Арман UFC жауынгері атана ма?
Арман UFC жауынгері атана ма?
169
оқылды

Көпшілікке «Сұңқар» лақап атымен танылған аралас жекпе-жектің шебері, Arlan MMA Pro командасының өкілі, қазақстандық файтер Арман Оспанов АҚШ-қа аттанды. Спортшы қазір Лас-Вегас қаласында жүр.

Әлемдегі беделді ұйымдардың бірі саналатын UFC-дің штаб-пәтері дәл осы қалада орналасқандықтан, Арманның онда баруы жанкүйерлер мен спорт мамандарының біраз талқысына түсті. Бұдан ертерек «осы жылдың көктемінен бастап Оспанов UFC-мен келісімшартқа отырды» деген сыбыстар да тараған. Болжам шындыққа айналатын секілді. Жалпы, Арманның спорт әлеміндегі кәсіпқой мансабына Ризван Магомедов пен ММА-дегі ең танымал менеджер Али Абдель-Азиз жауап береді. Білікті, тәжірибелі мамандардың араласуымен жақын арада UFC-мен келісімшарт мәселесі шешілсе, Арман атақты Jackson Wink MMA Academy залы орналасқан Альбукеркеге (Нью-Мексико штаты) бармақшы. Оспанов бұған дейін де бірнеше рет Грег Джексон және Майк Винлехонның жетекшілігімен жаттығу жасаған. Спортшының өзі де журналистерге берген сұхбаттарында Альбукерке жаттығу үшін ыңғайлы жер екенін бір емес бірнеше рет айтқан еді. Арман-мақсатын жүзеге асыру үшін шет ел асқан Арманның жыл соңына дейін кездесу өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Спортшыны Алматы әуежайынан шығарып салған спорт журналисі Дәурен Түлкібай аралас жекпе-жек шеберінің халыққа қуаныш сыйлар күні де жақын екенін айтты.
– Америкаға кетудегі негізгі мақсаты – әлемге әйгілі UFC тұжырымында атой салу. Аталған ұйыммен келісімшарт жасасып, сол жақта жаттығып, жылдың соңына дейін дебюттік кездесуін өткізуді жоспарлап отыр. 2020 жыл адамзат баласы үшін оңай жыл болған жоқ. Спорт әлемінде де көптеген маңызды кездесулер, айтулы жарыстар кейінге шегерілді, тіпті, кейбірінің өтпейтіні хабарланды. Біздің спортшылар да біраз қиындықтармен күресті. Арман да жылды жақсы қорытындылап, жанкүйерлерін қуантқысы, елдің мерейін үстем еткісі келеді. Біз де оның алдағы уақытта жақсы нәтижелер көрсетіп, жетістікке жететініне сенеміз, – дейді Дәурен.
Арман Оспанов таяуда ММАТИКА Youtube арнасына берген сұхбатында UFC-де кімдермен кездескісі келетінін айтып, келешектегі қарсыластары туралы бір ауыз пікір білдірді.
– Энтони Петтиспен жекпе-жек өткізгім келеді. Оның соққысы жойқын әрі техникасы мықты. Яир Родригеспен де кездесу ойда бар. Яирмен Америкада спаррингке шыққан болатынмын. Өте мықты спортшы. Хосе Алдомен де UFC-де жолымыз түйіссе керемет болар еді. Ол үшін мен өзімді әрқашан жоғары деңгейде, жақсы қырымнан көрсетуге тиіс­-пін, – деді спортшы.
Айтпақшы, Арман осы жылдың маусым айында Қазақстанда өтуі тиіс UFC турнирі аясында бір жекпе-жекке келісімшарт жа­сағысы келген. Алайда COVID-19-ға байланысты турнир өтпей қалып, бұл ұм­тылысынан ештеңе шықпады. Спортшы жыл­дың соңына дейін UFC алаңында қалайда бір кездесу өткізу үшін беделді ұйыммен келіссөздер жүргізуде. Арманына жету үшін шет ел асқан Арманның сүйінші жаңалығы да жалпақ жұртқа жария болып, АҚШ төрінде қазақстандық файтердің дебюттік кездесу өткізер күні де жақын.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ