Ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінде

Ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінде

«Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақын­дас­тыратын татулық тіліне айналуы тиіс». Достық үйінде өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы Ел­­басы сөзін негізге алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген форумға мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп жүрген филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысты.

Айта кетерлігі, Ассамблея «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді. Мұндай форумның мақсаты – мемлекеттік тілді еліміздегі түрлі этностар арасындағы ұлтаралық қатынас тілі ретінде насихаттау. Әдет­те­­гідей, жиында алдымен нәти­жеге тоқталып, артынша негізгі мәселе талқыға түсті. Бұл жолы қаты­сушылар 30 жылда тіл үй­­ренуге не кедергі болғанын әрі қазақ ті­лінің қолданыс аясын кеңейту жолдарын қарастырды. Қатысушылар арасында атал­ған сұрақ төңірегінде ой өр­біткісі келгендердің қарасы көп. Соның ішінде Ақпарат және қо­ғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов сөзі ерекше есте қалды. Ол ел бірлігінің негізі – тіл бір­лігінен бастау алатынын баса айтты. 2011 жылдан бастап тіл курстарына қатысқан өзге этнос өкілдеріне тоқталып, 500 мыңнан астам ел азаматы курстан өткенін жеткізді. Президент тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асы­рудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының басым тұс­тарын атап өтті. Одан кейін сөз алған Төлеген Мұхамед­жанов пен Елена Әбді­халықова да қазақ тілінің келе­шегіне алаңдайтынын, Ассам­блея­ның қажырлы еңбегі тіл сая­сатын сақ­тауға септігі тиетінін атап өтті. Дихан Қамза­бекұлы да тілдің тек байланыс құралы ғана емес, мәдениет пен зиялылық екеніне тоқ­талды.
«Шынымен, заман өзгерді, онымен бірге түсінік өзгерді. Қа­зір ұлт, этнос, мемлекет деген ұғымдардың барлығына жаңа сипат берілді. Мәселен, ұлт пен мемлекет – бір сипаттағы сөздер. Мысалы, ұлт дегенде Қазақстан мемлекетін, ұлы тіл дегенде Қа­зақ­стан мемлекетінің тілін ай­тамыз. Бүгінде Ассамблея айрық­ша зиялылықтың алаңы. Бұл алаң түрлі зиялы тұлғаларды шақырып, ой бөлісуге зор мүмкіндік туғы­­зады. Елдің бірлігін нығайту жолында ұшан-теңіз септігін ти­гізіп келе жатқан Ассамблеяның осындай алаңда мемлекеттік тілді дамыту ісін қолға алып отырғаны құба-құп. Бұл алаңның әлі де ғы­лым және білім саласындағы тә­жірибелі жастардың қаты­суымен сапасы арта бермек деп біле­мін», – деді Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ Әлеуметтік-мә­дени даму жө­ніндегі проректоры Ди­хан Қамзабекұлы.
Ал онлайн кездесуге қатысқан мемле­кеттік тілді еркін меңгерген 14 этнос өкілі қазақ тілінің қо­ғамдағы рөлі мен оны мең­герудің артықшылығы туралы айтып берді. Әрі тіл үйренемін дегендерге ақыл-кеңесін айтып, тәжіри­бесімен бөлісті. Сондай-ақ форумның басы-қасында жүрген Ассамблея төра­ғасының орынбасары Жан­сейіт Түймебаев Ассам­блеяның Абай мерейтойы аясында бірқатар ша­ра ұйым­дастырып, оған этнос өкілдері жаппай үлес қосқанын тілге тиек етті. Форум қатысу­шыларына, тіл мерейін ту еткен әрбір этнос өкіліне алғысын білдірді.
«Нұр-Сұлтан қаласында жү­зеге асқан алғашқы форумға бар­лық облыстан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұр­мыста қол­данып, мемлекеттік тілдің да­муына өзіндік үлес қосып жүр­ген жүзден астам (105) делегация келді. 130-дан астам ұлт жаста­рының арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік. Сондай-ақ биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республика­лық деңгейде онлайн поэзия фес­тивалін ұйым­дас­тырды. Нәти­жесінде, 1 000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дә­лелдеп шықты. «Әлемді аяла­ған сөз» деген атпен түрлі этнос өкіл­дерінің Абай шығар­машы­лығына арналған мақалалар топтамасы жарық көрді. Осы орайда, 130-дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ас­самблеясы жоғарыда жүк­­телген тапсырмалардың қан­­дай дәре­жеде орындалып жат­­қанын, түр­­­лі этнос өкілдерінің мем­ле­кеттік тілді іс жүзінде қан­­ша­лықты меңгергенін нақты дә­­лел­мен көрсетуді мақсат етіп отыр», – деді Жансейіт Түй­мебаев.

 Айбике ЖАНАСЫЛ