9 қарашада Павлодар облысында 9 блокбекет қойылады
9 қарашада Павлодар облысында 9 блокбекет қойылады
Шығыс Қазақстан облысымен шекарада 2 блок бекет орнатылады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
- Павлодар қаласының аумағында 5 блок бекет қойылады. Бекеттер көктемдегі орындарына орнатылады. Ақсуда 2 блок бекет қойылады. Олар Ақсу-Евгеньевка бағытындағы жолда және Ақсу кенті мен МАЭС маңында болады. Сондай-ақ індет өршіп тұрған Шығыс Қазақстан облысымен шекараласатын Аққулы және Май аудандарында блок бекеттер орнатылады, - деді Жасқайрат Қайыров.
Блок бекеттерден pvlinfo.kz рұқсат беру сайтына тіркелгендер, жұмыс орнынан анықтамалары бар адамдар және медициналық қызмет алуға келгендер ғана өткізіледі.
- Оған қоса, облыста мониторинг топтарының саны 22-ден 40-қа дейін жеткізіледі. Отбасылық және басқа да шаралар өткізуге, карантиндік талптарды сақатуға қатысты қатаң бақылау жасалады. Ереже бұзушылықтар анықталса, 83 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады, - деді Жасқайрат Қайыров.
Сонымен қатар, қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы тоқтайды. Тек қала маңындағы және қала ішіндегі қоғамдық көліктер жұмыс күндері әдеттегідей қозғалысын жалғастырады. Ал, демалыс күндері тоқтайды.
- Темір жол қатынасына келсек, бұған дейін Павлодар-Алматы бағытындағы №31 пойыз күн сайын қатынайтын. Енді күн аралап жүретін болады. Уақыттары кейін хабарланады. Ол пойыз тек ірі станцияларда ғана тоқтайды. Олар: Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Бозшакөл станциялары. Ұшақпен ұшу кезінде және пойыздарға мінерде ПЦР нәтижесі қажет емес, - деді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а. Диана Мұханова.