Қызылорда екінші толқынға дайын ба?
Қызылорда екінші толқынға дайын ба?
111
оқылды

Коронавирус пандемиясының екінші толқынына қарсы жұмыс жүргізіліп  жатыр.  Бірінші толқында адам шығыны көп болды. Бір үйден 3-4 адам қайтыс болып, жылаған жандарды көзіміз көрді. Жұмысы жүрмей, табысынан айырылған жұрт тамаққа ақша таппай  қиналды. Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған.

Осыған орай, өңірдің дайындығын айқындайтын ин­дикатор жүйесі енгізіліп, аймақтарда Денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, желтоқсанда пандемияның екінші кезеңі болуы мүмкін деген болжам бар. Соған орай облыстағы инфекция жұқтырған науқастарды уақытылы қамтамасыз ету үшін  дәрі-дәрмек тізімі   жасалуы қажет еді. Өйткені пандемияның бірінші кезеңінде  орын алған кемшіліктер, емханалық жағдайда жетіспеген дәрілік заттарға облыстық бас инфекционист са­рап­тама жасап, коронавирус және вирустық пневмония науқастарына 1-кезеңде қолданылған дәрілік препараттар негізге ала отырып,  COVID-19  індетін  емдеу хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмек  тізімді жа­салды. Ол дәрілік заттарды сатып алуға қажетті 350 млн теңге қаражатты құрылған қорға дайындап отырған көрінеді. Сондықтан қажетті  кезде 21 инфекциялық және провизорлық төсек-орындар қайта ашылатын болады. Оның жалпы саны – 300 орын. Сонымен қатар 200 орындық тез соғылатын модульді инфекциялық ауру­хананың құрылысы жүргізілуде. Соның арқасында жа­санды желдету аппараты 76 болса, бұл күнде 244-ке жетіп отыр. Бұдан басқа, Дүниежүзілік банк арқылы 47 дана ИВЛ аппаратының келуі жоспарланып отыр. Әйтсе де, жергілікті бюджеттен 4 флюро және 6 дана стационарлық  рентген  аппаратын сатып алу жоспарлануда. Екінші  толқынға жүйелі дайындық  жүргізілуіне орай  3 500  медицина  қызметкерінің резерві құрылды. Лизинг арқылы республикалық бюджеттен 40 дана автокөлік күтілуде. Оның 38-і  қазан айында, 2-еуі қарашада келмек. «Петро Қа­зақстан» компаниясының демеушілігімен Қазалы ауданында 1 оттегі стансасы салынатын болды. Ол Арал және Қармақшы аудандарын, Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете алады. Екінші оттегі стансасы «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен «Көпбейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ ҚМК базасынан салынбақ. Бұл аурухана  қала аумағы мен Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз етпек. Қызылорда облысында осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясының 3 249 жағдайы тіркелген. Соның ішінде клиникалық белгілермен 55,4,  клиникалық белгілерінсіз 44,6  жағдай анықталған. Коронавирус     инфекциясы бойынша барлық тіркелген жағдайдың 69-ы сырттан тасымалданған, қа­рым-қатынас арқылы жұқтырғандар 1 292, скрининг арқылы анықталғандар саны 1 888-ді құрап отыр. Коронавирус облысқа қарасты барлық ау­дандарда тіркелді. Басым көпшілігі, яғни 1 955 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде болды. Бүгінде облыс бойынша эпи­демиологиялық ахуал салыстырмалы түрде  тұ­рақты. 27 тамыздан бастап 10 қыркүйекке дейін коронавирус инфекциясы тіркелмеген. Қыркүйек айында 12 жағдай, қазан айында 6 жағдай анықталды. Халық арасында шек­теулер мен оларды орындалмағаны үшін жа­уапкершілікке тарту туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары  жүргізілуде, жұмысшы топпен биылғы жылдың 17 тамызынан бастап  бүгінге дейін 1 151 рейдтік тексеріс жүргізілген. Облыс бойынша жеке тұлғалар мен бизнес субъектілері тарапынан 325 карантин талаптарын бұзу фактісі анықталды. Бетперде режимі, дезинфекциялық режим сақталмайды. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар тарапынан үй-жағдайында көп адамды жинап, жиын-той өткізу толастар емес. Карантин талабын бұзушылықтар бойынша мониторинг тобымен әкімшілік хаттамалар толтырып, 28 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Коронавирустың бірінші толқыны халыққа оңай болмады.  Ал енді  екінші толқын болуы мүмкіндігі айтылуда. Оның  қалай өтуі өзімізге байланысты.  Сондықтан «саулық – сақтықта» дегенді назарда ұстаған жөн.

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы