржы табуы керек. Мысалы, отандық теленарықтағы түрік сериалдары қаражат табумен қатар, Түркияның туризм саласының дамуына да өз ықпалын тигізіп отыр. Сәйкесінше, ол өз міндетін толыққанды атқара білді десек болады. Менің ойымша, елімізде сериал түсірудің арнайы моделі қалыптасуы қажет. Телесериал – бұқаралық мәдениеттің бір бөлігі ретінде көрермен аудиториясын қамти отырып, қызықты да тартымды сюжеті арқылы телеарнаның коммерциялық мүддесін қаншалықты қанағаттандырып отыр? Міне, бұл сұрақ төңірегінде сала мамандары жете ойланғаны абзал. – Режиссерлер қаражат аздығын кесе-көлденең тартады. Бір сериал түсіру үшін қанша қаржы жұмсалуы тиіс деп ойлайсыз? – Әрине, телесериал өндірісінде қаржы негізгі шешуші фактордың бірі. Ол өнімнің сапасына да тікелей әсер етеді. Мысалы, Қазақстанда 10-12 бөлімнен тұратын сериал түсіру үшін орташа есеппен алғанда жалпы көлемі 1,5-4 миллион теңге аралығында қаржы бөлінеді. Ал Түркияда сериалдың бір бөлімінің құны – 30-40 мың АҚШ доллары. Ресейдегі сериалдың бір бөлімін түсіру үшін 50 мың доллардай керек екен. Айырмашылық бар ма? Бар. Жер мен көктей деп айтар едім. Қаржының жетімсіздігінен жұтаң телеөнімдерді көпшілік назарына ұсынуға мәжбүрміз. Болашақта отандық сериалдың тақырыптық аумағы кеңейіп, сюжеттік желілерінің әралуандығы мен жанрлық тұрғыдағы өзгерістер орын алса, отандық өнімнің шетелдіктермен бәсекеге қабілеті артады деп ойлаймын. Ол үшін жоғарыда атап өткен бірнеше мәселелерге тиісті деңгейде көңіл бөліп, оны зерделеген абзал. P.S. Белгілі бір бейнені көре берсе, көрермен де жалығады. Кей актерлер бір образдан шыға алмай қалып жатады. Леонид Гайдайдың кинокомедиялары арқылы танылған Шурик (Александр Демьяненко) бір ғана образда ел есінде қалып қойды. Сол секілді қазақ актерлері де «бір бейнеде» сериалдан сериалға көшіп жүре бере ме? Бұл – бір. Екіншіден, сценарийлердің ұқсастығы тоқтар емес. Фильмнің сәтті шығуы – режиссер, мықты сценарий және актерге байланысты. Осы үштік тоғысқанда ғана мықты сериал түсіруге болады.Гүлзина БЕКТАС